Біздің қазақ халқы үшін бірінші орында отбасы – басты құндылық та, шаңырақ – қасиетті де киелі ұғым. Әрбір әулеттің тарихы, әрбір жанұяның бақыты осы шаңырақтан бастау алады. Қазақта «Қырық жылды қырық қазына, ал елу жылдық өмірді – алтын қазына деп жатады. Сол елу жыл, яғни жарты ғасыр бойы қол ұстасып, өмірдің барлық сынағын бірге көтеру – тек махаббат пен сыйластықтың, сабыр мен төзімнің арқасында ғана болуы мүмкін. Елу жыл – аз уақыт емес. Бұл – бірге өткен жастықтың жалынды күндері, өмірдің тәтті сәттері мен сынақтары, бала тәрбиесі, немере қызығы, жүректе мәңгі сақталатын тарих. Бір шаңырақ астындағы тыныштық пен береке – сол ерлі-зайыптылардың жүрек жылуы мен даналығының көрінісі, сыйластық пен мейірімнің жемісі. Бүгінгі біздің кейіпкерлеріміз, Ақсай қаласының тұрғындары асқар тау әке - Төлепберген аға мен ақ жаулықты ана Ханзада апаның отасқандарына 50 жыл.

Төлепберген аға өзінің бүкіл ғұмырын адал еңбекпен көлік жүргізушілікке арнаған жан. Ол жігіт боп бой түзеген шақтан бастап, көлік тізгіндеп, 1971 жылы жүргізушілікті арнайы оқып, аяқтап еңбекке араласқан. Кейін 1972-1974 жылдары отан алдындағы борышын өтеуге аттанып, ол жақта да көбіне көлік тізгінінде болған. Ал Ханзада апамыз адамға рухани азық сыйлар мәдени орын – кітапханада кітап пен оқырман арасындағы алтын көпір- кітапханашы болып еңбек еткен. Осындай адал еңбектің арқасында екеуі де зейнеткерлікке жетіп, бүгінде олар 6 перзентінен тараған 8 немере мен 5 жиеннің ардақты атасы мен әжесі.
«Жарты ғасырдан астам уақыт бір шаңырақ астында өмір сүрудің сыры неде?» деген сұрағымызға Төлепберген аға:
- Адал махаббатта, азаматтық тұрақты сезімде,- деп жауап берді. «Біз бала кезімізден біргеміз. Бір класта, бір партада отырдық. Былайша айтқанда мен Ханзаданы тұлымы желбіреген бала, ақ бантик таққан балауса шағынан бастап білемін ғой» деді күлімсіреп. Сол бала махаббат бізді, шалалық емес, даналыққа жеткізді.
– Әрине, өмір болған соң түрлі қиындықтар, тұрмыстық ұсақ-түйек мәселелер болмай тұрмайды. Бірақ жастайымнан отбасы беріктігінің негізі – сыйластық, сенім және шыдамдылық екенін түсіндім. Жасым 70-тен асса да, әлі күнге отағасын жақсы көремін, сыйлаймын. Ең бастысы – уақытша қиындықтарға берілмеу. Нағыз бақыт – бір-біріне сүйеніш болып, өмірдің әр сәтіндегі кездескен жақсылы-жаманды сәттерді бірге өткеру, – деді сөзді жалғаған Ханзада апа.
Бала шақтан бірге қол ұстасып келе жатқан жарасымды ғұмыр иелері, ұл-қыздарына саналы тәрбие беріп, өсіріп-жетілдіріп, бүгінде әрқайсысы бір-бір үйдің түтінінін түтетіп отыр. Бір қызығы Дихан, Дамир, Дидар, Елдар есімді 4 ұлы да әке жолын жалғап жүргізуші мамандығымен көлік тізгіндеп, бірі Астана, бірі Орал, Ақсайда еңбек етіп жүрсе, қыздары Жайнагүл аудандық аурухананың бас эконамисті болса, екінші қыздары Жангүлім Ақсай техникалық колледжінде мұғалім. Бәрі де отбасылы жандар.

«Бір ауылда, бірінші сыныптан бастап бірге оқып, балалық шағымыз бен жастық шағымызды да бірге өткізіп, осылайша бір ғұмыр боп жалғастық қой» деген сөздерін біз де іліп әкетіп,
«Махаббат дастаны қай кезде басталды? Жастық шаққа бір оралыңыздаршы..»,- дедік.
Төлепберген аға сабырлы үнмен жұбайының даналығын, төзімділігін ерекше бағалайтынын айта келіп, ападан бала кезден аңғарған мінезге бай, салмақтылығы, жігіт боп бой түзеген шақта да өзіне тартып, жақын еткенін, ғашық еткенін жеткізді.
- Ағаң маған айтатын: «Сен 54 – жылғылармен неге оқып жүрсің? -, деп. Мен: «Сенен қалмайын деп жүрмін ғой»,- дейтінмін. Періште «әумин» деген болар, солай қалмай ілестіріп, осы жолға жеткізді ғой бірге (күліп)
- Еске алатын жастық шақтың, жас отбасылық өміріміздің бақытты сәттері көп болды, шүкір. Әскерге кетпес бұрын көңілін білдіріп жүрді, әскерден келген соң отбасы құрдық. Атам өмірден ерте кеткен екен, енем, 2 қайынсіңілім, 1 қайын інім болды. Өзім үйде 7 қыз,1 ұл боп өстік. Енем сондай жайлы кісі еді, жарықтық. Маған сенім артып, қолдап отырды. Мен келін боп түскен соң зейнетке шықты. Зейнетақысын мен қолына әкеп беретінмін. Бірақ ол кісі кейін түгел маған беретін. «Өзің ұқсатып, үйдің керегіне жарат» дейтін. Қарттық жеңіп, 84 жасында көзі көрмей қалды. Анамнан көрген тәрбиеммен енемді қарап, барымша қызмет қылдым. 91 жасында дүние салды. Батасын жаудырып өтті. Шүкір, сол батаның арқасы деп ойлаймын осы бақытымды,- деді Ханзада апа бақытты жүзбен өткенін есіне алып.
Өзі айтып өткен 2 қайын сіңілісін қолдарынан ұзатып, қайын інісін үйлендіріп аға-жеңгелік ізгіліктерін көрсеткен ғибыратты ғұмыр иелерінің әр ісі үлгі аларлықтай еді.
Әңгімеміздің соңында: «Бір-біріңізге қандай қасиеттеріңіз үшін алғыс айтар едіңіздер?» деп сұрадық.
– Отағасының бірге кешкен 50 жыл ішінде де, осыған дейінгі жастық шақтың жылдарында да оның ешқандай жаман қасиетін есіме де түсіре алмадым, өте кешірімді, сабырлы, бәріне түсіністікпен қарады., – деп апа күлімсірей жауап берсе,
– Адам өмірінде жар таңдаудан асқан маңызды қадам жоқ. Мен өз жарымды адаспай таңдадым деп мақтанышпен айта аламын. Бізге қарап, балаларымыз бен немерелеріміз де бақытты ғұмыр кешсін деп тілеймін. Ұрпағымыз саналы, аман, еліміз тыныш болсын! – деп Төлепберген аға әңгімесін ақ батамен аяқтады.
P.S: Өмір жолы – еңбекпен өрнектелген, мейіріммен көмкерілген өнегелі ғұмыр. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы бір-біріне сүйеу болып, үлкен бір әулеттің тұтқасын ұстаған бұл отбасы, қазіргі жастарға үлгі боларлық, берекелі отбасы болудың жарқын үлгісі.
Берекесі жарасқан, айналасына жылу мен мейірім шашқан отбасылар қай кезде де көпке үлгі.
Сәнім Меңдібай
Бөрлі ауданы