17.12.2025, 15:30
Оқылды: 11

«Ату жазасынан анам құтқарды»

WhatsApp Image 2025-12-17 at 15.23.26

– 18-і күні қайтадан алаңға шықтық. Алаңда Қазақстанның сол кездегі бас прокуроры, есімін ұмытып тұрмын, Елемесов деген азамат пен зиялы қауым өкілдері дауыс зорайтқышпен «Жастар, заңды бұзбаңдар! Ата-аналарыңа, үйлеріңе қайтыңдар!» деп сөйлеп жатты.  Содан жастар жер-жерден қол жинап, талаптарымыз көрсетілген петиция жаздық. Сол қағазды тапсырып жатқанда мен камераға түсіп қалғанмын. Кешке дейін алаңда жүріп, үйге оралдық. Ертесіне таңмен жұмысқа жиналып жатыр едім, үйге түрлері сұсты мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің екі қызметкері сау етіп кіріп келді. Маған келгенін бірден түсіндім. Кабинеттеріне алып барған соң ұрып-соғып, азаптау басталды. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің майоры Петрович деген болды. Оның бет-бейнесін өмір бойы ұмытпаймын. Сол қабырғаға тұрғызып қойып, кастетпен ұрды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін оны іздедім, бірақ таба алмадым. Ұмытпасам, есім-сойы Тетеркина деген прокурор есіктен қарап тұрды. «Қасыңда кім болды?», «Алаңға баруға кім ұсыныс айтты?» деген сұрақтардың астына алды. Мен «Алаңға бейбіт митингке бардым. Қасымдағы адамдардың бірде біреуін де танымаймын. Қолымда қару да, пышақ та болмады. Тәртіп сақшыларына қол көтерген жоқпын» дедім. Орысша еркін сөйлегесін  шығар, кеште қолыма сот отырысы  туралы повестка беріп, шығарып жіберді. Сот отырысы өткенше қаладан ешқайда кетпейтіндігім туралы қолхат жаздырды. Ата-анам Оралда тұратын. Әкем Ахмет Сүндетов – Ұлы Отан соғысының ардагері, анам Надежда Құрманәлиева республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер еді.

Жағдайды естіген соң анам бірден Алматыға келіп, менімен кездескеннен кейін Колбиннің қабылдауына жазылды. Бірақ ол қабылдамады.

Менің ісім бойынша тергеушілер де ауыса берді. Ақыры Әуезов аудандық соты үкім шығаратын болды. Прокурор Әбдірахманов анама «Апа, ұлыңыз ҚазКСР Қылмыстық кодексінің 65-бабы, яғни Отанға опасыздық жасау, мемлекетке қарсы агитация жүргізу бойынша сотталайын деп тұр. Бұл баппен 25 жылға сотталады немесе ату жазасына кесіледі. Бүгін балаңыз қамауға алынады. Сондықтан сізде бір мүмкіндік бар. Мен шешім шығарғанша, балаңызды алып қашыңыз» деген. Анам ойланбастан, мені жасырын түрде Жамбыл облысына алып кетті. Сонда ағам тұратын. Елге келсек, іздеп келетінін білдік. 1989 жылға дейін, яғни мен ақталғанша сонда тұрып, ақталғандығым туралы куәлігімді алған соң ғана елге, яғни Батыс Қазақстан облысына кері көшіп келдік, – деп бастады әңгімесін желтоқсаншы жерлесіміз Әбілахат Сүндетов.

Сырым ауданында туып, бүгінде Орал қаласында тұратын Әбілахат Ахметұлы аудан орталығындағы мектепті бітіріп, кейін әскери борышын өтеп оралған соң 1986 жылы білім алу үшін арман қуып, Алматыға аттанады. Мақсаты – жоғарғы оқу орнына түсіп,  маман атану және өмірлік серігін кездестіріп, ата-анасына келін алып келу болатын. Алайда бабы ма, әлде бағы ма шаппай,  жоғарғы оқу орнына түсе алмай қалады. Содан шаһардағы поршень зауытына жабдықты баптаушы (наладчик) болып жұмысқа орналасады.

Зауыт техника, яғни машина, тракторлардың поршень бөлшектерін шығаратын. Кәсіпорындағы жұмысшылардың дені қазақтар болған.  Содан 16 желтоқсан күні кешкі сағат 17:00 шамасында кейіпкеріміз жұмыстан шығайын деп жатқанда қасындағы азаматтардан орталық алаңға қазақ жастарының бейбіт митингке жинала бастағанын естиді.

– «Бүгін ұзақтығы 10 минутқа жетпейтін пленум өтіп, онда бірінші хатшы Дінмұхамед Қонаевты жұмысынан босатыпты. Оның орнына бұрын елімізде жұмыс істемеген, жергілікті халықтың тарихынан, мәдениетінен мүлдем бейхабар адам тағайындалыпты. Ол – Ульянов облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Геннадий Колбин екен. Соған наразылық білдіру мақсатында бейбіт митингке жастар жиналып жатыр» деді.  Біз де Мир көшесі жағынан алаңға бет алдық. Алаңға қарай бет алғандарды милиционерлер тосқауыл жасап, өткізбей тұр екен. Ол жерде шамамен мыңнан астам жастар жүрді. Солардың көмегімен милиционерлердің тосқауылынан өтіп, шерушілердің қатарына қосылдық.

Алаңдағы жастар ұсыныс-талаптарын айтып, ұрандай бастады. Жастар Қазақстанға қазақ ұлтынан немесе Қазақстанда туған басқа ұлт өкілдерін неге сайламайды деген ұсыныс-талаптарын жанжақтан айтып жатты. Қолдарында «Әр республикаға өз елінің басшысы!» деген бағытта көптеген ұран болды.

Жалпы шеруші жастар сол күні жайбарақат, көңілді, ешқандай бұзақылық іс-әрекетсіз тұрды. Мінберге шығып сөйлеген басшылардың бірде-бірі көңілге қонымды мардымды сөз айтпады. Егер сол күні дұрыс шешім қабылданғанда, жастардың ұсыныс-талаптарын қанағаттандыра алғанда, ешқандай қантөгіс болмайтын еді. Әттеген-ай!...

Жастарды ұрып-соғады деген ойымызға да келмеді. 16-желтоқсан күні бәрі бейбіт түрде өтті. Милициялар да өз еліміздің азаматтары еді. Жағдай 17 желтоқсан күні шиелінісе түсті. Свердловтан мұздай қаруланған арнайы екі әскери батальон келді. Арнайы әскери жасақтар шеруші жастардың алдыңғы шебіне жеткен бойда жастарды ұрып-соға бастады. Таяқ жеп, есеңгірегендерін сүйрелеп, өздерімен бірге алып кетуге кірісті. Шеруші жастар да естерін жиып, арнайы әскери жасақтармен текетірес басталды. Осылай екі жақ екі-үш сағаттай алысты.

Қатты жараланғандарды жедел жәрдем машинасы әкетіп жатты. Бұл әрекеттерінен түк шықпаған соң алаңға өрт сөндіргіш машиналарды шығарды. 20 машина лафетті ұңғыдан су шашып, жұртшылыққа қарай лап қойды. Олар қыстың күні қырауда жастарға су шашып, нағыз аяусыздықтың шегін көрсетті. Басымызда бөрік те жоқ, мұздай судың ызғарын әбден сезіндік. Қасымда інім, яғни ағамның баласы бар еді.

Әскери жасақтан екеуміз қашқанда қасымызда тұрған қыз бала тайып құлап, оны бір солдат дубинкамен ұрып, қолын қайырып жатқанда, бауырым екеуміз жүгіріп келіп, әлгі милицияның басынан теуіп, жерге құлаттық.

Содан қызды тұрғызып алып, қолынан жетектеп, қашып үлгердік. Қолдарында дубинка, үстерінде бронежилет киген әскерилер қыздарды да аямады. Шаштарын сүйрегендерін көзімізбен көрдік. Бірақ оларды құтқара алған жоқпыз. Ленин даңғылы бойында шекара қызметінің арнайы көліктері қатты жылдамдықпен келіп, алдымыздағы үш-төрт жігітті тапап өтті. Біз қашып үлгердік. Әскери жасақтан тыс жастардың арасында да, яғни қарапайым тұрғын секілді киінген, бірақ қолдарына оралған газет ұстаған адамдар да жүрді. Газеттің арасында арматура екенін көрдік. Олар да жастарды ұрып жатты. Қыстың күні үсті-басымыз малмандай су болып, бір төбелесіп, бір қашып, алаңнан шықтық. Су киіммен әрі қарай жүру мүмкін болмаған соң, түн ортасы болғанда қасымдағы бір-екі  жігітпен  үйге  қайттық, – деді кейіпкеріміз.

Әбілахат Ахметұлы Желтоқсан оқиғасына қатысып, істі болып, кейін ақталған соң елге оралады.  Орал қаласында шаңырақ көтеріп, Рахима есімді жар сүйді. Өкінішке орай, жұбайы 2009 жылы қатерлі ісікке шалдығып, жарық дүниемен қоштасқан. Бүгінде Әбілахат Ахметұлы ұл-қызының жанында, немере-жиендерінің сүйікті атасы  болып  ғұмыр  кешуде.

Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале