1.01.2026, 12:00
Оқылды: 79

Жылқы жылы: даму көкжиектері

Әдетте «Ескі айда есірке, жаңа айда жарылқа» деп тілек тілеп, әр күннен, айдан, жылдан жақсылық күтеміз. Жер күнді 365 күнде айналып шыққанда Жаңа жыл келді. Оның әрқайсысымызға ізгілікті, бақыт пен көл-көсір қуанышты, несібе-ырыздығымызды әкелері шүбәсіз. Шығыс елдерінің жылнамасы бойынша алдағы Жылқы жылында ешқандай қауіп-қатерсіз, мамыражай тірлік болады деп болжанады. Оны жылқы малының өзіне тән қасиеттерімен, қасиетті жануардың өз иесін ерекше жақсы көретіндігімен байланыстырады. Сондықтан да  алдағы күнтізбелік Жаңа жылға елімізде тыныштық, экономикада даму болады деген сәулелі үмітімізді артамыз.

Chinese New Year 2026, Year of the Horse. Digitally generated image. 3d render.

Сурет: istockphoto.com

Шүкір, тарих қойнауына енгелі тұрған жылан жылы өңіріміз үшін табысты, берекелі жыл болды. Әрине, «Басы қатты болса, арты тәтті болады» демекші, көктемгі су тасқыны оқиғасы ел-жұртты әбігерге салғанымен, бұл қиындықты  ел болып, ауызбіршілікпен еңсердік. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика байқалуда. Бұл облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы ұсынған ақпараттарға сүйеніп айтылған тұжырым. Облыста ағымдағы жылы  бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылды. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібі саласында жоба құны 9,4 млрд теңге болатын төрт жобаны іске қосу жоспарланып, сәтімен іске қосылды.  Оның ішінде: Орал қаласында «Қуаттылығы жылына 20 000 тонна қоспа өнімдер өндірісі» жобасы (жоба құны – 6 млрд теңге), Бәйтерек ауданында  «Құрғақ қоспалар өндірісі» жобасы (жоба құны – 1,5 млрд теңге), Орал қаласындағы «Тұрмыстық химия өндірісі» жобасы  (жоба құны – 1,2 млрд теңге), Орал қаласындағы «Алюминий сымдарының өндірісі» жобасы («Орал электрик» компаниясы, жоба құны – 0,7 млрд теңге).

Жылан жылы өңдеу саласындағы өндірістік өлшемдер бойынша ғана емес, ауыл шаруашылығы бағытындағы жобалар да қолға алынды. Агроөнеркәсіп саласында жалпы құны 8,8 млрд теңгені құрайтын алты  жоба «жандандырылды». Олардың қатарында екі сүт тауар фермасы және бордақылау алаңдары бар. Сонымен қатар жүзеге асырылған ірі жобалар қатарына Орал қаласындағы күні кеше ашылған «West Plaza»  қонақүй кешенін, көтерме тарату орталығы мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт залын және Жәнібек ауданындағы мәдени спорт кешенін  жатқызуға болады.

Енді тарих табалдырығын аттағалы тұрған жылқы жылында өңірдің дамуына оң серпін беретін және жаңа жұмыс орындарының ашылуына сеп болатын агроөнеркәсіп, өңдеу өнеркәсібі, туризм және өзге де салаларда ірі жобаларды жүзеге асыру көзделген. Олардың бірқатары шетелдік инвестордың қатысуымен индустриялық аймақта қолға алынады. Одан басқа жергілікті инвесторлардың бастамасымен жүзеге асырылатын «Ақ Жайық» сауда орталығының құрылысы, «Қонақүй құрылысы» және басқа да жобаларды атап кеткеніміз дұрыс.

Биыл өңірге 567 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды.  Оның 80%-ы немесе 453 млрд теңгесі – жеке сектордың үлесінде.  Алдағы бес жылда 4,4 трлн теңгеге 73 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылмақ. Жылан жылы өңірге шетелдік капитал тарту бағытында біршама шаруа атқарылды. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев бастаған делегация Чехия, Ресей, Иран, Қытай және Оңтүстік Корея елдерінде болып, бірқатар әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізгені мәлім. Өнеркәсіп, құрылыс, медицина, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларында жалпы құны 1 трлн теңге болатын жобалар бойынша меморандумдарға қол қойылды. Жақсы бастамалардың арасынан қытайлық инвесторлармен бірлескен «Batys POWER» компаниясының газ турбиналы электр стансасының қуатты 414 МВт-қа дейін арттыру,   «ZhaikPetroleum Ltd» және Қытайдың «Foshan City Construction Engineering Co» компанияларының метанол өндіру кешенін салу жобаларын ауыз толтырып айтуға болады.   Одан басқа қытайлық компания «Киік етін қайта өңдеу», Чехияның «Склострой» компаниясы «Контейнерлік шыны өндіруге арналған жабдықтар шығару» жобаларын жүзеге асырады. 2025 жылы өңірдегі мал баққан шаруа адамының көңілін тоғайтқан маңызды жобаға келсек, ол ирандық «Персист-Kaзах» компаниясының Оралдағы «Пуш Руно» тері өңдеу зауытының жұмысын қайта жаңғыртуы болды.

Аталған басқарма мәліметі бойынша 2025 жылдың 1 желтоқсанында облыста жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 59 949 бірлікті құрады. 2024 жылдың сәйкес кезеңіндегі (2024 жылдың 1 желтоқсанына – 58 147 бірлік) көрсеткішпен салыстырғанда 3,1%-ға өскен. Мұның өзі тұрғындардың өз бетімен нәпақасын тауып, кәсіпкерлікке ден қойғанын, сонымен қатар еліміздегі кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы мемлекеттік  бағдарламалардың шапағатын көруге ұмтылысын аңғартады. Жалпы өңірлік өнім көлеміндегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 36,7%-ға жетті. Бұл  кәсіпкерліктің даму көрсеткішінің күллі еліміз бойынша үздік бестікке кіретінін  нақтылайды.

Өткен жылға өкпе жоқ.  Басталғалы тұрған 2026 жылы жоспарланған жобалар сәтімен жүзеге асырылып, жаңа жұмыс орындары көптеп ашылып, халықтың әл-ауқаты көтерілсе дейміз. Экономика өрге тартқан сайын ел-жұрттың қабағы ашылып, жақсылықтар молая бермек.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале