13.01.2026, 16:00
Оқылды: 912

Оралдың «Музей апасы»

Сара Танабаеваны танымайтын кім бар дейсің бұл өңірде! Соның ішінде көңілі ояу, көзі қарақтының бәрі Жайықтың «Музей апасы» деп біледі. Елдің қойған аты, тағып берген еншісі!  Қазақтың тарихында елден ат алып, атақ тағынған мықтылар бар ғой, әрине.

dda29f53-2d67-469d-bd31-3d862bbcac05

Хәкім Абай, Сал Мұхит, Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ... Ғасырларға аңыз  болып кеткен ғарыштық биіктіктегі есімдермен салыстырғандай болып кеттім бе, ғафу өтінемін! Бірақ  әркімнің өз биігі бар, әр саланың да.

Менің бүгінгі кейіпкерім Сара сол өз саласының биігін бағындырып, өзі еңбек еткен саласын оқшау биікке  көтеріп, ақырында «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген  жарқыраған төсбелгіні Қазақ өкіметі кеудесіне тағып берген азамат  адам ол.

Оралға қазақ атаулының орналасып кете қоюы қиындау 1969 жылдың мамыр айында облыстық өлкетану музейіне кіші ғылыми қызметкер болып қызметке тұрыпты Сара. Оған шейін жұмыс таба алмай, тіпті, қолы шебер, тігінге икемі бар болғасын Клара Цеткин тігін фабрикасына да барған кезі бар көрінеді  тігіншілікке алуларын сұрап. «Ойбай, мынадай жоғары білімі бар адамды жұмысшылыққа ала алмаймыз» деп кері қайтарыпты ондағылар. Музейге сол кіріскеннен мол кірісіп, табан аудармастан 44 жыл еңбек еткен. Оның 24 жылы – директорлық.

Кім білген, бүгін «Музей апа» деп отырған Жайық жұрты бір күндері «Музей Сара»  деп  кететін  шығар.  Саралар бар, «Музей Сара» – біреу!

«Сыры кетсе де, сыны кетпеген...» деген сөзді айтады ғой әдетте, жасы біршамаға жүгіріп келіп қалған әйел адамға, мен айта алмай тұрмын соны. Сыры да, сыны да орнында ғой, орнында Сара жеңгемнің.  Жан шуағынан, жүрек тазалығынан болар, мүмкін, өзінің де жәдігер сияқты сақталып келе жатқаны. Әлде, сол жәдігерлерді, яғни, туған елдің тарихын өмір бойы бір-бірлеп, тырнақтап жинаған жанқиярлық еңбегінің өтеуі ме екен? Тарихи жәдігер дегендер де тегін дүние емес қой... бір тылсым  күш бар онда.

Сара Есқайырқызы туралы жазылған мақала, үзік сырлар көп. Кітап та бар. Телевидение, радио қорларында не бір жоғары лауазымды адамдардың алдында таяқшасын қолына алып, музейге тіл бітіре сайратып түрған бейнетаспалардың талайы жатқан шығар-ау, теріп алатын адам болса. Орысша ма, қазақша ма, тосылу дегеніңді білмей, ағытады-ай келіп тарих сырларын түйдек-түйдегімен. Қараудан жалықпайтынмын облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сара Танабаеваның өзі экскурсовод болып таныстыру жүргізген хабарларды.

өлкетану мұражайы (1)

Көркіне ақылы сай келісті келіншектің киім киісіне  де тәнті болып жүретінмін ылғи. «Қайдан киінеді екен, ешкімге ұқсамай» деген қызығушылық та тұратын сол тәнтіліктің тасасында. Кейін білсем, дизайны бөлек костюм, көйлектерді  қызы  Айнұр ойлап шығарып, тігіп береді екен  ғой. Жаңа айтып кеттім, Сараның еңбек жолы туралы жазылған дүниелер көп, өзінің де «Келбет», «Музей-ғұмыр», «Тағылым» және  ғалымдар К. Байпақов, М. Сыдықовтармен бірігіп жазған «Древнее  сокровище Западного Казахстана» деген кітаптары бар музей жұмысын жүргіземін деушілер үшін көмекші құралға бергісіз.

«Батыс өңірдің қолөнер туындылары», «Жауһар» атты екі альбом-каталог жасап шығарған, мәтіндерін түгел өзі жазып. Не бір қызықтар, деректер жоқ дейсіз ол кітаптардың ішінде. Шынайы, шындық толы, ғибрат толы жазбалар...

Жарайды, қызыққан адам тауып алып оқыр, иә болмаса, Сараның өзіне барып, өз аузынан тыңдар оның кітапқа бергісіз әңгімелерін.

Бір бастап кетсе, таңды-таңға соғып айта беруге бар музей жайлы, музейге қай жәдігердің қалай келгені, өткен жылдар, шегіністер мен жеңістер туралы.

Өзі тарихшы. Туған ел тарихын «5»-ке білгеннен де болар, әйтеуір Сараның экскурсоводтық үлгісі бөлек. Жаттап алып, жасанды үнмен зудыратпайды ол, сондай бір жылылықпен, өткенге деген зор құрметпен, білгірлікпен әңгімелейді еліміздің бұрынғысын, кейіпкерлердің бастан кешкендерін. Қызыға да, қызықтыра  баяндайды.

...Күй-анасы Дина Нұрпейісованың көйлек, шапан, кимешегі тұр ғой музейде, барып жүрген болсаңыз, түскен шығар көзіңізге.  Бір барғанда, тіпті күні кеше, яғни, Сараның әжептәуір жасқа келіп қалған шағында, сол киімнің тігісінен ыдырап, үгіліп тұрғанын байқайды ғой, анда-мұнда көрмелерге апарып-әкеліп жүргеннің салдары, әрине. Көне бұйымға көп күтім керек... Содан, Сара әлгі костюмді үйге алып кетіп, көз майын тауысып өз қолымен «реставрациялап» береді. Тегін, әрине. Өйтпесе, Сара  бола  ма...

Жаңақаланың келіні, оның ішінде Дина шешеймен рулас адамның  жолдасы ретіндегі  парызы демей-ақ қояйын, «Музей апа» деп осы  бір тынымсыз еңбекқорлығы, музей ісіне шын берілгендігі үшін берген атаққа сай қимылдаған деген осы емес пе! Бұл мен білетін бір ғана мысал. Ал, үндемей жүріп тындырған  қаншама үлкен істері тасада қалмады дейсіз... реставраторлар 15 миллион сұраған 20-ның үстіндегі жәдігерлерді еңбегін бұлдамай-ақ тегін жаңғыртып, жаңалап берген! «Бозторғай да тегін сайрамайтын» заманда  мұндай мәрттікті кездестіру қиынның қиыны екендігімен  келісетін  шығарсыз.

Көзге көрінбейтін рухани қызмет деген болады, басқасын былай қойғанда. Сол рухани демеушіге айналған Сара апаларымен жиі ақылдасып отыру дәстүрге айналған бұл ортада, музейшілер арасында. Осындай әдемі ғұмыр кешіп келе жатқан Сараның қуат көзі, әрине, отбасы. Домбыраның қос ішегіндей үндескен жан серігі – Қазақстанның құрметті журналисі Тихон Әліпқалиев елге танымал, айтулы тұлға.

Ұлы Ернар Әліпқалиев – екі университет бітірген, білімді, айдынды азамат. Оралда тұрады. Қыздары Айнұр Әліпқалиева – психотерапевт дәрігер. Облыстық психиатриялық ауруханада әскери комиссияда, жалпы біздің өңірдің медицина саласында   20 жыл еңбек етіп, Канадаға көшіп, сол жақта мамандығы бойынша қызмет істеп жүр.  Баласы Дәрмен, келіні Даниямен бірге тұрады.

Дәрмен – КИМЭП-ті бітірген, халықаралық қатынастар магистрі. Канадада тағы бір университетті үздік бітірді, политология-саясаттану магистрі. Ал Дәрменнің ұлы Қайсар он жаста, хоккей ойнайды, шеберлігімен көзге түсіп жүр. Қыздары Айя екі жаста, Сарекеңнің бұрқытып Канадаға барып, шөбере жиенді бағып келіп жүретін жайы да бар, ал керек болса!

Екі ғасырдың куәсі, өңіріміздің рухани-мәдени саласына қалтқысыз қызмет ете білген, музей ісінің әр сатысында, әр жәдігерінде қолтаңбасы сайрап жатқан Сара қай жағынан да саралап бере алады кеше мен бүгіннің   тынысын.

Жақсысына балаша қуанып, жаманына жабырқап дегендей... Қоғамның адамгершілік қасиеті кемімесе екен деп  тілейді  ол.

Тілегі қабыл болсын!

Асыл жеңгемізді толып отырған 85 деген қарқаралы жасымен құттықтап, бекзат тұлғасына тік тұрып қол соғамыз!

Дариға Мұштанова,

халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының 

иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі

Ақын Меңдібек Лұқпановтың мына бір керемет арнауы да осы жерге сұранып тұр екен, қосып қояйын:

Жәдігер  жүрек

Оның өмірі жәдігер жылдардан жоғалмайтын.

Оның көңілі жәдігер тозбайтын, тоналмайтын.

Оның сағынғаны жәдігер өткеннен оралмайтын.

Оның сағым әні жәдігер жеткізбей жол арбайтын.

Оның күлгені де жәдігер бұйымдай көз арбаған.

Оның білгені де жәдігер жан басып оза алмаған.

Оның сөйлегені жәдігер сыр шерткен сан ғасырдан.

Оның көйлегі де жәдігер табылған жан қасынан.

Оның алқасы да жәдігер – жәдігер сырғасы да.

Оның ортасы да жәдігер жәдігер жолдасы да.

Оның уақыты да жәдігер секундтар соқпай қалған.

Оның бақыты да жәдігер басына бақтай қонған.

Оның елі де жәдігер қалған жұрт ұрыста аман.

Оның демі де жәдігер тереңнен тыныстаған.

Оның жүрегі де жәдігер жәдігер жүз-бейнесі.

Оның тілегі де жәдігер тәңірге үзбей енсін.

Оның аңсары жәдігер жәдігер арманы да.

Оның саусағы жәдігер жәдігер бармағы да.

Оның көзі де жәдігер көненің көзіндей-ақ.

Оның сөзі де жәдігер аңыздың өзіндей-ақ.

Өткені де жәдігер жәдігер ғұмыры да.

Көктемі де жәдігер жәдігер тұғыры да.

Оның қаласы да жәдігер жәдігер даңғылы да.

Оның даласы да жәдігер борыштар мәңгі ұлына.

Шертілетін  өткеннен жаның  дастан,

Ұлы кеуде дес берген ұлы сынға.

Жәдігер жүрек тұрар жаңылмастан,

«Өмір» деген музейдің бұрышында.

 

Меңдібек  Лұқпанов

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале