Жаңғырығы жанымның
Бақтығали Тілегенұлының есімі Жымпиты өңіріне етене таныс. Ол өнердің сахнасында да, қоғамдық - саяси қызметте де өзін көрсеткен азамат.
Бақтығали “ақыннан басшы шықпайды” - деген сөздің қате екенін дәлелдеді. Жымпитыда ұзақ жыл аудандық мәслихаттың хатшысы болып еңбек етті.

Бақтығали - Тайпақта туған тарлан. Еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған ол 1983 - 2001 жылдар аралығында Жымпитыда аудандық атқару Комитетінде бөлім меңгерушісі, ”Білім”қоғамның хатшысы, аудандық Кеңес төрағасының орынбасары, аудандық маслихат хатшысы қызметтерін абыройлы атқарды.
Бақтығалиды жарым - жартылай “жымпитылық” қылған да - осы жылдар.
Бақтығали - ең әуелі ақын. Қызды ауылды шулатқан, айтыс аламанын дулатқан сері бүгінде сексенге келді.
Жақында қолымызға қолтаңбасымен бірге ақын ағамыздың жаңа кітабы тиді.
Ақын “Жаңғырығы жанымның!” кітабына өзі алғысөз жазады. Әдетте, қаламдасына я болмаса аты танымал, атағы бар біреуге өтініш етіп, өзі жайлы, өлеңі жайлы жақсы сөздерді тіздіретін авторлар секілді емес, Бақтығали баяғы қарапайымдылығына салып, барды бар, жоқты жоқ деп баян етеді:
- Әбіш Кекілбаев ағамыз бір әңгімесінде «Біраз қағаз бетін күйеледік қой» дегені бар еді. Шынында қалам ұстағанның қағаз күйелемейтіні жоқ. Біз де сол көптің бірі ретінде осы жолда жиған-тергенімізді дүние етіп қалдыруға тырыстық. Айтыстарды айтпағанда әдебиеттің әртүрлі жанрына шама жеткенше араласып, соның айғағы ретінде «Шеңбер», «Мезгіл» атты жинақ шығарып, өздеріңе ұсындық.

Жас келгенде қоймамызды ақтарып, кезінде жазылып қалған еңбектердің басын құрап, арнау, тілектермен толықтырып, тағы бір жинақты алдарыңа шығарып отырмыз.
Кітапқа енген жұмыстың шығармашылық ізденістен басқа ұлттық құндылықтар; уақытпен келген көңіл-күйге байланысты өлеңдер; ұлыларды ұлықтау; замандас, сыйлас азаматтар мен ағайындарға тілек білдіру сияқты тақырыптарға арналған.
Ақыл айту Абайға ғана жарасар тірлік десек те біз де өзімізше ой екшеуге тырыстық. Жеткізіп айтсақ та, жетпей жатса да болса екен деген игі тілектен деген жөн шығар.
- деген ақын жүрек алда - жалда ғақлия айтып кетіп жатсам, ғафу қылыңыз дей отырып:
- Жадыларыңызда жатталып қалмаса да, қағазда қатталып қалсын деген ниеттен туған дүние болғандықтан, құндылыққа қазылық етуді өздеріңізге қалдырдық. - деп ақтық сөзді оқырман билігіне қалдырады.
Жаңғырық- ақынның өмір көшесінде естіген дауысы.
- Биікке қол создырған заңғардағы,
Арман бар адам бар да, аңғарғаным.
Жегілдім қалам ұстап мен де соған,
Жанымның жаңғырығы - жазғандарым! - деп, мен өлеңді өмірден естідім дейді.
Әркім әр нәрсені мұрат етеді. Ал, Бақтығали ақын өмір философиясын - із қалдыру деп түсінеді:
- Қойылады сандарменен жыл аты,
Жылдар ізі - жердің ой мен қыраты.
Жер бетіне, жыл бетіне із салып,
Адамның да кету ұлы мұраты - дейді ол “Жылдар, жылдар…” өлеңінде.
Ақынның айрықша шығармашылық қолтаңбасы “Біздің ауыл!” өлеңінде тамаша байқалады:
Тайпақтың даласының геолокациясын:
- Қыры шүйгін, қисапсыз ой жақта орман,
Біздің ауыл Жайықты бойлап қонған,
Атырау мен Оралды жалғастырған,
Таяқ тастам жер ғана жайдақ жолдан. - деп келтірген ол аядай ғана асыл мекені Шеңберден шыққанын айтып:
- Шеңберде тіршіліктің көшіне ердім,
Кеңсуатта ес біліп, өсіп өндім.
Есенсайда салынған шығар дәні,
Теріп жүрген бүгінгі несібемнің! - деп тұтас ғұмыр хроникасын бір шумаққа сыйғызады.
- Қызығына қана алмай құлдық ұрып,
Базарында балалық жыр жүгірдік,
Шалғындарын ұйысқан төсек етіп,
Суын кешіп, құмында қыздырындық!
Бұл - бәріміздің балалығымыздың суреті емес пе?!
- Әр қайсысы оқысақ, дара дастан,
Ауыл қанша жүріп біз араласқан,
Жер түбінде - Жыланды, ал иекте,
Мәукеш, Шеңбер, Мәтісай, Жалаңашжар!
Сол жақтың перзенттер бұл жер атаулары тым таныс әрі ыстық.
Шабытты жыр мөлдіреген махаббатқа ұласады:
- Есімімен тұратын дараланып,
Бәрін соның жайладық, араладық.
Қазақ қоныс етпеген тегін жерді,
Бір керемет іздесе табары анық!
Табиғатын тұтынып, жаттап әнін,
Бағып өстік ауылдық қас - қабағын.
Іздеген Жерұйығы Асанқайғы,
Сол ауылдың бірі ме деп қаламын! - деп байтақ даласын бақыттың ұйығына теңейді.
Әрине, туған топырақпен бірге дәмін татқан, суын ішкен өңір де өзгеше ыстық болмай ма?! Өзі айтқандай, “ізі қалған жер” - Жымпиты. Бақтығали ақын саяси қызметін жасап жүрсе де, әкімдікте кең кабинетте отырса да терезеден Жымпитының көркін тамашалап, тарихи мекенмен үнсіз сырласатындай:
- Жоталы құм, тұзды көл, жоса дала,
Сан өзені тоғысқан осы арада,
Сөйлете алсаң шежіре тұнып тұрған,
Сырымтөбе, сыр бүккен Қособалар.
Ұлтқа ұран болардай ірілері,
Қастерлеген тарихын тірілері,
Жымпиты бұл - кешегі Алашорда,
Жымпиты бұл - кешегі Сырым елі! - дейді ақын.
Бұл жыр шумақтарын Жымпитының бір бұрышына бәдіздеп жазып қойса болардай.
Шындық үшін шырылдамаса, ақиқаттың атасын айтпаса - ақын ақын ба?!
Бақтығали да лауазымды қызметте отырған ақ жағалымын демей, айтатын жерде ойын іркімейді. Заманның “науқаншылдығына” ашынып:
- … Науқан болса, аттандап атқа мінер,
Былайғы кез үндемей үйде жатып,
“Шекпен үлес” тұстарда сапта жүрер! - деп ащы айтады. Ортамызда ондай адамдар жоқ емес қой.
Міржақып “Оян, қазақ!” - десе, Бақтығали “Көзіңді іліп ала көрме!” - дейді:
- Қайран ғана ақ пейіл, қазағым-ай,
Бос қалмаса жарар еді қазаның-ай.
Тегің бөрі, десек те заман түлкі,
Ауыры сол алдансаң жазаның-ай.
Жер қойыны аста-төк алтын,мұнай,
Қауқар бар-ақ қылардай халқыңды бай.
Ұтысым бар, жоқ емес, ұтылыс та,
Қайырлы етсе, жарар еді артын құдай.
- дей келе халықтың “қаржысы мен қарғысын арқалап” шетелге қашқандарды мысалға келтіріп, барға ие болуға шақырады, алданбауға, ширауға шақырады жұртын:
- Абай айтқан әлі де өзімде ілік,
Жақсы-ақ сөз-ау дегенің төзімділік.
Түспеймін деп төзімнің арқасынан,
Ала көрме, ағайын, көзіңді іліп. - дейді Тілегенұлы.
2025 жылды ҚР Президенті Қасым - Жомарт Тоқаев “Жұмысшы мамандықтар жылы” деп белгіледі. Еңбек адамына ел көңілін аударған саяси ұстаным жаңа жылда, жаңа дәуірде айнымаса екен дейсің. Бақтығали да қазақ қоғамын ұстап тұрған еңбеккерлер деп есептейді:
- Иеленген мамандық жас та кәрі,
Тіршілігі таңменен басталады.
Олар үшін күндік іс межесіндей,
Жабылуы жарықтың қас қабағы.
Атауланған халқымда атакәсіп,
Үлкендері бас тартып, баталасып.
Бар тірлігі түлікпен, тіпті құттай,
Балалар да ат мініп, атады асық.
Өмір- өзен, әртүрлі өлшемдері,
Сол өзенде түсірмей еңсемді елі,
Бүгініне жеткізген бар қазақты,
Меніңше басқа емес, малшы еңбегі! - деп түйеді. Келісесің!
Бір қызығы, қолына жергілікті биліктің бір тұтқасын ұстаса да, Бақтығали атақ пен марапаттан барынша алыс жүрген кісі. Оның өңірінде “Сырым ауданының Құрметті азаматы” деген белгі жоқ. Жүрегі үш кітапты толғатса да ол Жазушылар Одағына қабылданбаған. “Мен бармын!” - деп ешкімге қоңырау шалмай, медаль - орден сұрап, ешкімнің мазасын алмай, биігіңде өмір сүру де - бір бақыт. Арзан бақыттың амалы көп, ал Бақтығали бақыттың қымбатын таңдаған.
Бүгін - ақынның туған күні. Сексеннің сеңгіріне шыққан жырдың ақсақалына Жамбылдай жүз жасаңыз деп тілек еттік.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы