Талай талантты тудырған Казталов ауданынан мемлекеттік сыйлықтың иегері де, халық әртісі де қанат қаққан екен.

Өмірді өнерге, өнерді өмірге біте қайнастыру арқылы өлшеусіз еңбек етіп, ел-жұртының мақтанышы бола білген жан туралы сыр шертпекпін.
Бүгінгі кейіпкеріміз – нағыз өнердің ордасынан ойып орын алмаса да, талантымен танылған, талай шәкіртті тәрбиелеп шығарған ұлағатты ұстаз, аяулы ана, асыл әже, ауыл мәдениетінің шырақшысы, Казталов ауданы Бостандық ауылының тұрғыны Гүлбану Шынтемірова.
Өнер десе, өзгеше әлемді елестетіп, қиялға берілу бойжетіп келе жатқан әр аруға тән. Адамның табиғаты нені қаласа, қадір тұтқан дүниеңнен алыстай алмайсың. Сол құдіреттің айналасынан шырқ үйіріліп шықпауың да бойдағы тылсым сезімнен шығар?! Әйтеуір, кейіпкеріміз арманының ақ желкенін өнердің айдынынан көргісі келді.
Казталов ауданының Әжібай ауылында қаңтардың қарлы-боранды күнінде нәресте Гүлбану шыр етіп жарық дүниеге келген. Өзге балалар сияқты ауылда бақытты балалық шағы өтті. Оқуда озат болып, мектеп сахнасында жүріп жарқырай көрінді. «Адам арманмен өмір сүргісі келеді. Менің де аппақ армандарым көп болды. Сахнаға шығып ән салып, көркемсөз оқып жүрген кезім еді. Қазақ театрының тарландары Бикен Римова, Әмина Өмірзақова апаларым секілді актриса болсам деп қиялдадым. Бірақ өкінішке орай, анам әртіс болғанымды қаламады», – деді ол бізбен әңгімесінде.
Әкесі Темеш пен анасы Бәтес сегіз баланы тәрбиелеп өсірді. Ел қатарлы балаларына білім алуға барлық жағдайды жасады. Алайда Гүлбанудың өнер жолын қууына ата-анасы рұқсат бермеді. Ол алыстағы ауылдан сол кездегі Оралдағы А. Пушкин атындағы педагогикалық институтқа оқуға түсіп, білім алды. Осы қалай деген аузы дуалы ұстаздардың дәрісін тыңдады. Әсіресе ұстаздары Меруерт Жолдықайырова мен Мәтжан Тілеужанов ерекше есінде қалыпты. Меруерт апайының дәріс берудегі ерекшелігін өзгеше қабылдады. Ол кісі бір кездегі облыстық радионың дикторы екен.

Көркемсөз оқудағы шеберлігін шыңдай түсуге ықпал етті. Бірге оқыған курстастарының да осалы жоқ. Дені елге танымал болған тұлғалар. Солардың бірі әрі бірегейі оқытушы-ғалым Серікқали Шарабасов болса, ал дарабоз ақын Айтқали Нәріковті Жайық жұрты емес, күллі қазақ халқы таниды.
Арман қаншалықты биік болса, соншалықты оған ынтық болу пендеге тән қасиет пе?.. Өнерге жақын болсам деген алыстағы арманының сәулесі көрінгендей болып, соған ұмтылды. Білім ала жүріп, облыстық радиода тәжірибеден өтіп, өз бағын сынады. Бұл 1964-1968 жылдардың арасы еді. Әріптестері Өтеш Қуатов, Михайл Сарин т. б. аға-апаларымен бірге «Оралдан сөйлеп тұрмыз» деп күнде тыңдармандарға облыс жаңалықтарын жеткізіп жүрді.
Орал телестудиясының алғаш ашылған кезі болатын. Радиодан қызметке төселіп қалған бойжеткен Бану осы телестудияның редакторы ретінде жұмысқа қабылданды. Осылайша жарқырап көзге түскен оны дикторлық қызметке ауыстырды. Ибалы, білімді, жауапкершілігі зор әрі келбеті келіскен жас қыз телеарнаның талабына сай келіп тұр еді. Арманы асқақ бойжеткен жаңалықтармен қоса, балалар мен жасөспірімдерге арналған бағдарламаны жүргізді. Орал телестудиясының алғашқы қарлығаштарының ішінде Сара Нәбиуллина, Падиша Сұңғатова, Люба Глазова, Роза Қабашева, Николай Баймұқашев сынды қыз-жігіттермен әріптес болғаны, нар тұлғалы ағалары Сапуатолла Ғазизов, Қоныс Миханов, Бақтыбай Далабаев, Сағынғали Қабашев, Орынбай Жәкібаевтардан тәлім алуы – әлі күнге бақытты шақтарының бір белесі.
Бойдағы талантпен қоса қарбаласқа толы тележүргізушілік қызметінде талай жанмен кездесті, әріптес болды. Қамқорлығын да сезінді. Сөйте жүріп, өмірінің басты қазығы өмірлік жарын кездестірді. Өзінің ауылдасы Кәримолла Шынтеміров есімі жерлестеріне етене таныс еді. Өйткені ол азамат та өнерге жақын. Екі өнерпаздың отау құру тойын сол кездегі басшы Наурызғали Сыдықовтың қолдауымен телестудиядағы ұжымы өткізіп берген еді. Кәримолла аға да кіндіктен жалғыз ата-анасының бас көтерер ұлы болатын. Ал Гүлбану апай – биік арманына қол жеткізіп келе жатқан жас маман. Қайтпек керек? Шығармашылығын әлпештеп қалада қала ма? Әлде тағдырын сеніп тапсырған азаматының артынан ере ме? Таразының екі басында екіұдай сезім таласқа түсіп, көңіл, шіркін, алабұртты да, ақылға жеңдірді.
Татулық түсінуден, тыныштық қанағаттан екені рас қой. Сондықтан ол ақ босағасының тыныштығын күзететін қазақ әйелінің парасаттылығын бәрінен де биік қойды. Әсіресе жасы егде тартқан қайын атасы мен енесінің жалғыз ұлының рахатын көрсін деген оймен 1972 жылы жан жарымен қол ұстасып, Бостандық ауылына келді де, бірден мектепке қызметке орналасты. Шәкірттерге білім бере жүріп, кәсіподақ комитетінің төрайымы, оқу тәрбие ісінің меңгерушісі қызметтерімен қоса, оқушыларын өнердің сан қырына тәрбиеледі.
30 жылға жуық ұстаздық еткен кейіпкеріміздің сыйластық туралы мағыналы әңгімесін де тыңдадық. Шәкірттері туралы айтқанда көзінен ұшқын ата әңгімелеп,өткен жылдарын еске алды.
Әсіресе ауыл әкімі болған қос бірдей шәкірті Миршат Нысанов пен Қадырбек Мұқановты, облыстық «Aqjaiyq» телеарнасы директорының орынбасары, журналист Гүлмира Тілеубаева, ұстаз-ақын Меңдігүл Мұқамбетжанқызы, әнші Сыйлық Құсайынова, Астана театрында жүрген актер Нұрфат Вахитов т. б. көптеген шәкіртімен мақтанатынын айтты.
Бір қызығы, әлде тағдырдың сыйы ма, Кәримолла аға мен Гүлбану апаның тегі де бірдей болып шығыпты. Екеуінің арғы аталары аттас, Шынтемір болса керек. Ағай да ортаның гүлі бопты. Қаратөбеде Ғарифолла, Казталовта Кәримолла әнші бар деген сөз соның дәлелі. Ортасын ән мен жырға бөлеп жүретін қасиетімен ел-жұртқа сыйлы еді. 29 жыл жұбайлық ғұмырында осындай жақсы естеліктерімен жарының жадында. Өмір кейде біз армандаған нәрсенің бәрін уыстап бере бермейді екен. 2000 жылы отағасы Кәримолла жарық дүниемен қоштасты. Бес перзент сүйген ана Гүлбану шаңырақтың шырағын маздатып келеді.
Бойжеткен жасынан бойында бүр жарған өнер тұмшаланбады. Ауыл мәдениетінің шырақшысындай Гүлбану Шынтемірова әлі күнге өнер айдынына тамшыдай болса да үлес қосып жүр. Ауыл мәдениетін дамытуға арналған 55 жылдық еңбегі текке кеткен жоқ. Биыл өзі ұйытқы боп құрған аудандағы әжелер ансамбліне 25 жыл болмақ.
Казталов ауданында өтетін іс-шаралардың бел ортасынан табылатын кейіпкеріміз өткен жылдары Бөкей ордасы ауданында қазақ хандығының 550 жылдығына арналған республикалық тойдың да көркін қыздыруға атсалысты. Казталов ауданының даму жолында әжелер ансамблі үлкен жүкті арқалап жүр. Ел мен жердің гүлденуі үшін аянбай тер төгіп жүретінін ел-жұрты бек жақсы біледі. Сол үшін құрметтейді, «біздің Бану» деп еркелетеді.
Отбасының тұңғышы Дархан атасы Дәулетиярдың атын елге шығарып, сазгерлігімен танылып жүрген өнерпаз. Дарханның әндерін елімізге танымал әншілер Майра Илиясовадан бастап Нұржан Қалжанға дейін орындап жүр. «Жүрегім», «Гүл-Орал», «Алға, қазақ елі!», «Құралай» әндері ел ішіне тарап кетті. Сазгерлігімен дараланған Дарханды композитор Лұқпан Жолдасов ұдайы әріптес інім деп қолдау көрсетіп келсе, шаңырағын шаттыққа бөлеп отырған келіні Алмагүл де адал сүт емген перзент. Алла берген ерекше қасиеті сынықшылығымен ауылдастарының алғысын арқалап жүр. Дархан қазір Бостандық орта мектебінің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты. Ортаншы ұлы Мұхтар мен келіні Света өнерпаз әке мен ананың жолын куып, үлкен сахналарда оркестрмен өнер көрсетіп, саз мектебінде шәкірт тәрбиелеп жүр. Аналарын алақанға салып жүрген барлық балаға ана жүрегі риза. Мұхиты мен Айгүлінің де еңбегін бөлек көреді. Кенжесі Гүлсая өнер институтында дәріс береді. Гүлбану апаның немерелері, жиендері де өсіп келеді. Жансая, Аққұсым Шұғыла, Мейірбек, Елдос, Бауырбек, Балғынбек, Карима, Райымбек, Зауырбек деп келетін бүлдіршіндерінің есімдері де әдемі-ақ. Әрбіреуіне қойылған есімнің де өз тарихы бар. Мысалы, Аққұсым есімді немересі әжесіне ыстық. Ауылға, елге әншілігімен белгілі болған марқұм жұбайы Кәримолла ағай Гүлбану апамызды ылғи да Н. Тілендиевтің «Аққұсым» әнімен еркелетеді екен. Әсем әнге және жан жарына деген құрмет Аққұсымның есімі мен тығыз байланысты. Зейнеткерлік жастағы ана қазір ауыл мен қаланың ортасында ұрпақ тәрбиесіне атсалысып келеді.

Ол бір кездері әртіс болсам, үлкен өнердің бағбаны болсам деген асыл арманына ұрпағы арқылы қол жеткізгендей. Қазір ұл-қыздары, немерелері ана арманын аялауда. Тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, барша адамзаттың тәрбиешісі саналатын қазақ анасының қасиеті Шынтеміровтер әулетінде де осындай абзал іспен ардақталады. Отбасының мерейін үстем етіп, ұрпаққа үлгі болған кейіпкеріміздің игі істері ел-жұртының көз алдында.
Гүлжан Абайқызы,
Астана қаласы