28.01.2026, 9:00
Оқылды: 18

Qonaqqa.desserts: дәм мен дәстүр

Шағын ғана цех. Таңғы тыныштықты пеш басындағы қарбалас пен қыз-қыз қайнаған жұмыс бұзды. Пештен жаңа шыққан тәтті бәліштің иісі мұрын  жарады.

WhatsApp Image 2025-12-23 at 19.48.55

Өңірімізде соңғы жылдары көздің жауын алатын тәттілер дайындайтын осындай шағын өндіріс орындары көбейіп келеді. Солардың бірі – Qonaqqa.desserts. Бұл жерге кірген сәттен бастап жасанды қоспасыз, табиғи өнімнің иісі сезіледі. Қаймақтың қоюлығы, кілегейдің ақ көбігі, пешке жаңа салынған торттың жұпары – бәрі де үйдегідей жылы  әсер  қалдырады.

Бұл цехтың иесі – Сырым ауданына қарасты Қособа ауылында 1995 жылы дүниеге келген жас кәсіпкер Раушан Қожагелді. Алматы қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің түлегі. Мамандығы – инженер-технолог. Бірақ жүрек қалауын ешқандай диплом көлеңкелей алмаған.

– Тәттіге деген қызығушылығым кеше ғана пайда болған әуестік емес. Оның тамыры тереңде – балалық шағымда жатыр. Жазғы демалыс басталса болды, Казталов ауданы Саралжын ауылындағы нағашыларымның үйіне асығатынмын. Сол ауылдың табиғаты, топырағы, самал желі – бәрі мен үшін бөлек әлем еді. Бөлем екеуміз күнұзаққа құм мен балшықты илеп, өзімізше «ас» әзірлейтінбіз. Тауық қорадан жаңа ғана жиналған жылы жұмыртқаны ала жүгіріп, бала қиялмен түрлі «тәжірибелер» жасап, мәз болатынбыз. Ол кезде мұның бәрі жай ғана ойын сияқты көрінді. Қазір ойланып қарасам, сол балшықтан жасалған «тағамдар» мен бейкүнә ермектер – болашаққа қаланған алғашқы іргетас болыпты. Кішкентай кезімнен сағыз бен жапсырма сатып алып, оны қатарымдағы балаларға қайта сатып жүрдім. Біреуге ұнаған дүниені ұсынудың, еңбегіңмен тапқан азын-аулақ табыстың дәмін сол кезде-ақ сезіне бастаппын. Ақша емес, адал еңбекке деген құрмет санама сол шақта орнықты. Балалық шақтағы сол ұсақ тірліктер бүгінде үлкен өмірдің бағытына айналды. Ойын деп жүрген дүниенің өзі адамды байқатпай тәрбиелейтінін кейін түсіндім, – дейді кейіпкеріміз.

Төрт қыздың ортасында өскен ол еңбекке ерте араласты. Ата-анасынан адалдық пен қарапайымдылықты үйренді. Сол тәрбие бүгінгі кәсібінің де өзегіне айналған. Ал нақты кондитерлікке қадам басуына тұңғышының дүниеге келуі себеп болды. Үйде пісірілген тәттілерге сұраныс артқан сайын, ас үйі шағын  цехқа  айналды.

– Бала кезімде дәрігер болуды армандайтынмын. Адамға шипа беру, ауырған жанға көмектесу – бала жүрегімнің ең үлкен тілегі еді. Сол арман маған бүгінге дейін адамдарға пайда әкелетін істерді таңдауға ықпал етіп келеді. Қазіргі мақсатым да жәрдемдесу. Уақыты жоқ аналарға, жұмысбасты әйелдерге табиғи, дәмді, қолжетімді үй тәттілерін ұсыну – басты миссиям, – дейді Раушан.

«Qonaqqa.desserts» жобасымен біз «Бір ауыл – бір өнім» жобасы арқылы таныспыз. Жергілікті өнімнен дайындалған тағамдарды ұсынғанда бұл жоба бірден назарымызды аударған. Ол кезде Раушан дұрыс тамақтану бағытындағы глютенсіз өнімдерді дайындайтын. Алайда сұранысқа байланысты бү-гіндері ол бағытын ауытырған.

– «Qonaqqa.desserts» – қазақы қонақжайлықтың, дастархан басындағы жылылықтың жаңа заманға бейімделген бейнесі. Бізде қонақ келгенде үйдің іші бірден өзгеріп сала бермей ме?! Шайдың иісі бұрқырап, дастархан жайылып, көңіл жұмсарып кетеді. Осы сезімді тәтті арқылы жеткізгім келді. Сондықтан өнімдерімде ұлттық өнімдерге ерекше мән беремін. Шұбат, қымыз, тары, талқан, фермерлік қаймақ пен табиғи кілегей мен үшін бала кезден таныс дәм, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен аманат секілді. Мысалы, «Әулет нәзігі» – шұбат пен талқаннан жасалған, Сан-Себастьян стиліндегі өте жұмсақ десерт. Мұнда бір әулеттің жылуы, үлкендердің мейірімі бардай сезіледі. Ал «Нәр шұбат» – шұбат негізіндегі бисквит пен кілегейлі кремнен тұрады. Бұл десерттің әр қабатында күш пен қуат бар. «Ақ мейір» – қымыздан жасалған суфле-татты чизкейк. Жеңіл, ауызда еріп кетеді. Аты айтып тұрғандай, мейірімге толы дәм. Тары пралине салынған тарталеткаларымызды көбіне кофеханалар мен мейрамханалар таңдайды. Ең ерекше десертіміз – йогуртты торт. 90%-ы – жергілікті фермерлік шикізаттан. Йогуртты да өзіміз табиғи сүттен жасаймыз. Жеңіл, табиғи, денсаулыққа пайдалы. «Qonaqqa» атауының мәні де осы – қонаққа арналған тәттілер. Қонақ келгенде әр үйдің дастарханындағы тағамдар үйдегідей дәмді болуы керек. Менің десерттерім де сол көңіл күйді сыйласа деймін. Жалпы, қазақтың ұлттық тәттілерін ерекшелейтін ең басты құндылық – табиғилық. Кілегей, құрт, жент, тары секілді өнімдер ғасырлар бойы өзгермеген, таза күйінде бізге жеткен. Сондықтан олардан жасалған тәттінің дәмі де бөлек, құндылығы да жоғары. Бұл – уақыт сынынан өткен дәм. Ал менің мақсатым – сол дәмді жоғалтпай, бүгінгі ұрпаққа жаңа пішінде ұсыну, – дейді Раушан ағынан  жарыла.

Шабытты ол алыстан іздемейді. Сапарларда көргені, тойларда сезінген көңіл күйі, үлкендердің байыппен айтқан әңгімелері – оның ең басты шығармашылық қорегі. Әсіресе әжелерден естіген естеліктердің орны бөлек. Құмшекер, балқаймақ, майсөк секілді бүгінде сирек дайындалатын, бірақ бір кездері әр үйдің дастарханынан табылған тәттілер туралы әңгімелер оны ерекше толғандырады.

Сол сөздердің арасында өткеннің иісі бар. Бір үзім дәм арқылы тұтас бір дәуірдің тынысын сезінгендей болады. Әжелердің әңгімесінен туған идеялар бүгінде пештің қызуында, жаңа пісірілген десерттердің дәмінде өмірін жалғастырып келеді.

WhatsApp Image 2025-11-29 at 16.28.19

– Мен Оралда туып-өстім. Сондықтан бұл қаланың жағдайы мен үшін жай әңгіме емес. Тазалығы, тәртібі, мәдениеті – бәрі маңызды. Әділ болу, айналаға жауапкершілікпен қарау, жастарға дұрыс бағыт көрсету керек деп ойлаймын. Қоғамға араласу – міндет емес, ішкі қажеттілік. Қазір бар күшімді «Qonaqqa.desserts» брендіне салып жүрмін. Мақсатым күрделі емес: табиғи, таза, сапалы өнім жасау. Десерт болсын, дастарханға қойылатын үй тағамы болсын – адам сеніп, сүйсініп жейтіндей болуы керек. Жуырда өндірістік нүктемізді іске қосып, шағын цех аштық. Қасымда көмекші Күлән деген апайым бар. Енді жұмысты реттеп, сапаны тұрақты деңгейге жеткізуге тырысып жатырмыз. Айта кету керек, цехтың ашылуына әкемнің шәкірттері жәрдемдесті. Қиын шақта қолұшын созған, рухани қолдау білдірген сол кісілерге зор алғыс білдіремін. Уақыт өте бұл брендтің Қазақстанның басқа қалаларында да болғанын қалаймын. Жаңа дәм ойлап табу, үйлесім іздеу мені тыныштандырады. Табиғатқа шығу, саяхаттау, шай үстіндегі әңгіме жаныма рахат сыйлайды. Маған дабыра емес, қарапайым өмір жақын, – дейді Раушан Оралбекқызы.

Құм мен сазбалшықтан басталған бала қиял бүгінде нақты мақсатқа, маңдай термен келген іске айналды. Өз ісіне шын берілген жанға сәттілік тілеу, әрине, заңдылық. Себебі өз еңбегінің дәмін білетін адам ғана өзгенің көңілін таба алады. Ал оның тәттілері әлі талай дастарханға қуаныш, талай жүрекке  жылу  сыйлары  анық.

Жанерке  Мерекеқызы,

«Орал  өңірі»

Раушаннан рецепт:

Шұбат  қосылған  бисквит

         Қажетті  өнімдер

Бисквит  үшін:

  • Жұмыртқа — 4 дана
  • Қант — ½ стакан
  • Шұбат — ½ стакан
  • Сары май (ерітілген, жылы) — 100 г
  • Ұн (2-сорт) — 1½ стакан
  • Қопсытқыш — 1 шай қасық
  • Тұз — бір шымшым

Сіңдіруге:

  • Таза шұбат — ½ стакан

Крем  үшін:

  • Сепаратордан алынған қою кілегей — 1½ стакан
  • Қант ұнтағы — ⅓ стакан
  • Шұбат — ¼ стакан

Сәндеу  үшін:

  • Балқаймақ
  • Қаражидек

 Дайындау  тәсілі

  1. Сарыуызды дайындау
  2. Жұмыртқаның ағы (ақуыз) мен сарыуызын бөлек ыдыстарға бөліп  аламыз.
  3. Сарыуызға қанттың жартысын  қосамыз.
  4. Масса ағарып, қою әрі біркелкі  болғанша  жақсылап  шайқаймыз.
  1. Сұйық құрамдарды қосу
  2. Шайқалған сарыуыздың үстіне:
  • шұбатты,
  • ерітілген (жылы, бірақ ыстық емес) сары майды қосамыз.
  1. Барлығын біркелкі  болғанша  араластырамыз.

3️. Ақуызды  шайқау

  1. Ақуызға қанттың қалған  бөлігін  қосамыз.
  2. Миксермен жұмсақ шың (soft peaks)      пайда  болғанша шайқаймыз.
  3. Ақуызды қатты құрғатып  жібермеу маңызды.
  1. Қоспаны жинау
  2. Сарыуызды қоспаға:
  • ұнды,
  • қопсытқышты,
  • бір шымшым тұзды қосып, ақырын  араластырамыз.
  1. Соңында шайқалған ақуызды 2-3 бөліп, төменнен  жоғары  қарай  жай  қозғалыспен  қосамыз.
  2. Қоспаның көлемін түсірмей,     асықпай  араластырамыз.

Пісіру

  1. Қалыпты алдын ала майлап, ұн сеуіп дайындаймыз.
  2. Қамырды формаға құямыз.
  3. 170°C температурада 35-40 минут пісіреміз.
  4. Дайын бисквитті формада 10 минут демалдырып, кейін шығарамыз.

Сіңдіру (пропитка)

  • Бисквит сәл жылы кезде үстіне ½ стакан таза шұбатты біркелкі етіп сіңдіреміз.
  • Қант қосылмайды.

Крем  дайындау

  1. Суыған қою кілегейді миксермен тұрақты масса алынғанша шайқаймыз.
  2. Қант ұнтағын қосып, біркелкі болғанша араластырамыз.
  3. Шұбатты аз-аздан құйып, кремді жұмсақ әрі біртекті күйге келтіреміз.

Тортты  жинау  және  сәндеу

  1. Сіңдірілген бисквиттің үстіне кремді жағып шығамыз.
  2. Бетін балқаймақпен әрлеп, қаражидекпен сәндейміз.

Дайын! Табиғи дәмі бар, жұмсақ әрі ерекше  торт  шығады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале