29.01.2026, 9:45
Оқылды: 19

Колледждер жекеге беріле ме?

Соңғы кездері  қоғамды  алаңдатқан  осы  сұрақпен облыстық  білім  басқармасына  хабарластық.

ЖП колледж Мәди Салық

Облыстық  білім  басқармасының баспасөз  хатшысы берген мәліметке  сүйенсек,  өңірде  кәсіптік-техникалық  білім  беру жүйесін  дамыту күн  тәртібіндегі  өзекті мәселелердің  бірі  болып  отыр.  Облыста бүгінде 35 кәсіптік-техникалық  білім беру ұйымы  жұмыс  істейді.  Алайда  соңғы  бес  жыл көлемінде  бұл  оқу  орындарының  материалдықтехникалық  әлеуетін  нығайтуға,  ғимараттарын  жөндеуге бюджет қаражатының тапшылығына  байланысты  қаржы  қарастырылмаған.  Бұл  жағдай  студенттердің  сапалы  білім  алуына,  заманауи  талаптарға  сай  маман  даярлауға  айтарлықтай  әсер  ететіні  анық.  Осыған  орай облыс  басшылығы  мәселені  шешудің  жаңа  әрі  тиімді  жолдарын  қарастыруда.

Инвестор тарту – тиімді шешім

Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі ұсынған мәліметке қарағанда кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жаңғырту және бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында оқу орындарын сенімгерлік басқаруға беру арқылы инвестор тарту тетігі ұсынылған. Бұл қадам оқу орындарының материалдық-техникалық әлеуетін жақсартуға, ғимараттарға  жөндеу  жүргізуге  мүмкіндік  бермек.

Қазіргі таңда облыс көлемінде 8 мемлекеттік колледжді конкурс негізінде анықтап, осы жоба аясында жаңғырту жоспарланған. Аталған оқу орындарының барлығы Орал қаласында орналасқан. Атап айтар болсақ, Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжі, жоғары аграрлық-техникалық колледжі, Құрманғазы атындағы саз колледжі, Орал политехникалық колледжі, Орал ақпараттық технологиялар колледжі, Сервис және жаңа технологиялар колледжі, А. Иманов атындағы жол-көлік колледжі, Орал «Сервис» технологиялық колледжі өз инвесторын  күтуде.

Жобаның мақсаты қандай?

Бұл жобаның негізгі мақсаты – кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарында сапалы білім беру үшін қолайлы жағдай жасау, оқу кабинеттері мен зертханаларды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, ғимараттарды  жөндеу  арқылы  білім  беру  сапасын  арттыру.

Инвесторлар өз қаражаты есебінен конкурстық құжаттамада және келісімшартта көрсетілген барлық міндеттемелерді толық орындауға тиіс болады. Жобаның мерзімі мен инвестиция көлемі конкурс құжаттамасын әзірлеу барысында нақтыланады.

Инвесторларды қалай анықтайды?

«Инвесторларды анықтау Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүргізіледі. Бұл жоба аясында құрылыс компаниялары, құрал-жабдық және жиһаз өндірушілер, сондай-ақ сақтандыру компаниялары тартылып, нәтижесінде жаңа уақытша жұмыс орындары ашылып, кәсіпорындар мемлекетке салық төлеп, өңір экономикасына  серпін  береді»  дейді  мамандар.

Кәсіптік-техникалық білім беру саласына инвестиция тарту – тек ғимарат жөндеу немесе құрал-жабдық алу ғана емес, бұл – білікті маман даярлауға, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына салынған инвестиция. Жобаның сәтті жүзеге асуы облыстағы кәсіптік білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеруге  жол  ашпақ.

Гүлжамал Жолдығалиқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале