Алғабас ауылында атақты спортшы Амангелді Жуминді еске алуға арналған аудан біріншілігі өтті. Жарысқа 2013–2014, 2015–2016 және 2017–2018 жылдары туған кіші жасөспірімдер қатысты.

Бәсекеге БЖСМ, Мерген, Қабыршақты, Жаңабұлақ, Алғабас орта мектептері, Бітік, Бударин мектеп-бөбекжай кешені, Үштөбе және Жаңажол негізгі мектеп командалары қатысты. Барлығы 102 палуан бақ сынады. Ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова, БЖСМ директоры Марат Ығылманов, Амангелді Жуминнің бауырлары, сыныптастары мен достары қатысты.
Тартысты өткен бәсекеде Алғабас ауылдық округінен Аманжол Жансерік (21 келі), Ернар Кенжеғали (23 келі), Арман Хамидоллаев (28 келі), Мирлан Қадыр (30 келі), Нұрәділ Тілекқали (23 келі), Марат Әлихан (29 келі), Төлеуғали Рамазан (26 келі), Исмаил Қабдолла (29 келі), Қабыршақты ауылдық округінен Ғалымғали Султан (26 келі), Мүсірғали Әлинұр (25 келі) жеңімпаз атанды.

Амангелді Тұрсынұлы 1977 жылдың 3 ақпанында Алғабас ауылында дүниеге келген. Осы ауылдағы мектепте білім алған ол бала кезінен еркін күреспен айналысып, облыстық, республикалық, халықаралық және аймақаралық турнирлерде жеңімпаз атанды. 1997 жылы Семей облысы Ақтоғай қаласындағы «Спорт ротасына» әскер қатарына шақырылып, 1999 жылы Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп оралды. Әскерден кейін де спорттан қол үзбей, облыс біріншіліктерінде бірнеше мәрте топ жарды. Спортшы 2012 жылы 35 жасында дүниеден өткен.
Нұрбек Ихсан,
Ақжайық ауданы