20–21 ақпан күндері Орал қаласында тұңғыш рет «Oral Winter Fest – 2026» қысқы спорт фестивалі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өңір тарихындағы ең ірі бұқаралық спорттық шаралардың біріне айналды. Екі күнге созылған қысқы думан қала тұрғындары мен қонақтарына спорт пен дәстүр тоғысқан ерекше мерекелік атмосфера сыйлады.

Фестиваль бағдарламасы ұлттық, дәстүрлі және заманауи қысқы спорт түрлерін кеңінен қамтыды. Қатысушылар мен көрермендер тазы жарысы, жамбы ату, шаңғымен жамбы ату секілді ұлттық сайыстарды тамашаласа, экстремалдық автодрифт, шаңғы жарыстары, коньки тебу, керлинг, қысқы баскетбол және балаларға арналған сырғанау алаңдары да көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Әсіресе өңірде бұрын ұйымдастырылмаған шаңғымен жамбы ату сайысы фестивальдің ерекше жаңалығы болды.

Шара аясында құсбегіліктен ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының XIX чемпионаты өткізіліп, елдің түкпір-түкпірінен келген 70-ке жуық саятшы бақ сынады. Бүркіт, ителгі, қаршыға баптаған құсбегілер ұлттық өнердің биік деңгейін көрсетіп, ата дәстүрдің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Чемпионат қорытындысы бойынша бүркіт салудан Түркістан облысының өкілі Кеуенов Бағдат чемпион атанды, екінші орынды Шығыс Қазақстан облысынан Хамитжанов Архат иеленсе, үшінші орын Жамбыл облысының саятшысы Жалғасұлы Серікболсынға бұйырды. Ителгі салу сайысында Жамбыл облысының құсбегісі Бабажан Бақдаулет топ жарып, Ақмола облысының өкілі Кенжетаев Ерлан күміс жүлдеге ие болды, ал Қарағанды облысынан Төлегенұлы Темірәлі үшінші орын алды. Қаршыға салу бәсекесінде де Бабажан Бақдаулет жеңімпаз атанып, екінші орынды Жалғасұлы Серікболсын, үшінші орынды Батыс Қазақстан облысының саятшысы Мамет Ернарбек иеленді.

Фестивальдің ауқымы күн санап кеңейді: алғашқы күні мыңға жуық адам тіркелсе, екінші күні қатысушылар саны төрт мыңнан асты. Бүлдіршіндерден бастап қарттарға дейін спорт алаңында бас қосып, қысқы мерекенің шаттығын бірге бөлісті.
Айта кетерлігі, фестиваль аясындағы барлық спорт түрлері қала тұрғындары үшін тегін ұйымдастырылды. Бұл бастама бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды қадам болды. Сонымен қатар концерттік бағдарламалар қойылып, фотосессия аймақтары жасақталып, мерекелік көңіл күй одан әрі күшейе түсті.

Жарыс қорытындысы бойынша керлингтен, дәстүрлі садақ атудан, жамбы атудан, тазы жарысынан және шаңғы бәсекелерінен жеңімпаздар анықталды. Керлингтен әйелдер арасында Төлеген Гүлжанат, ерлер арасында Кеншелеков Арман топ жарды. Тазы жарысында Бегалиев Эльдардың «Көкжал» атты жүйрігі мәреге бірінші жетті. Дәстүрлі садақ атудан әйелдер арасында Ғалымжанова Әсемгүл, ерлер арасында Аманғалиев Рустам жеңіске жетті. Жамбы ату сайысында Жулкалиев Арман үздік атанды.
Шаңғы жарыстарында әр жас санаты бойынша үздіктер анықталды: қыздар арасындағы 1 шақырымдық жарыста Гагаина Яна, ұлдар арасындағы 2 шақырымда Берковский Никита, әйелдер арасындағы 6 шақырымда Кудрявцева Ксения, ал ерлер бәсекесінде Грицкевич Святослав жеңімпаз атанды. Сонымен қатар 8 жастағы Ерманов Қазболат «Ең жас қатысушы» атанса, Құрманғазы Бекет «Ең үздік техника» номинациясына ие болды.

«Oral Winter Fest – 2026» ұлттық мұра мен заманауи спортты үйлестірген, қысқы спорт мәдениетін жаңа деңгейге көтерген маңызды оқиға ретінде есте қалды. Бұл фестиваль — бірлік пен белсенділіктің, салауатты өмір салты мен сергектіктің символына айналған тағылымды шара.
Осындай ауқымды әрі мазмұнды шаралар Орал қаласының спорттық әрі мәдени өміріне тың серпін беріп, өңірді қысқы туризм мен ұлттық спорт орталықтарының біріне айналдыруға негіз болары сөзсіз.
Бекзат Қанәділ
zhaikpress.kz