Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы ұжымы қасиетті қара шаңырақ – орталық мұражайында бас қосты.

Бұдан біраз уақыт бұрын Алматы қаласына іссапармен барған орталық директоры Талғат Мықи қазақ поэзиясының заңғар тұлғасы Қадыр Мырза Әлидің шаңырағына арнайы ат басын бұрып, ақынның жары Салтанат апайға сәлем беріп, кіріп шығады. Сол сапар барысында Салтанат Мырзалиева ақынның көзі тірісінде өз қолымен жүргізген күнделіктерін және құдағайы салған ерекше картиналарды аманаттап табыстайды. Бұл – жай ғана қағаз емес, тұтас бір дәуірдің жүрек соғысы, қаламгердің жан сырын бүкпесіз баяндайтын қымбат мұра.

Жиында Талғат Жұмабекұлы сол сапардың әсерлі сәттерімен бөлісіп, Салтанат Қадырқызы сеніп тапсырған құнды жәдігерлерді әріптестеріне таныстырды. Оның айтуынша, бұл аманаттың жүгі жеңіл емес. Әрбір парақ – уақытпен тілдескен тағдыр, әрбір жазба – ақынның ішкі әлеміне апарар алтын көпір.
– Алматы сапарының маңызы ерекше болды. Құнды жәдігерлерді қоржыным толғанша алып, үлкен олжамен оралдым. Енді бұл күнделіктер орталық мұражайынан лайықты орын алады. Бізге артылған сенім ұлт руханиятына қызмет етеді, – деп ой бөлісті орталық директоры Талғат Жұмабекұлы.

Сапар аясында ол қазақ қаламгерлерінің қара шаңырағы Қазақстан Жазушылар одағына да арнайы соғудың сәті түскенін айтты. Одақ төрағасы Мереке Құлкенов Қадыр ақынның күнделіктерін кітап етіп басып шығаруға дайындық жұмыстары жүріп жатқанын жеткізген. Олар кітаптың таныстырылымын дәл осы орталықта өткізуге уағдаласқан. Демек, болашақта рухани орта тағы бір айтулы әдеби кештің куәсі болмақ.
Аталмыш басқосуда Оралға жеткізілген күнделіктерді арнайы тіркеу, жүйелеу және лайықты орынға орналастыру жұмыстары мұражай қызметкері Ақмоншақ Есетоваға салтанатты түрде табысталды. Сонымен қатар құнды жазбаларды «Қадыр» журналының тұрақты айдары арқылы кезең-кезеңімен жариялау мақсатында оларды компьютерге теру ісі Қадырсарай қызметкерлеріне жүктелді.
Тағы бір сүйінші жаңалық – ақынның жеке кітапханасы. Қадыр Мырза Әли жинаған кітап қорының байлығы көпке мәлім. Ақынның өз үйінде сақтаулы тұрған қаншама әдеби, тарихи, сирек басылымдар бар екені де белгілі. Салтанат Қадырқызы сол кітаптарды орталыққа табыстауға ниетті екенін де жасырмаған. Жиында ұжым басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды жедел қолға алатынын атап өтті. Өйткені Қадыр мұрасы – уақыт өткен сайын қадірі арта түсетін асыл қазына. Оны насихаттау бүгінгі буынның қасиетті парызы болып қала бермек.
Гүлжамал Жолдығали,
Орал қаласы