13.03.2026, 16:15
Оқылды: 17

Бие сүтін зерттеген биотехнолог

Жылқы шаруашылығында ойып тұрып орын алатын ғалымдар бар. Университеттегі тәлімін өндірістегі тәжірибемен ұштастырып келеді. Мақала М. Өтемісов атындағы БҚУ доценті, «Қазақстан жылқы өсірушілер одағы» БҚО филиалының бас директоры, ауыл шаруашылығы  ғылымдарының кандидаты Нұржан Молдаханов туралы болмақ.

WhatsApp Image 2026-03-11 at 16.30.12

Нұржан Рахметұлы 1958 жылы Жаңақала ауданының Пятимар ауылында өмірге келді. Әкесі Р. Молдаханов ат құлағында ойнайтын адам болды. Атты әскер мінетін жылқы баптайтын. Кәнігі бапкер, аға жаттықтырушы ретінде еңбек етті.

Пятимарда жылқы зауыты дүрілдеп тұрған кез. Рахмет Молдаханов С. Буденный атындағы жылқы зауытында жұмыс істеді. Жылқышы әулетте өскен бала Нұржан алты жасынан құлынтайды тақымдап, кәнігі шу асауға құрық салып, жуасытып шығатын шымыр жігіт болып өсті.

Зауыттың аға жылқышысы Р. Молдахановқа үш мәрте Кеңес Одағының Батыры атанған С. Буденныйдың алғысхаты берілген. Анасы Хания апай бие сүтін өңдеу, қымыз дайындау тәсілін жетік меңгерген.

Әке мен ана тәлімі текке кетпеді. 1975 жылы Пятимардағы орта мектепті тәмамдады. Одан кейін Кеңес қарулы күштері құрамында әскери міндетін өтеді. Ракета әскерлері сапында аға сержант шенін алып шықты.

Саратов мемлекеттік мал­дәрігерлік институтында оқыған жылдары жадында жаңғырып қалды. Институтта білім алған кезде көптеген ғылыми олимпиадаға қатысып, жүлделі орын алып жүрді.

1986 жылы жоғары оқу орнынан диплом алып шыққан соң жас маман бірден Пятимар жылқы зауытының бас зоотехник-селекционері болып тағайындалды. Бұл зауыт атақты Көшім жылқысының тұқымын шығарған белгілі өндіріс орны еді.

Бір жылдан соң С. Меңдешев атындағы асыл тұқымды қой кеңшарына бас зоотехник болып ауысады. Осы совхозда еділбай қойы, ақбас және симментал тұқымды сиырлар өсірілген. «Асыл тұқымды ферма мәртебесін алғаннан кейін асыл тұқымды тұсақтарымыз Павлодар облысына, БҚО-ның Бөкей ордасы мен Қаратөбе аудандарына құнды бағамен сатылды. Әрі С. Меңдешев атындағы қой кеңшары жылды таза кіріспен аяқтады», - деп еске алады ғалым.

«Бие сүті – нағыз дәрумен»

1993-1998 жылдары Нұржан Молдаханов Бүкілресейлік жылқы шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты өнімді жылқы шаруашылығы бөлімінің аспирантурасында оқыды. Бұл селекциялық орталық Рязань облысындағы Рыбный ауданының Дивово кентінде орналасқан. Аспирантурада Қазақстаннан келген маманға институттың атақты профессоры, Көшім жылқысын сұрыптаушы Юрий Барминцев ғылыми жетекші болып тағайындалды.

Молдаханов өзіне сенім артқан профессор тапсырмаларын тиянақты орындайды. Осының нәтижесінде институтта зоотехния мамандығы аясында «Балалар тағамына арналған экологиялық таза бие сүті мен қымыз өндірісін әзірлеу», «Қымыз фермалары үшін жылқы өсіру жағдайында биелерді іріктеу әдістерін жетілдіру» тақырыптары бойынша диссертациялық еңбектерін сәтті қорғап, ғылым кандидаты атанды.

Журнал_Страница_58-2

«Диссертацияның негізгі бөлігі теориялық және практикалық маңызы бар материалдарға, әсіресе биелердің сүт өнімділігі деңгейіне байланысты ерте постэмбриондық кезеңде құлындардың өсу және даму ерекшелігін зерттеуге арналған.

...Жұмыс мұқият ойластырылған әдістемені қолдану  арқылы жүргізілді және әдістемелік қағидаттар бір-біріне сәйкес келеді», - деген баға берді Саратов ветеринарлық медицина және биотехнология мемлекеттік академиясы жеке зоотехния және зоогигиена кафедрасының меңгерушісі, профессор В. Лушников пен кафедра доценті, ауыл шаруашылығы ғылым­дарының кандидаты В. Шингалов.

2001 жылы Орал қаласындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің малдәрігерлік факультетіне аға оқытушы қызметіне қабылданды. Кейін бұл университеттен бірнеше ЖОО бөлініп шыққаны белгілі. 2004 жылдан бастап М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың биология және экология кафедрасының доценті болып еңбек етеді.

Көптеген шәкірт дайындап, білім-білігін ел игілігіне жұмсады. 2021 жылы зейнет жасына шыққанымен, ғылыми-зерттеу жұмысын доғарған жоқ. Қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласады. 2020 жылдың қараша айынан «Қазақстан жылқы өсірушілер одағы» БҚО филиалына жетекшілік етіп келеді. Доцент өмір бойы білім жетілдіру курстарына қатысып, ізденіс жолынан тайқыған емес.

Нұржан Рахметұлы 2018 жылы М. Өтемісов атындағы БҚМУ ректоры Н. Серғалиевтің Құрмет грамотасымен, 2022 жылы «Пятимар» асыл тұқымды жылқы зауытының құрылғанына – 90 жыл» медалімен, 2023 жылы Павлодар облысы бойынша  жылқы шаруашылығы қауымдастығының грамотасымен және «Құрметті жылқы өсіруші» төсбелгісімен, 2024 жылы «Намыс-Ардагер» қоғамдық қорының «Агроөнеркәсіп кешенін дамытқаны үшін» медалімен марапатталды.

Ғалым облыстағы бірқатар ауданда жылқы өсіретін шаруа қожалықтарында ғылыми-тәжірибелік жұмысын ұйымдастырып, жаңа тұқым сұрыптау, бағалау (бонтировка) және селекциялық жұмыстар өткізуге атсалысқан. Соның ішінде Жаңақала ауданындағы «Серғазиев» шаруа қожалығының ғылыми кеңесшісі болды. Осының нәтижесінде 2022 жылы қожалықтың өнімдері «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауында «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.

Доцент әр жылдары республикалық ауыл шаруашылығы слеттерінде, басқа облыстарда өткен ғылыми-тәжірибелік семинарларда, университеттерде ұйымдастырылған конференцияларда тәжірибе бөлісіп, баяндама жасаған. Ғалымның ең қызық ғылыми жобаларының бірі – «Балалар тағамы үшін бие сүтін пайдалану» технологиясы.

Ғалымның пікірінше, қазақ ем-дом үшін тұтынатын саумал қасиеті ерекше. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты – бие  сүтіне зертханалық зерттеу жұмысын жүргізіп, саумал дайындау, қымыз баптау, сүт өнімін өңдеу технологияларын ғылыми тәжірибемен ұштастыра білетін санаулы маманның бірі. Жеке өз есебінен бірнеше рет бие сүтін өңдеп, тексеріп, Ана үйіне табыстап отырған. Әлі күнге Ана үйінен сұраныс жиі түседі екен.

– Белок, қант және басқа  компоненттер бойынша бие  сүті кәдімгі ана сүтімен тең. Оның құрамында амин қышқылы мен лактоз бірдей. Сиыр сүтіне қарағанда саумал асқазанда жеңіл қорытылады. Ағзаға сіңімді. Осы тұрғыдан алғанда, бие сүті – нағыз дәруменнің өзі. Қымызды асқазан-ішек, бүйрек, тері ауруын  емдеу, тіпті иммун жүйесін жақсарту мақсатында тұтынуға болады. Сүт құрамында майды ыдырататын А, Е, В1, В2, В витаминдері мен биотин болады, – дейді Нұржан Рахметұлы.

Жылқыға арналған сәулет жобасы

Ғалымның қоғамдық қызметі де ерекше дедік қой. Мақаланы жазу барысында жақсы жаңалықпен бөлісті. Нұржан Молдаханов БҚО әкімдігіне «Асыл тұқымды Көшім жылқысы» ескерткішін орнатуды ұсынған. 2024 жылдың ақпан айында облыстық тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия отырысында бұл идея мақұлданған. 2025 жылдың 27 мамырында облыстық мәдениет тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы Көшім асыл тұқымды жылқысына кіші архитектуралық форманы орнату жұмыстарын Жаңақала ауданы әкімдігімен бірлесе жүзеге асыруды жөн деп санады.

1931-1976 жылдар аралығында халықтың сұранысы бойынша әрі етті, әрі сүтті, әрі мінгі, әрі жеккі, қысы-жазы далада жүре алатын, экономикалық тұрғыдан тиімді жылқы керек болды. Осы себепті өңірде Көшім өзенімен аттас жаңа асыл тұқымды жылқы шықты. Қазақ жылқысын 1-ші Орлов желгіш, 2-ші Орыс желгіш, 3-ші Таза қанды мінгі, 4-ші Дон айғырларымен будандастыру арқылы жаңа тұқым алынды. 1976 жылы Кеңес одағы Ауыл шаруашылығы министрлігінің №72 бұйрығы бойынша бекітілді. 2026 – жылқы жылы, Көшім асыл тұқымды жылқысының 50 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.

Журнал_Страница_11

– Қазіргі уақытта БҚО-дағы 12 ауданда 11,5 мың Көшім асыл тұқымды жылқысы өсірілуде. Оның ішінде Казта-лов ауданындағы «Қамқор» шаруа қожалығы (басшысы Мұрат Хасанов) айғырларының тірілей салмағы  800 келіге дейін тартады. Республикамыздың барлық облысында, Ресейдің Астрахан, Саратов, Орынбор облыстарында, Балтық теңізі жағалауын­да, Эстонияда Көшім жылқылары  бар. 2022 жылдың 7-8 қазан күндері Астана қаласының «ЭКСПО» сарайында 143 мекеме қатысқан «Қазақстанның үздік тауары» байқауы бойынша Жаңақала ауданындағы «Серғазиев И.С.» шаруа қожалығының басшысы Данияр Садыров  ҚР «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Р. Баталовтың алғысхатымен марапатталды. Дәл сол жылы 7-8 желтоқсан күндері Астанада болған ҚР Президент сыйлығы «АЛТЫН САПА» республикалық байқауына 110 мекеме қатысты. Байқауға белсенді қатысқаны үшін Данияр Садыровқа алғысхат берілді.

2025 жылы Республика күніне орай қазан айының 24-25-і  күндері Ақтөбе қаласында Өнімді және әмбепап бағытындағы жылқы тұқымдарының республикалық палата-сы өткізген «Qazaq жылқылары» аймақтық көрмесінде Ақжайық ауданындағы «Жайық тұлпары» ЖШС «Көшім жылқы тұқымды айғырлары рингісінің жеңімпазы» аталымы бойынша 1-дәрежелі дипломмен марапатталды, – деді Нұржан Молдаханов.

Нұртай Текебай,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале