13.03.2026, 17:00
Оқылды: 9

Су қоймаларының 55%-ы суға толды

Жалпы  су  мәселесін  шешу  қоғамдағы  әлеуметтік  тұрақтылықты  сақтап,  экономиканы  дамытуға  кепілдік  береді.  Сонымен  қатар  ұлттық  қауіпсіздікті  қамтамасыз  ететін  басты  фактордың  бірі  саналады.  Осыған  байланысты  өңірді  сумен  қамтамасыз  етуді  жақсарту  бағытындағы  жұмыс  жалғасын  табуда. 

Пятимар су қоймасы

«Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыс аумағында республикалық теңгерімдегі су шаруашылығы нысандарын пайдаланады. Филиал теңгерімінде 14 су қоймасы, 4 гидроторап, бір бөгет, 1808,16 шақырым магистральды, таратушы, суландыру каналдары бар. 2025 жылы коммуналдық меншіктегі Жайық – Көшім және Жәнібек жүйелері  (51,3 мың га көлтабан), 705 шақырым су арналары республикалық  меншікке  берілді.

Киров су қоймасы-2

– Ақ Жайық өңірінің басты су артериясы – Жайық, Шаған, Үлкен және Кіші өзен трансшекаралық өзендері ағысының 80%-ы Ресей Федерациясының аумағында қалыптасады. Олар өзендердің жоғарғы ағысындағы гидрологиялық режімге тікелей тәуелді. «Қазсушар» мекемесі Ресей Федерациясының су шаруашылығы қызметтерімен тікелей және тұрақты байланыс орнатты. Көктемгі тасқын кезінде су шаруашылығы жағдайы туралы тұрақты ақпарат алмасамыз. Бұл өз кезегінде су шаруашылығы нысандарын сәйкесінше реттеп, жоғарыдан келетін тасқын суды апатсыз өткізуге мүмкіндік береді. Өңірдің климаттық жағдайына сәйкес су тасқыны кезеңі наурыз айының екінші онкүндігінен бастау алады. Қалыптасқан гидрологиялық режімге сәйкес тасқын суды су қоймаларын толтыруға көлтабандар мен табиғи шабындық жерлерін суаруға, санитарлық-экологиялық мақсаттарға бөлу көзделген. Көлтабандар мен табиғи шабындықтарға су шығару қоймалардағы су деңгейі межеге жеткізілгеннен кейін су пайдаланушылардың өтінімдері негізінде жүзеге асырылады, – деді «Қазсушар» РМК облыстық  филиалының  директоры Рауан  Хұсайынов (суретте).

Биылғы 15 ақпан мен 15 наурыз аралығында Ирикла су қоймасынан Жайық өзеніне секундына 139 текше метр су жіберіледі. Қазіргі кезде Ирикла су қоймасының толтырылуы жобалық көлемнің 78%-ын құрайды. Облыстың бес ауданының 87 елді мекенін сумен қамтамасыз ететін Жайық – Көшім суару-суландыру жүйесіне су Жайық өзенінен келеді. Аталған жүйенің каскадты су қоймаларында жалпы көлемі 260,3 млн текше метр стратегиялық су қоры жинақталады. Қазіргі кезде су қоймаларының орташа толтырылуы жобалық көлемнің 55%-ын құрап  отыр.

Киров су қоймасы-1

– Үлкен өзен және Кіші өзенге келсек, Ресей Федерациясы аумағындағы су қоймаларының  толтырылуы 46%-ды құрап отыр.

Филиал теңгеріміндегі су шаруашылығы нысандары қалыпты жағдайда жұмыс істеуде. Жыл  сайын су шаруашылығы нысандарын қалыпты техникалық жағдайда ұстау, су тасқынын апатсыз өткізуге дайындау, су ресурстарын тиімді пайдалану  мақсатында  нысандарда ағымдағы жөндеу және механикалық тазарту жұмыстары жүргізіледі. 2025 жылы 20 нысан жөнделіп, 163,7 шақырым арна ішінара механикалық әдіспен тазартылды. Биыл 21нысан  жөндеуден өтеді. 150 шақырым арна тазартылады, – деді Рауан Ерланұлы.

Облыс аумағындағы су шаруашылығы жүйелері мен олардың негізгі жабдықтарының нақты техникалық жағдайын бағалау үшін гидротехникалық имараттарға көпфакторлы зерттеу жұмысы жүргізіледі. 2024-2025 жылдары жеті нысан зерттелген. Ал 2026 жылы үш нысанды зерттеу жоспарлануда.  Зерттеу қорытындылары бойынша үш су қоймасын қайта жаңғырту мақсатында жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, мемлекеттік сараптамаға берілді. Сонымен қатар жалпы ұзындығы 436 шақырым құрайтын жеті магистральды каналды қайта жаңғырту үшін ЖСҚ жасақталуда. Оның ішінде бір жоба мемлекеттік сараптамадан өтті.

Киров су қоймасы

Бұл күндері Жәнібек суландыру-суару жүйесін қайта жаңғыртуға арналған жоба жүзеге асырылуда. Ислам даму банкі есебінен Казталов ауданы аумағында жалпы көлемі 28 млн текше метрді құрайтын су қоймасын салу және Тасқала ауданындағы Жайықбай суландыру каналын қайта жаңғырту жобаларын жүзеге асыру көзделуде. 2026-2030 жылдар аралығында филиал теңгеріміндегі көлтабанды суару жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жоспарланды. 2026 жылы №51 инженерлі көлтабанды жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Соның ішінде 14 имаратты жөндеу, 32 шақырым арнаны механикалық жолмен  тазалау  жоспарланды.

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале