Наурыз мейрамына орай Орал қаласында «Дәстүр мен көктем үндестігі» атты қолөнершілер көрмесі өтуде. Аталмыш іс-шараны ұйымдастыруға қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Жастар мәдениет сарайы ұйытқы болған.

Көрменің ашылу салтанатында көрме залының директоры Ахмет Ғиниятов жиналған қауымды көктем мерекесімен құттықтап, ұлттық өнер мен дәстүрдің сабақтастығына тоқталды.
– Көктем – жаңару мен жасампаздықтың, ал Наурыз – береке мен бірліктің символы. Осындай мерейлі мезетте ұлттық өнерімізді ұлықтайтын көрменің өтуі ерекше мәнге ие деп ойлаймын. Қазақ халқының қолөнері – ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл мұра. Әрбір кесте, әрбір өрнек, әрбір зергерлік бұйым – халқымыздың тарихы мен дүниетанымынан сыр шертетін қазына. Бүгінгі көрмеде ұсынылған туындылар да сол бай мұрамыздың жалғасы, шеберлердің таланты мен еңбегінің айқын көрінісі, – деді ол.

Көрмеге өңірдің 16 қолөнершісі өз туындыларын қойған. Экспозицияда қазақтың дәстүрлі қолөнерінің сан алуан үлгісі топтастырылған. Атап айтқанда, құрақ көрпелер, кимешектер, киізден жасалған түрлі бұйымдар, текеметтер, сондай-ақ ұлттық нақышта жасалған әшекейлер келушілер назарына ұсынылған. Әр-бір туындыдан шебердің қолтаңбасы мен ұлттық өнерге деген құрмет айқын сезіледі.
Көрмені ұйымдастырушы Гүлдана Мағзуованың айтуынша, бұл жолғы көрменің басты ерекшелігі – оның бір күнмен шектелмей, бір ай бойы жалғасуы. Бұған дейін қалада ұйымдастырылған көрме-жәрмеңкелер көбіне біркүндік сипатта өтетін.
– Наурыз айында адамдар ұлттық нақыштағы бұйымдарды көп іздейді ғой. Сол себепті халық іздеген дүниесін бір жерден таба алсын деген мақсатта көрмені бір айға жоспарладық. Жалпы, өзім де өнерден алыс емеспін. Негізгі мамандығым – әнші. Алайда бүгінде қолөнермен айналысып жүрмін. Оған себеп – әшекей-бұйымдарды өте жақсы көремін. Баяғыдан сынып қалған сырғалардан шашбау жасап, әртүрлі заттарды құрастырып жүретінмін. Бір сөзбен айтқанда, қолымнан келгенше әшекей жасап көруге қызығатынмын. Сөйтіп, 2017 жылы Алматы қаласына «Fashion House Kazakhstan» сән және дарын байқауына қатысуға бардым. Сол сапар менің өмірімдегі жаңа шығармашылық бағытқа жол ашты. Алматыдағы үлкен базарлардың бірінен әшекей жасауға арналған түрлі материалдарды көріп, бірден қызығып кеттім. Соларды сатып алып, Оралға алып келдім. Бірақ алғашында тек өзім үшін ғана жасап жүрдім. Ал 2019 жылдан бастап жасаған бұйымдарымды түрлі жәрмеңкелер мен көрмелерге шығара бастадым. Содан бері өңірдегі мәдени іс-шаралардан қалмауға тырысамын. Сонымен қатар ұлттық нақыштағы киімдер де тігіп, шығармашылық ізденісімді жалғастырып жүрмін. Көптен бері осылай қолөнершілердің басын қосып, көрме ұйымдастыру ойымда жүрген. Сол идеямның жүзеге асқанына қуаныштымын, – дейді ол.

Көрме бірнеше тақырыптық бөлімге бөлінген. «Жан жылуы» бөлімінде қыз-келіншектердің қолынан шыққан құрақ көрпелер, кестелі бұйымдар мен тұрмысқа қажетті сәндік дүниелер қойылған. «Дала сарыны» бөлімі шебер ер-азаматтардың қолтаңбасын танытады. Мұнда ағаштан жасалған тұрмыстық бұйымдар, ұлттық нақыштағы сәндік заттар мен саз аспаптары ұсынылған. Ал «Сұлулық әлемі» бөлімінде зергерлік өнер туындылары көздің жауын алады. Күміспен күптелген сырға, алқа, білезік секілді әшекейлер көктемдей құлпырып тұрған арулардың көркін аша түсердей әсер қалдырады.

Келушілер бұйымдарды тамашалап қана қоймай, олардың жасалу тарихымен танысып, шеберлермен пікір алмасуға мүмкіндік алды.

Көктемнің шуағымен астасқан «Дәстүр мен көктем үндестігі» көрмесі қала тұрғындары мен қонақтары үшін наурыз айы бойы жұмыс істейді. Келем деушілерге Н. Назарбаев даңғылы 206/1 мекенжайындағы көрме залының есігі ашық.
Жан Аят,
Орал қаласы