Облыстық әдістемелік орталық пен STEM академиясының бірлесуімен «Өсу векторы» жобасы аясында Орал қаласындағы №52 ЖОББМ базасында «Стратегия. Команда. Жетістік» тақырыбында облыстық педагогикалық хакатон өтті. Мақсаты – заманауи басқару идеяларын, тиімді технологияларды және инновациялық жобаларды әзірлеу арқылы білім мекемесінің жұмысын жетілдіру.

Бұл алаң — тәжірибе мен тың ойдың, кәсібилік пен шығармашылықтың тоғысқан ордасына айналды. Аудандық, қалалық білім беру бөлімдерінің басшылары, әдістемелік кабинет меңгерушілері мен білім беру ұйымдарының жетекшілері бас қосып, жалпы саны 29 команда өз жобаларын ұсынды. Әр команда білім беру саласының өзекті мәселелеріне жаңаша көзқарас ұсынып, болашаққа бағытталған батыл шешімдерін қорғады. Ізденіс пен жаңашылдыққа толы бұл додада үздіктер сараланып, шынайы мықтылар анықталды. Жаңақала ауданының білім беру ұйымдарының басшыларынан құралған «Серпін» командасы ерекше қарқын, ұйымшылдық және кәсіби шеберлік танытып, жүлделі ІІ орынды иеленді.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы