3.04.2026, 11:00
Оқылды: 20

Атырау мен Оралды тел емген ұл

Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында белгілі айтыскер ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Атырау облысына қарасты Қызылқоға ауданының құрметті азаматы Шалқарбай Ізбасаровпен «Ауылдан Алматыға дейін...» атты кездесу өтті. Іс-шара барысында Ақ Жайық жұртшылығына ақынның «Шабытты шақтар» атты екі томдық айтыстар жинағы таныстырылды. 

DSC08602 

Бұл кездесуге Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармониясының директоры, ақын Бауыржан Халиолла, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Тілекқабыл Ғабдошев, Қазақстан Жазушылар одағының БҚО бойынша өкілі Дариға Мұштанова қатысты. Сондай-ақ жергілікті ақын-жазушылар, студенттер мен айтыс жанашырлары болды. Алдымен іс-шарада көпшілікке айтулы айтыс ақынының өмірі мен шығармашылығын баян еткен бейнеролик ұсынылды.

Шалқарбай Ізбасаров 1989 жылы Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарасты Тайсойған ауылында өмірге келген. Әкесі Сайлаубай қырда мал баққан азамат болса да, көркем әдеби шығармаларды оқуға құштар екен. Ауылда әже тәрбиесімен сусындап, мейіріміне бөленген бала Шалқарбай кішкентайынан кітапты жанына серік еткен. Оның кітап оқуға деген ынта-пейілінің артуына жоғарыда айтқан кітапқұмар асқар тау әкесі себепкер. Осылайша, ол оқушы кезінде Қазақстан тарихы, Қазақ әдебиеті пәндері бойынша олимпиадаларға қатысып, облыстық және республикалық деңгейдегі білім додаларында жүлделі болды. Ұлттық бірыңғай тестілеуде де жоғары ұпай жинап, жұлдызы жарқырай түсті. Сөйтіп, 2006 жылы Х. Досмұхамедов атындағы университеттің филология факультетіне оқуға түседі. Осында айтыста «айым оңынан туса ғой» деген бала арманына қанат бітеді.

DSC08576

Сайлаубайұлының жүрегіне жыр ұялатып, айтыс өнерінің отын маздатқан ұстазы –  Мәлік Ахметов. Оның айтуынша, Шалқарбай 6-7 сынып оқып жүргенде-ақ өзі өлең жазып, аудандық айтыстарға қатысқан. Алайда жаңбыр жауса, Тайсойғанның халқын әбігерге салатын жол қатынасы жас өренді талай айтыстан қалдырыпты. Ондайда ұстазы Ахметов шәкіртін дүкенге жетектеп, тәттілер әперіп, түскен көңілін қайта марқайтатын көрінеді.

Ізбасаров студент шағында Атырау облысында өткен айтыстарда топ жарып, табаны Алматыға тиеді. Қағытпа қалжыңымен, жалынды жырымен көрермен жүрегіне жол тауып, өнерімен көптің ықыласына бөленеді. 2015 жылы «Алтын домбыра» айтысында айтқан жыр-шумақтары айтыссүйер ағайынның әлі де есінде. 2017 жылы «Қайта жаңғырған Қазақстан» атты халықаралық айтыста бас бәйгені жеңіп алып, Атырау облысының тарихында қалады. Содан бері оның есімі Жүрсіннің жүйріктерінің қатарында.

Аталмыш іс-шараға арнайы қатысқан Тілекқабыл Александрұлы ақжарма тілегін айтып, ақынға басқарма басшысы Қуанышбек Мұханғалиевтің алғысхатын табыстап, иығына шапан жапты. Одан кейін бұл іс-шара сырлы сұхбатқа ұласып, Шалқарбай Сайлаубайұлы әңгіме тиегін ағытты. Ол өзін Атырау мен Оралға ортақ ұлмын деп ағынан жарылды. Себебі Ақ Жайық өңіріндегі жақсылар мен жайсаңдар оны жандарына жақын тұтып, шығармашылық тұрғыда шыңдалуына сеп болған.

– Мен Оралда жиі боламын. Бұл қаладағы ақындармен шығармашылық байланысымды үзбей, осында талай жыр бәйгесінде жүлделі болдым. 2013 жылы Оралдағы айтысқа алғаш қатысқан едім. Суырған жеребе бойынша нәзікжанмен сахнаға шығып, әзілмен өзімше жыр өрнегін өргенмін. Айтыс сахнасында енді ғана танылып келе жатқан жас ақынның әттеген-ай тұсы да болары даусыз. Сонда жыр тартысына куә болған Мұштанова Дариға апай сын-ескертпелерін айтқан болатын. Айтыстарға шыққанда Дариға апайдың сол ақыл-кеңесін әлі күнге назарда ұстаймын.

DSC08637

Айтыстың қайқы қылышы Бауыржан Халиолла Оралда өтетін барлық айтыстан ме­ні қалдырмайтын. Ағамның қамқор көңілінің нәтижесінде Ақ Жайық ақындарымен арқа-жарқа басқосуларда болып, осы ортада буыным бекіді. Орал айтыскерлерінің ақындық әлеуеті аса жоғары. Олармен сахнада қар-сылас болсам да, былайғы уақыттарда шаңырақтарында құтты қонақ болып, дастарқандарынан талай дәм таттым.  «Шабытты шақтар» атты екі томдық айтыстар жинағымның жарық көруіне Бауыржан Ергенұлы сеп болды. Орал шәріндегі «Бейбарыс» баспасына бірауыз сөз айтып, жәрдемдесіп, сыртқы мұқабасын жасауды да өз мойнына алды. Сөйтіп, ақын досым әрі талантты баспагер Мейрамбек Сұлтанов жинақты қаттады. Ал бүгін мен туралы деректі бейнероликті қазір киелі Қадыр орталығын басқарып отырған досым Талғат Мықи дайындады. Содан кейін Атырау қаласында қос жинағымның тұсауын кестік. Одан соң Сырым ауданында кездесу ұйымдастырылып, Жымпиты жұртшылығының алдынан өтіп, алғысын алдым. Жақында еліміздің бас қаласы Астана шаһарында да жинақ таныстырылымы жоғары деңгейде жалғасын тапты. Қазіргі таңда Қырғызстан мен еліміздің Алматы қаласында кездесу ұйымдастыруды көздеп отырмыз.

– Сонау бір кезде сырқаттанып, үш-төрт жыл айтыстан қол үзуге тура келді. Мықты деген медициналық орталықтардың табалдырығын тоздырсам да, дертіме шипа табу қиынға түсті. Шыбын жанымды шүберекке түйіп жүргенде Асланбек досымды Алматыдан жолықтырдым. Бауыржан ағай Пәкөнтай деп еркелететін осы жігіт «Оралда мықты маман бар, сырқатыңа дауа тапса, сол кісі тауып береді. Бірақ ол кісінің емделушілері ұзын сонар кезекке тұрады. Мен сені апарып, жолықтырайын» деді. Облыстық  ауруханаға келіп Людмила Варшавская деген дәрігерге көріндік. Ол кісі маған ем-шара жасаған соң, қазір дертімнен құлан-таза айықтым. Бұл менің Орал мен оның адамдарына деген құрметімді, махаббатымды арттырды, – деді Шалқарбай ақын.

Содан кейін сөз кезегі Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармониясының директоры,  ақын Бауыржан Халиоллаға  берілді. Ол айтыскердің адамгершілік болмысы мен ақындығына кеңінен тоқталды.

Өнердегі інісіне ілтипат білдіріп, Шалқарбайдың есімі  мен «Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармониясы» деген жазуы бар домбыра пішіндес сағатты сыйға тартты. Кездесу барысында Шалқарбай Ізбасаров сөзін жазған әндер шырқалды. Бұл тартымды туындыларды оралдық жас ақын-сазгер Әділ Ахметов нақышына келтіре шырқады. Сайлаубайұлы жазба ақындықта да маңдайы жарқыраған жан. Ол оқыған өлең­дер жырсүйер жұртшылықты сүйсінтіп, түрлі сезімдерге жетеледі. Әсіресе, Шалқарбай ақынның марқұм әкесіне  арнаған мына бір өлеңі:

Өсіргенмен аты мәлім  ұлды әкем,

Тыңдаған жоқ өзім  жазған жырды әкем.

Балаларым ел алдында  жүрсін деп,

Өмір бойы мал артында жүрді әкем, – деп көпшілікке ой салып, тебірентті.

DSC08679

2016 жылы Шалқарбай Ізба­саров қызылқоғалық Айнұр арумен шаңырақ көтеріп, қа­зір үш перзентті тәрбиелеп өсіруде. Еңбек жолында да биік белестерге жетіп, 2025 жылдан бастап Атырау облысындағы мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының басшысы болып қызмет атқарып жүр.

 

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале