
Кешегі күнді "Достықтағы тазалық жексенбісі" деп тамсана айтуға әбден болады. Себебі өткен жексенбіде аудан орталығындағы Достық шағын ауданының тұрғындары бір кісідей жұмылып, тайлы-таяғы қалмай сенбілікке шықты.
Достықтағы ағайынның ортақ мекенін таза ұстауға бағытталған бұл ізгі әрекеті – соның айқын дәлелі. Оларға «сенбілікке шығыңдар» деп жоғарыдан нұсқау берілген жоқ, бәрі де өз бастамаларымен, «мен тұратын көше таза, жып-жинақы болса» деген ниеттен туындады.
Үйінде қандай құрал бар – күрек пе, тырнауыш па, айыр ма, сыпырғыш па – соның бәрін қолына алған тұрғындар көпқабатты үйлердің айналасын жылан жалағандай тазалап шықты. Қоқыс контейнерлерінің маңы ретке келтіріліп, қыстан қалған қалдықтардан арылды. Ер азаматтар жұмыстың ауырын көтерсе, әйел-ана, қыз-келіншектер қап ұстап, тазалыққа белсене атсалысты. Ата-анасына ерген балалар да жел ұшырған қалдықтарды теріп, ортақ іске өз үлестерін қосты.
«Көп түкірсе – көл» демекші, екі-үш сағаттың ішінде қолға алынған жұмыс толық аяқталды. Бірлігі жарасқан тұрғындар тазалық шарасынан кейін бірден тарқамай, көшенің шетіне дастархан жайып, самаурын қайнатып, таза ауада шай ішті.
Осындай ауызбіршілік пен жанашырлық бар жерде тазалық та, тәртіп те ұзақ сақталары анық. Достықтағы бұл игі бастама өзге тұрғындарға да үлгі болса игі.
Әлия Шарапиева,
Ақжайық ауданы