Оралда «Ұлы дала батырлары» атауымен қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Еліміздің 18 өңірінен келген 300-ге жуық спортшы боз кілемде бақ сынап, өзара мықтыны анықтады.

Бұл байрақты бәсеке спортшылар үшін үлкен сын әрі маңызды кезең болды. Себебі осы жарыс үздіктері алдағы уақытта Түркия Республикасының Бурса қаласында өтетін әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алды.
Тартысқа толы додада Батыс Қазақстан облысының спортшылары да лайықты өнер көрсетті.

Атап айтқанда, Малика Сәлім (16–17 жас, 53 кг) мен Габден Айқын (16–17 жас, 48 кг) алтын медаль жеңіп алды. Ал Алина Исманова (16–17 жас, 64 кг), Нұртілек Балтабай (18–23 жас, 67 кг), Қайрат Қожахмет (18–23 жас, +97 кг) және Евгений Исмагилов (18–23 жас, +97 кг) қола жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Жалпыкомандалық есепте Алматы қаласының құрамасы бірінші орын иеленді. Екінші орын Алматы облысына бұйырса, үздік үштікті Маңғыстау облысының спортшылары түйіндеді.

Айта кетейік, аталған чемпионат елімізде қоян-қолтық ұрысты дамытуға серпін беріп, жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға үлкен мүмкіндік туғызды.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz