24.04.2026, 14:30
Оқылды: 18

Шаһар шығыс сәулет өнеріне бет бұра ма?

Қазақстандықтар Орал қаласын Еуразия құрлығының қақ ортасы деп  санайды. «Еуропа қаласы» деп те атайды.  Оған негіз жоқ емес.  Біріншіден, географиялық  ерекшелігіне  байланысты.  Екіншіден, архаикалық  сипаты  ерекше. Десек те қаланы ұлттық бағытта әрлендіру әлі күнге маңызды.  Орал қаласының  әкімдігі  осы  олқылықтың  орнын  толтыру  үшін  жыл  басында урбанистика  және  сәулет  орталығын  ашты.  Бұл  мекеменің  тыныс-тіршілігін  қалалық  сәулет және  қала  құрылысы  бөлімі  қадағалайды.

Мұндай орталық Қазақстанның төрт қаласында, яғни Астана, Алматы, Шымкент және Оралда ғана бар. Мекеменің мақсаты – қаланың кескін-келбетін жетілдіру, сәулет нысандары мен архитектуралық ескерткіштердің жобаларын бекіту. Қазіргі уақытта қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі Оралдың Әбілқайыр хан, Абай, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылдары мен Құрманғазы көшесінің дизайн-кодын бекітуді көздеп  отыр.

WhatsApp Image 2026-04-24 at 14.33.52

– Жаңа стандартқа бизнес нысандар да бейімделуі тиіс. Көшелердегі жарнама қаріптері, жазу тақ-
тайшалары, баннерлердің кескіні мен түр-түсі бірізді болады. Енді құрылыс компаниялары да ғимараттың эскиздік нұсқасын урбанистика және сәулет орталығының рұқсатымен бекітеді. Сол кезде жобаларға этноүлгідегі элементтерді енгізуді ұсына аламыз, – деді «Урбанистика және сәулет орталығы» КММ басшысы Ильдар Акатаев (суретте).

Дизайн-код деген не?

Дизайн-код – қаланың сәулеттік келбетін қалыптастыру мақсатында әзірленетін, ғимараттар мен құрылыстардың сыртқы бейнесі, қасбеттері, түстердің біркелкілігі, жарнама тақталары мен маңдайшалардың орналасуы, абаттандыру элементтеріне қойылатын бірыңғай талаптар мен ережелер жиынтығы.

Бұл құжат

  • қаланың тарихи және мәдени ерекшелігін  сақтауды,
  • сәулеттік үйлесімді қамтамасыз етуді,
  • қала келбетінде безендіру бойынша  ала-құлалық орын  алмауын,
  • қоғамдық кеңістік сапасын жақсартуды көздейді.

Қысқаша айтқанда, «дизайн-код» тіркесін қаланың сырт келбетін реттейтін нормалар мен стандарттар жүйесі деп түсіндіруге болады.

Былтыр Абай мен Н. Назарбаев даңғылдары бойындағы ғимараттар мен үйлер қара және сары түске боялды. Урбанистика және сәулет орталығының басшысы Ильдар Акатаевтың айтуынша,
бұл – 2021 жылы бекітілген безендіру ережесіне сәйкес жүргізілген жұмыс. Жаңа үлгіге байланысты
жұрттың пікірі екіге жарылды. Бірі құптады, бірі жақтырмады.

WhatsApp Image 2026-04-15 at 09.21.33 (1)

Құрманғазы көшесі

Құрманғазы  көшесі  көркемдік  шешімдерінің  негізгі  бағыттары  –  музыкалық-мәдени  бағыт

Безендірудің  негізгі  бағыттары:

Қазақтың музыкалық дәстүрі және рухани мұрасы – домбыра (күй) бейнесі дала рухының символы ретінде, музыкаға арналған аллегориялық көріністер, күйші бейнесі, ішкі диалог және адамның табиғатпен әрі тарихпен байланысын көрсететін философиялық мазмұн.

WhatsApp Image 2026-04-15 at 09.21.32

Ұлттық ою-өрнек және заманауи пластика – дәстүрлі қазақ оюларына негізделген композициялар («қошқар мүйіз», «түйе табан», «сыңар мүйіз»), музыка ырғағымен үндес сызықтар, сәнделген каллиграфия және қолданбалы өнер элементтері арқылы тұтас көркемдік бейне қалыптастыру.

WhatsApp Image 2026-04-15 at 09.21.33

Қазақ фольклорынан алынған көркем арт-объектілер:

Қанатты домбыра бейнесіндегі мүсін, асатаяқ, биші қыз және сол сияқты бірнеше композициялық арт-нысандар, қазақ халқының бай тарихи-мәдени мұрасы мен фольклорлық дәстүрін көрсетеді.

WhatsApp Image 2026-04-15 at 09.21.32 (1)

Бұл арт-нысан кеңістіктің айқын мағыналық орталығына айналып, аумақтың бірегейлігін күшейтеді және ұрпақтар сабақтастығы мен ұлт тарихына деген құрмет символы болады.

WhatsApp Image 2026-04-15 at 09.21.31

Қала әкімдігіне қарасты урбанистика және сәулет орталығының жұмысы шаш етектен. Мәселен, бизнес нысандар нұсқаушы белгілерден бастап, жазу тақтайшаларын орнатқаны үшін салық төлеуі тиіс. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 505-бабына сай абаттандыру қағидасы. Бірақ кәсіпкерлер бұл ережеден бейхабар болып шықты. Оған қоса жуырда бекітілетін жаңа сәулет жобасына сай көрнекілік элементтерін ретке келтіру керек.

WhatsApp Image 2026-04-15 at 09.21.34 (1)

Аталған мекемеге 15 штаттық бірлік тиесілі. Соның ішінде мониторинг топтарына тоғыз адам енген.

WhatsApp Image 2026-04-15 at 09.21.34
Сәулет және қала құрылысы бөлімі орталық қызметкерлерінің санын көбейтуге мүдделі болып отыр. Су жаңа мекеменің құжатына үңілсек, қаланың дизайн-кодын Астана қаласындағы «EL-ORDA PRODUCTION» компаниясы әзірлеп берген.

0a544e1e-21e3-4cc3-adb5-5d97903e76fb

Безендіру стандарттарын дайындауға ашық дереккөздердегі ақпараттар, картографиялық мәліметтер, Орал қаласының геопорталы және Астана мен Мәскеу қалаларының дизайн-кодтары пайдаланылған. Оралдың дизайн-кодының жобасында жасыл, сары, қызыл, көк, түстердің үйлесімділігі, гүлзарлардың кескіні, домбыра мүсіні және ою-өрнекпен өрілген сәулеттік нысандардың суретін аңғаруға болады.

WhatsApp Image 2026-04-24 at 14.33.19

Альбина Әлішева, «Shine project» ЖШС басшысы, жобалаушы:

–  Қала  құрылысында,  сәулет  жүйесінде  ою-өрнекті  әсірелеп,  асыра  сілтеудің  қажеті  жоқ.  Мейлінше  минимализмге  мойынсұну  керек.  Міндетті түрде ұлттық нақыш көздің жауын алатындай  болуы  тиіс  деген  қағидаға  қарсымын.  Мәселен, өрнектастарды төсегенде, қазақы  стильді  аңғартатын  элементтерді  белгілі  бір  арақашықтықты  сақтай  отырып, орналастыруға  болады.  Тағы  бір  мысал,  қазіргі «Келешек  мектептерінің» архитектуралық сипаты ұнайды. Жиі болмаса  да,  қазақы  ою-өрнектерді  ұтымды  қолданады.

WhatsApp Image 2026-04-24 at 14.34.19

Яна Лұқпанова, археолог:

–  Оралдағы «Ажар» тұрғын үй кешеніндегі құрылыс сәулеті ұнайды.  Өйткені шығыстық мәнер сезіледі.  Мұндай үйлер Ақтөбеде өте көп.  Әрине, қаламыздағы ғимараттарда ұлттық нақыштың болғаны жөн.  Археология саласындағы тәжірибеме сүйеніп айтсам, «Алтын Орда» хандығының артефакт үлгілерін сәулет өнеріне енгізуді құптар едім.  Біріншіден, көзге тартымды көрінеді.  Екіншіден, шаһар кескініндегі ұлттық мазмұнды байытады. Үшіншіден, туристердің назарын шақырады.

Сұрғылт үйлер сиресе...

Еліміздің батыс қақпасы саналатын шаһардың жаңа қырынан жарқырайтын күні алыс емес деген сенімдеміз. Бұл тұрғыда, оңтүстік аймақтың озық екені айдан анық. Түркі халықтарына түнұсқалығымен танылған Түркістан шаһарына барсаң, шығыстық үлгі-мәнер мен қазақы сәулет бірден көзге түсіп, тарихи болмысын айқындай түседі. Тараз да көне кент ретінде өзінің мәдени-тарихи келбетін сақтап, ерекше сәулет үлгісімен сүйсіндіреді.

Ал Орал қаласында ұлттық ұстындағы айшықты архитектуралық ансамбль мен бірыңғай безендіру жүйесі әлі де толық қалыптаспағаны байқалады. Сондықтан қала келбетін жақсарту үшін тың архитектуралық шешімге сүйенген дизайн-код енгізу маңызды. Ақиқатын айтсақ, көршілес Ақтау, Ақтөбе, Атырау қалаларындағы көпқабатты үйлердің алуан қанық түспен боялып, айрықша әсемдігімен, маңғаз қалпымен көз тартатыны жасырын емес.

Оралда панелдік ескі үйлер кеңестік кезеңнің сұрғылт сұрқай ескерткіштері, тіпті жаңа салынған нысандардың өзі жұпыны. Кейінгі жылдары салынған шағынаудандарда бірыңғай «инкубаторлық  шешім» сүреңсіз көрінеді.

Хан тоғайына «Хан тағын» қашан қоямыз?

Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Ерғали Бекешев облыс орталығында талғамға татымайтын дүниелердің көбейіп кеткеніне наразы. Мүсіншінің айтуынша, көпқабатты үйлердің қабырғаларына мурал сала берудің мәні жоқ. «Қалаға бюджет қаражаты есебінен кішкентай көгалдар салып, жақсы материалдардан тұрғызылған, ұлттық сипаттағы мүсіндерді қоя беру керек. Қалада қазақы бітім-болмыс, кескін-келбет айқын аңғарылуы шарт», – деді Ерғали Бекешев.

Қолөнер шебері көпшіліктің көзі түсетін орындарға адамдар мен жан-жануардың қауырсын мүсіндері жаппай қойылып жатқанын мүлдем құптамайды. «Салтанат сарайының қасындағы анаға арналған мүсіннің пластиктен жасалуының өзі масқара ғой. Төзімді, сапалы материал қолдану керек еді. Мүсіннің сұлбасы керемет! Авторын танимын, талантты жігіт. Меніңше, қала ішінде анаға арналған алаң немесе тынымбақ салып, жаңағы мүсінді қоладан құю керек немесе тастан қашап жасау қажет. Сонда адамдар да емін-еркін тамашалап әрі фотоға түсе алады», – деді шебер.

Бекешевтің айтуынша, қалаға келген туристер тартымды арт-нысандар іздейді. Бұған дейін көрме залының алдындағы кеңістікті қазақы нақыштағы мүсіндермен толтыру жөнінде бірнеше рет
ұсыныс айтқан. «Бұрын қала әкімдігі жанындағы көркемдік кеңестің құрамында болдым. Эксиздік жобаларды талқылағанда сын-пікірімізді ескере бермейді. Ешкіммен санаспайды. Сол себепті кеңес құрамынан шығып кеттім», – деді жігіт ағасы.

Халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаз-жүлдегері Ерғали Бекешевтің өзі – гранит тас пен тот баспайтын темірден мүсін қашайтын кәнігі шебер. Бірқатар туындысы қала аумағына және аудандарда қойылған. Бес жыл бұрын қала әкімдігінің тапсырысымен Бөкей хандығының
215 жылдығына байланысты темірден «Хан тағын» жасаған. Бірақ қала басшысының ауысып кетуіне байланысты әкімдік ақы төлеуге құлық танытпаған.

Биыл Алтын орда хандығының құрылғанына 750 және Бөкей ордасының іргесі қаланғанына 220 жыл. Бірақ әлікүнге биіктігі төрт метр болатын, дайын тұрған темір тақты ешкім іздемеген. «Хан тоғайына қоюға болады. Оған орман шаруашылығы жөніндегі аумақтық инспекция рұқсат етпей отыр. Тоғайды қанша су басса да, «Хан тағы» композициясын тат баспайтыны анық. Бөкейді де, Жәңгірді де осы тоғайда ақ киізге отырғызып, хан көтерген. Символдық мәні зор. Тарих тағылымын насихаттайтын шақ. Бірақ бұл іске ел азаматтары жеткілікті деңгейде назар аударып отырған жоқ», – деді Ерғали Бекешев.

Мүсінші кәсіпкер жігіттермен келісімге келуге ықыласты. Тіпті Бөкей ордасынан меценат табылса, ақысын төлесе, темір тақты Нарын құмына жолдауға ықтиярлы. Табан аудармай тоғыз ай еңбек еткен туындысы еш кетпесе екен дейді.

Сөз орайы келгенде айта кетейік, облыс әкімдігі қала аумағындағы Хан тоғайын экопаркке айналдыруды көздеп отырғаны мәлім. Дәл осы саябаққа темір тақты орнатса, сәулетші де, әкімдік те ұтар еді. Бәлки, бұл уәжге атқамінерлер құлақ асар...

 

Нұртай Алтайұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале