24.04.2026, 11:15
Оқылды: 17

«Үн. Түн. Сіз»

Сәуірдің сұлу кештерінің бірінде осындай атаумен мәдениет пен өнер тоғысқан Орал қаласындағы Қадырсарайда поэзиялық-акустикалық кеш өтті. Нәзік лирикаға толы кеш «Иірім» жобасы аясында ғашықтар мерекесіне айналған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күніне арналған. Атауының өзі кештің табиғатын аңғартқандай. Мұнда үн де, тыныштық та, сезім де болды.

DSC00293

Кеш басталмай тұрып-ақ фойеде ерекше атмосфера орнады. «Мария ханым» сән үйінің қазақы нақыштағы киімдер топтамасы Қозы мен Баян дәуірін көз алдымызға әкелсе, заманауи талғаммен үйлескен безендірулер өткен мен бүгіннің арасын нәзік жіппен жалғап тұрды.

DSC00273

Жобаның ауторы әрі жетекшісі, Қадыр орталығының басшысы Талғат Мықи кештің мәні мен «Иірім» жобасының идеясын тереңнен тарқатып берді.

– Мәңгілік махаббаттың символына айналған Қозы мен Баянның хикаясы уақытпен бірге жасасып келеді.
Мыңжылдықтар бойы жырланып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен осы ғашықтардың махаббаты бүгінде үлкен рухани мерекеге айналды. Біз де сол мейрамнан шет қалмай, әсіресе жастардың сұранысына сай, олардың ішкі әлеміне жақын форматта осындай кеш ұйымдастыруды жөн көрдік. Осы идеяның негізінде «Иірім» жобасы дүниеге келді. «Иірім» – Қадыр атамыздың осыдан ширек ғасыр бұрын жарық көрген кітабының атауы. Бірақ біздің жоба тек кітап аясымен шектелмейді. Өйткені өмірдің өзі – иірім. Әннің де, сезімнің де, тағдырдың да өз иірімдері бар. Біз сол иірімдерді сахна тілімен жеткізгіміз келеді. Алдағы уақытта бұл жоба аясында патриоттық бағыттағы, рухани мазмұндағы лирикалық кештерді де тұрақты түрде өткізу жоспарда бар. Бүгінгі кештің өтуіне қолдау білдірген «Мария ханым» сән үйінің ұжымына және Cherry аутосалонының басшылығына ерекше алғысымызды білдіреміз. Мұндай шығармашылық серіктестік алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз, – деді Талғат Жұмабекұлы.

DSC00204

Кеш шымылдығы «Қозы мен Баян» монологымен түріліп, «Ғашықтар рухына!» атты поэзиялық арнаумен жалғасты. Көрермен махаббаттың сан күйін сезініп отырды: сағыныш, үміт, мұң, қуаныш – бәрі бар.

DSC00258

Кеш барысында Ерлан Қуанышев орындаған «Махаббат деген қандай-ды», Қадыр ақынның «Махаббат аспаны» шығармалары зал ішін ерекше бір толқынысқа бөледі. Ал Әділ Ахметов шырқаған «Жарық түн», «Біз екеуміз» әндері көрермен жүрегінің нәзік қылын шертті.

Мералы Әдиет, Аида Юмабаева, Асылан Ислямов мен Гүлфаризат Нұрсейітова сынды өнерпаздардың орындауындағы туындылар кештің эмоциялық палитрасын байыта түсті. Әсіресе қос дауыспен орындалған шығармалар көрерменге шынайы сезімнің дірілін жеткізді.

Кеш тек ән-жырмен шектеліп қалған жоқ. Бауыржан Халиолланың «Қара түн», Фариза Оңғарсынованың поэзиясы мен орталық директоры Талғат Мықи шығармашылығына негізделген сахналық диалог көрерменді ойға жетеледі. Ал Оспанхан Әубәкіровтің «Екі қыздың әңгімесі» пантомимасы кешке өзгеше динамика қосты.

Кештің сценарийін жазған айтыскер ақын Жарқынбек Шынтаев пен режиссер Ермек Қали еңбегі көрермен тарапынан жоғары бағаланды.

– Бүгінгі кештің форматы да, айтар ойы да ерекше әсер қалдырды. Әсіресе кештің Мұхтар Шахановтың «Жұбайлар бар әңгімесі таусылған, ал махаббат – таусылмайтын әңгіме» деген тағылымды жолдарымен түйінделуі бекер емес. Бұл сөздің өзінде үлкен өмірлік шындық жатыр. Расында да, махаббатпен қаланған отбасының іргесі қашанда берік болады. Алайда бүгінгі қоғамда сезімге селкеу түсіретін, махаббаттың қадірін төмендететін жағдайлар жиілеп барады. Мұндай құбылыстар, әрине, жанға батпай қоймайды.
Сондықтан дәл осындай алмағайып кезеңде адамның жүрегіне жол табатын, сезімнің мәнін ұғындыратын, махаббаттың шынайы бағасын сезіндіретін рухани кештердің көп болғаны аса қажет деп есептеймін, – деді ардагер  ұстаз Тамара Нәбиева.

«Мария ханым» сән үйінің директоры Жұлдыз Құспанова кештен алған әсерін ерекше тебіреніспен жеткізді.

– Шынымды айтсам, ерекше бір толқыныс үстінде тұрмын. Себебі жаныңа терең бойлайтын, жүректі қозғайтын өте әсерлі, шынайы кеш болды. Соңғы уақытта дәл осындай мазмұндағы, жанды форматтағы кездесулердің жиілей бастағаны қуантады. Өйткені адамдар онлайн кеңістіктен, экран сыртындағы өмірден шаршады. Ал мұндай тірі жүздесу – мүлде бөлек әлем. Сахна мен көрермен арасындағы сол көзге көрінбейтін байланыс, залдағы әрбір тыныс, тіпті бір сәттік жөтелдің өзі – бәрі-бәрі тіршіліктің, шынайылықтың белгісіндей сезіледі. Сол табиғилық, сол жақындық адамға ерекше жылу сыйлайды. Мен бұл кештен қанаттанып шықтым. Жүрегім жеңілдеп, жаным бір серпіліп қалғандай әсерде болдым, – дейді ол.

«Үн. Түн. Сіз» кеші – сөз бен саздың, сезім мен сананың тоғысқан тұсы. Бұл кеште әркім өз жүрегінің үнін естігендей болды. Біреу үшін бұл сағыныш, біреу үшін үміт, ал енді біреу үшін  махаббаттың  қайта оралуы...

Ерке Мереке,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале