23.04.2026, 22:00
Оқылды: 4

Мемлекеттік қызметке адам таза жан дүниесімен келуі керек

Оралдағы «Атамекен» өнер ордасында ауылдық округ әкімдерінің «Ауыл – ел тірегі: даму мен серіктестіктің жаңа кезеңі» І форумы аясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай жергілікті атқару құрылымдарының мемлекеттік қызметшілерімен кездесті. Жиынға облыс әкімі Нариман Төреғалиев және облыстық мәслихаттың, құқық қорғау құрылымдарының, аумақтық департаменттер мен басқармалардың басшылары, қала, аудан, ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ мемлекеттік қызмет ардагерлері қатысты.

e27b6aa7-2c0a-4bf4-a15b-08d03bd43cf5

Іс-шара мемлекеттік қызмет жүйесіндегі кадр сапасын арттыру, жас мамандарды тарту және заманауи басқару тәсілдерін енгізу мәселелеріне арналды.
Жиынға облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, сөз сөйледі. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудың басым бағыттарын айқындап, мемлекеттік аппараттың тиімділігі мен ашықтығын арттыруға ерекше мән беріп келеді. Бұл – баршамызға ортақ міндет әрі үлкен жауапкершілік. Аталған міндеттер әрбір мемлекеттік қызметшіден жоғары кәсібилікті, адалдықты, жаңашылдықты және үздіксіз дамуға деген ұмтылысты талап етеді. Бүгінгі кездесу – мемлекеттік қызмет жүйесін одан әрі жетілдіру, оның тиімділігі мен ашықтығын арттыру, халық сенімін нығайту бағытындағы өзекті мәселелерді талқылайтын маңызды диалог алаңы. Осындай ашық пікір алмасулар арқылы біз ортақ мақсаттарға қол жеткіземіз» – деді Нариман Төреғалиев.

759a6558-6efc-4315-b69f-95ef6ab2850d
Ақ Жайық өңірінде жергілікті атқарушы құрылымдарында 2071 мемлекеттік қызметші еңбек етуде. Оның ішінде басқарушы буын – 32%(656), атқарушы буын – 68%. Жас мемлекеттік қызметшілердің үлесі 32%-ға (657) жетіп отыр. Облыс бойынша кадрлық резервке 30 үміткер енгізіліп, жоба жүзеге асырылғалы бері 22 резервші әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға тағайындалды, 18-і қызметте ілгерілетілді. Бұл – ашықтық пен меритократия қағидаттарының көрінісі.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әділетті Қазақстанды құру жолында «Заң мен тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Адал азамат» қағидаттарын қоғамдық санада орнықтырудың өзектілігін атап өтті. Бұдан бөлек сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыру, мемлекеттік қызметтерді алушылардың құқықтарын қорғау, кадрлық процестерді цифрландыру, мемлекеттік қызметке кіру тәртібін оңтайландыру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері туралы әңгімеледі. «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң жобасындағы өзгерістер туралы айтты.
– Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» идеясының өзі күнделікті немесе жексенбі, сенбі күндері есік алдын не көше тазалау емес. Таза Қазақстан деген сол уақытта болады, яғни біздің қоғамды табиғатша аялау, ішкі мәдениетті қалыптастыру. Мемлекеттік қызметке адам таза жан дүниесімен келуі керек. Қызметке келген соң таза қызмет етіп, әділ шешім қабылдап, адал қызмет ету керек. Сонда Мемлекет басшысының жүргізіп отырған реформалардың барлығы халыққа түсінікті болады. Еститін мемлекетке айналатын болсақ, бір-бірімізді құрметтеп жүруіміз керек. Өзара құрмет көрсетіп, бір-бірімізді ести білгеніміз жөн. Абайдың қарасөзінде: «Есті адамдардың есті сөздерін естіп жүрсек, ертең өзіміз де есті адамдардың қатарына өтеміз» деген. Бір-бірімізді тыңдап, бір-біріміздің қойған сұрақтарымызға немесе жауаптарымызға қанағаттануымыз керек. Кейде мемлекетті қызметші тарапына сыни көзқарастар болады. Пікірлер де, сын да әр түрлі. Бірақ оның өзі орынды болғаны дұрыс. Кейде мемлекеттік қызметшілерді орынсыз даттау да кездеседі. Әрине, қателіктер болады. Алайда қателіктер не өзгерістер болмаған жерде әрі қарай даму болмайды, – деді Дархан Жазықбай.

a95f25f7-ca16-4bd4-95f9-73e014e5d4da
Дархан Медеғалиұлы мемлекеттік қызметтің тиімділігі тікелей кадрлардың біліктілігі мен кәсібилігіне байланысты екенін айтып өтті. Ол іріктеу жүйесін жетілдіру, меритократия қағидаттарын нығайту және қызметшілердің үздіксіз дамуына жағдай жасау, цифрландыру және жасанды интеллект тетіктерін пайдалану – басты басымдықтардың бірі екенін жеткізді. «Мемлекеттік қызметке іріктеудің цифрлық жүйесі 94 мемлекеттік құрылымда енгізіліп, бүкіл мемлекеттік аппаратты қамтуда. Соның нәтижесінде бәсекелестік айтарлықтай артты: орта есеппен бір бос орынға үміткерлердің саны 7 адамды құрап, дәстүрлі әдіспен салыстырған 3,5 есеге өсті. Осының өзі мемлекеттік қызметке деген сенімнің артқанын көрсетеді», – деді агенттік төрағасы.
«Ел Президенті мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Ал мемлекеттік қызметті одан әрі дамыту бағытында жүргізіліп жатқан реформалар – еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өмірін жаңғыртуға, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Мемлекеттік қызметші – еліміздің өсіп-өркендеуінеүлес қосатын, қоғамда адалдық пен әділеттіктің үлгісін көрсететін халықтың айнасы. Жауапкершілігі жоғары салада өздеріңізге жүктелген міндет пен жоғары сенімді ақтауда бар күш-жігерлеріңіз бен білімдеріңізді сарқып, ел-халыққа адал қызмет ете беруге шақырамын», – деп өңір басшысы кездесуді қорытындылады.

86f1d1e9-f819-430d-8848-49c5b7eb7c24
Жиын барысында қатысушылар кадрлық әлеуетті күшейтуге бағытталған бастамалар мемлекеттік басқару сапасын арттыруға және өңірдің тұрақты дамуына серпін беретініне сенім білдірді. Сонымен қатар, олар мемлекеттік қызметші әлеуетін нығайту, штаттық бірлікті көбейту туралы өздерін толғандыратын сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. Өңір активі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған мемлекеттік қызметті жаңғырту бағытын қолдайтынын алға тартты. Кездесу соңында бір топ мемлекеттік қызмет ардагерлеріне «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісі табыс етілді. Өз ісінде үздік нәтижеге жеткен қызметшілер марапатталды. Сонымен қатар лауазымдық міндетін үлгілі атқарған бірқатар мемлекеттік қызметшіге Агенттік төрағасының Грамоталары мен Алғысхаттары табысталды.

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале