Өңірде алғаш рет ұйымдастырылған ауыл әкімдерінің форумы аясындағы кәсіпкерлер форумы «Атамекен» өнер ордасының фойесінде жалғасын тапты. Аталған алаңда қолынан өнер тамған шеберлердің туындылары, заманауи техника мен технология тілін меңгерген жаңашыл кәсіпкерлердің жобалары, сондай-ақ ұлттық нақыштағы бұйымдар көпшілік назарына ұсынылды. Өз ісін заман талабына сай бейімдеген қызмет көрсетушілердің көрмесі келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды.

Форум барысында түрлі бағыттағы кәсіп иелері өз тәжірибелерімен бөлісіп, өңірдегі кәсіпкерліктің даму қарқынын көрсетті. Солардың бірі – он жылдан бері такси қызметін ұсынып келе жатқан кәсіпкер Еділ Асқар. Ол бүгінде сырттан келген ірі қосымшаларға бәсекелестік туғыза алған. Бір жыл бұрын өз қосымшасын іске қосқан кәсіпкер қазіргі таңда жұмысын жүйелі түрде дамытып отыр.

– Қазір біздің такси қызметін пайдаланушылар саны артып келеді. 190 көлік 15 бағыт бойынша жолаушы тасымалдайды. Алдағы уақытта бүкіл Қазақстанды қамтысақ деген жоспарымыз бар, – дейді кәсіп иесі Еділ Асқар.
Форумда тек табыс табуды ғана емес, туған жеріне қолдау көрсетуді мақсат еткен жомарт жандар да таныстырылды. Солардың бірі – Казталов ауданының тұрғыны Руслан Сарбаев. Ол былтырдан бері өзі кәсіп жүргізетін Сатыбалды ауылында дүниеге келген әрбір сәбиге 200 мың теңге көлемінде сыйақы беріп келеді.

– Кәсібім ауылмен тығыз байланысты. Сондықтан ауылда туған әр сәби мен оның ата-анасын қолдау мақсатында осындай бастама көтердім. Енді ауылдағы жастар саны артып адам саны көбейе түседі деп сенем, – дейді Руслан Сарбаев.
Кәсіпкер осы уақытқа дейін төрт сәбиге қаржылай көмек көрсеткен. Биыл да бұл игі ісін жалғастыруды жоспарлап отыр.

Жалпы, форум аясында ұсынылған жобалар мен бастамалар ауыл кәсіпкерлігінің жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын айқын көрсетті. Мұндай алаңдар тәжірибе алмасуға, жаңа идеялардың жүзеге асуына және жергілікті бизнестің дамуына тың серпін беретіні сөзсіз.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz
