24.04.2026, 11:45
Оқылды: 11

Заңсыз салынған үй бұзылуда

Орал қаласындағы орталық көшелердің бірі – Ж.  Досмұхамедов көшесі, 33-үй мекенжайында орналасқан төрт қабатты ғимарат сот шешімімен мәжбүрлі түрде бұзылуда. Аталған нысан заңсыз салынған құрылыс ретінде танылған.

WhatsApp Image 2026-04-23 at 11.13.45

Бұл жағдай жеке кәсіпкер «TN Group»-ке қатысты жүргізілген жоспардан тыс тексерістен кейін анықталған. Тексеріс 2024 жылғы 6 тамызда көршілес жер телімі иесінің өтініші негізінде жүзеге асырылған.

– Қазіргі басталған бұзу жұмыстарын бір ай ішінде толық аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл нысанды тексеру барысында бірқатар өрескел заңбұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, жер телімі жекеменшік болғанымен, құрылыс нысанында бекітілген тәртіпке сай сараптамадан өткен жобалық-сметалық құжаттама болмаған.

Сонымен қатар құрылысмонтаж жұмыстары техникалық және ауторлық қадағалаусыз басталған. Құрылыс жұмыстарының басталғаны туралы тиісті құрылымдарға хабарлама да жолданбаған. Сонымен қатар көршілес учаскелерге қатысты өртке қарсы арақашықтық талаптары сақталмаған. Құрылыс басталған сәттен бастап тапсырыс берушіге нысанның заңсыз екені ескертілген. Соған қарамастан, құрылыс жұмыстары жалғастырылған. Айта кету керек, мұндай нысандардың заңсыз екенін дәлелдеу үшін белгілі бір уақыт қажет, кей жағдайда бұл процесс жарты жылдан екі жылға дейін созылады. Сондай-ақ жауапкершіліктен жалтару мақсатында құрылыс иесі жер телімін үшінші тұлғаға қайта сатқан. Алайда сот барысында бұл мәміленің заңсыз екені дәлелденіп, сатып алу-сату келісімі күшін жойды. Бүгінде облыстағы құрылыс саласын бақылауды күшейту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында «Құрылыс бақылау» атты Telegram-бот іске қосылды. Бір ғана батырманы басу арқылы арнайы платформаға өтіп, заңсыз құрылыс нысанын фотоға түсіріп, бізге жібере аласыздар. Сіздің жолдаған өтінішіңіз бірден мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау құрылымдарына түседі және біз оған жедел түрде жауап  береміз.

Егер заңсыз құрылыс фактілерін байқасаңыздар, аталған Telegram-бот арқылы бізге хабарласыңыздар. Барлық өтініштер ерекше бақылауға алынады. Мысалы, құрылыс алаңында қоршау жоқ болса немесе құрылыс жұмыстары тұрғын үйлерге кедергі келтіріп жатса, азаматтар осы бот арқылы шағым түсіре алады. Әрбір өтініш бойынша тиісті құқықтық баға беріліп, қажетті шаралар қабылданады, – дейді бұзу жұмыстарының басынан табылған облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Әлібек Антазиев.

Басқарма берген мәліметке сәйкес, аталған заңбұзушылықтар Қазақстан Республикасының «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңына қайшы келеді. Осыған байланысты тапсырыс беруші ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 316, 321 және 463-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 2026 жылғы 26 ақпанда Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы мемлекеттік құрылымның талап-арызын қанағаттандырып, нысанды өз бетінше салынған құрылыс  деп таныды.

Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының инспекция бөлімінің басшысы Мағжан Мұратовтың айтуынша, құрылыс саласында жиі кездесетін негізгі заңбұзушылықтардың бірі – рұқсат құжаттарының толық рәсімделмеуі. Атап айтқанда, кейбір тапсырыс берушілер архитектуралық-жоспарлау тапсырмасын алмай, эскиздік жобаны келіспей, жер телімінің нысаналы мақсатын өзгертпей құрылыс жұмыстарын бастап жатады. Сонымен қатар жобалық-сметалық құжаттама әзірленбей, тиісті сараптамадан өткізілмейді. Ең бастысы – құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы хабарлама берілмей, ауторлық және техникалық қадағалаусыз  жүргізіледі.

– Өткен жылы жүргізілген тексерулер нәтижесінде заңсыз салынған нысандарды ерікті түрде бұзу туралы 7 ұйғарым берілді. Соның  ішінде бірқатар нысан иелері талаптарды өз еркімен орындап, құрылыстарын бұзды. Кейін қажетті құжаттарды рәсімдеп, заң талаптарына сай қайта құрылыс жұмыстарын бастады. Дегенмен барлық жағдайда мәселе мұндай жолмен шешіле бермейді. Көп жағдайда құрылыс иелері мемлекеттік құрылымның ұйғарымымен келіспей, сотқа жүгінеді. Заңнамаға сәйкес, шағым түскен жағдайда әкімшілік актінің күші уақытша тоқтатылады.

Бұл өз кезегінде сот процесінің ұзаққа созылуына әсер етеді. Мәселен, қазір бұзылғалы тұрған нысан бойынша сот даулары 2024 жылдың соңында басталып, тек 2026 жылдың қаңтарында ғимаратты бұзу туралы түпкілікті шешім қабылданды. Яғни, бұл іс шамамен екі жылға жуық уақыт қаралды.  Қазіргі таңда нысанды бұзу жұмыстары атқарушылық іс жүргізу аясында жүзеге асырылуда. Мемлекеттік сот орындаушысы тиісті өндірісті қозғағанымен, құрылыс иесі өз қателігін түсініп, мердігер ұйымды тарта отырып, ғимаратты өз еркімен бұзуға кіріскен. Құзырлы құрылым бұл процестің қауіпсіз әрі талапқа сай жүргізілуін бақылауда ұстап отыр. Айта кету керек, қолданыстағы заңнамаға сәйкес құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтату тек сот шешімі арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан да кей жағдайларда, сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін құрылыс жұмыстары жалғасуы мүмкін, – деді басқарма өкілі.

Жалпы, 2025 жылдан бастап басқарма тарапынан құрылыс саласына бақылау күшейтілген. Өткен жылы барлығы 80 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 66 ұйғарым берілген. Қазіргі таңда олардың барлығы толық орындалған. Сонымен қатар 142 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 40 миллион теңге көлемінде айып-пұл салынған. Ал биыл 15 жос-парлы тексеру жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша 11 ұйғарым берілген. Бұдан бөлек, 99 әкімшілік хаттама рәсімделіп, жалпы сомасы 11 миллион теңгеге айыппұл  салынған.

Бүгінде қала бойынша екі мониторингтік топ жұмыс істейді. Олар қала әкімдігімен бірлесіп, Орал қаласының аумағын толық қамтып отыр. Бұрын тығыз қоныстанған аудандарға қолже-тімділік қиын болса, қазір мониторинг топтары дрондармен қамтамасыз етілген. Соның арқасында қала аумағындағы барлық құрылыс нысандарын бақылауға мүмкіндік бар.

Осы орайда басқарма құрылыс саласындағы мердігерлерге төмендегідей ескерту  жасайды!

Рұқсат құжаттарынсыз құрылыс жұмыстарын бастамаңыздар. Себебі бүгінде құрылыс саласы толық цифрландырылған, басталған әрбір құрылыс бақылауда болады. Заңсыз басталған кез келген құрылыс тоқтатылып, заң талаптарына сәйкестендіріледі. Егер құрылыс жұмыстарын қалай бастау керектігін білмесеңіздер немесе құжаттарға қатысты сұрақтарыңыз болса, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау құрылымдарына жүгінуге болады. Мамандар барлық қажетті түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, дұрыс бағыт-бағдар береді.

Жанерке Мерекеқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале