«Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» демекші, бүгін жалпықазақстандық ағаш егу күніне орай аудан орталығында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды. Игі шараға Ақжайық ауданы әкімі Мұрат Сердалин, аудандық мәслихат төрағасы Сәлімгерей Сиражев, аудан әкімінің орынбасарлары, мекеме-бөлім басшылары мен қызметкерлері белсене қатысты.

Аудан келбетін көркейтуге бағытталған акция барысында Қонаев көшесіндегі саябаққа 150 түп үйеңкі, 150 түп терек көшеті отырғызылды. Сонымен қатар, «Даңқ саябағына» 30 түп шырша егілді. Аталған шараға бір су таситын көлік пен қара топырақ таситын трактор жұмылдырылды.

Жалпы аудан бойынша 4168 түп ағаш отырғызылып, сенбілікке 4381 адам қатысты. 15,6 тонна қоқыс шығарылып, 17 техника жұмылдырылды. Сонымен қатар, қарағай, жеміс ағаштары және ақ тал көшеттері егілді.

Табиғатты қорғау мен көгалдандыруға бағытталған мұндай шаралар аудан тұрғындарын ортақ іске жұмылдырып, туған өлкенің экологиялық жағдайын жақсартуға өз үлесін қосуда.



Нұрбек Ихсан
Ақжайық ауданы