Атырау қаласында бокстан бес дүркін КСРО чемпионы Болат Теміровті еске алуға арналған халықаралық турнир өтті. Дәстүрлі додаға қатысқан былғары қолғап шеберлері жоғары деңгейдегі шеберліктерін көрсетіп, тартысты жекпе-жектер өткізді.

Аталған жарыста Батыс Қазақстан облысының боксшылары да сәтті өнер көрсетті. Атап айтқанда, +90 келі салмақ дәрежесінде рингке шыққан Имран Днишев пен 85 келіде жұдырықтасқан Аян Қалмағанбетов күміс жүлдеге ие болды. Ал 80 келіде бақ сынаған Өнер Сейілхан қола жүлдені еншіледі.
Айта кету керек, Өнер Сейілхан осы нәтижесінің арқасында 23 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы Азия чемпионатына қатысуға мүмкіндік алды. Бұл – жас спортшының алдағы ірі додаларда бақ сынауына жол ашқан маңызды жетістік.

Жалпы, турнир қорытындысы БҚО боксшыларының дайындық деңгейінің жоғары екенін көрсетіп, өңір спортының әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Түгелбай Бисен
«Орал өңірі»