Аудан әкімі Марат Тоқжановтың халықпен кезекті кездесуі Мичурин ауылдық округінде түйінделді. Жиын барысында округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы, атқарылған жұмыс есебі және тұрғындарды мазалаған өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.

Округ әкімі Максим Мусалимовтың есебіне сүйенсек, қазіргі таңда Мичурин ауылдық округінде кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Бүгінде мұнда 74 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 286 жеке кәсіпкер, 14 шаруа қожалығы мен 2 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі тіркелген. Халықтың табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несиелер берілуде. Мәселен, өткен жылы мал шаруашылығы мен сауда нысандарын ашуға қолдау көрсетілсе, биылғы жылы наубайхана, құс шаруашылығы және қызмет көрсету орталықтарын ашуға 5 өтінім рәсімделу үстінде.
Ауылдың мәдени-спорттық тынысы да назардан тыс қалмаған. Жыл басынан бері округ клубында 24-ке жуық шара ұйымдастырылып, облыстық «Жай лига» додасында ауыл намысын қорғайтын екі бірдей команда жасақталған. Ал көктемгі су тасқынының алдын алу бағытында 18 мың куб қар шығарылып, жүйелі жұмыстардың нәтижесінде тұрғын үйлерді су басу қаупі сейілген. Абаттандыру жұмыстары бойынша Таза сервис ЖШС қалдықтарды шығарумен айналысса, тәртіп бұзғандарға қатысты тиісті хаттамалар толтырылып, бақылау күшейтілген.
Кездесудің екінші бөлімі ашық диалог форматында өтіп, Берікқайыр Чугиров, Тельман Хасенов, Закиржан Матенов және Махмуд Берғалиев сынды ауыл белсенділері бірқатар түйткілді мәселелерді көтерді. Тұрғындар әсіресе ауыл іші тазалығы сын көтермейтінін алға тартты. Сонымен қатар, кернеудің тұрақсыздығы салдарынан тұрмыстық техникалардың істен шығуы мен өрт қаупінің артуы жиналғандардың басты уайымына айналған.
Аудан басшысы Марат Тоқжанов көтерілген әрбір мәселеге жеке-жеке тоқталып, заң аясындағы шешімдерін ұсынды. Мәселен, тазалық жұмыстарын бақылау үшін «ауылнайлар» институтын енгізу, үлгі көрсетіп алда зиялы қауым өкілдері ұстаздар жүрсе, әрі шәкірттерді еңбекке баулу тәліміне тоқталып, бейнебақылау камералары арқылы жауапкершілікті де арттыру қажеттігін атап өтті. Ал электр энергиясына қатысты мәселе, соның ішінде тұрғын үйде шыққан өрттің себебін анықтау үшін арнайы комиссия мен зертханалық зерттеулер жүргізілетінін, шығын нақты техникалық ақаудан болған жағдайда материалдық көмек көрсету мүмкіндігі қарастырылатынын жеткізді. Сонымен қатар, «Садовая» көшесіндегі жоғары вольтты желілердің астына салынған құрылыстардың заңдылығы сәулет және құрылыс бөлімі арқылы қатаң тексерілетінін де баса айтты.

Инфрақұрылымды дамыту бағытында Марат Лұқпанұлы жол жөндеу жұмыстары бойынша ұстанымын нақтылады. Аудан әкімінің айтуынша, басымдық бірінші кезекте 30-40 жылдан бері қатқыл табанды жол көрмеген ескі көшелер мен шекаралық аймақтарға беріледі. Алдағы жоспарға сәйкес Мичурин, Асан, Жером, Жамбыл, Зелёный және Октябрьск ауылдарында жарықтандыру, тротуар салу, жол жөндеу және балалар ойын алаңдарын орнату сияқты ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Бұл шаралардың барлығы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға және округтің әлеуметтік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Гүлім Орда,
Бәйтерек ауданы