Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне және 9 мамыр - Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай салтанатты жиын өтті. Шараға запастағы генерал-майор, «Қаратөбе ауданының Құрметті азаматы» Руслан Тынбаев арнайы қатысты.

Алдымен 9 мамыр – Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай «Ерлік елге мұра, ұрпаққа ұран!» атты еске алу рәсімі өтті. Жиналғандар Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтардың рухына тағзым етіп, олардың жанқиярлық ерлігін бір минут үнсіздікпен еске алды.

Ұлы Отан соғысы құрбандарына аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиевпен запастағы генерал-майор Руслан Тынбаев және ауыл тұрғындары гүл шоқтарын қойды.

Одан соң шара салтанатты жиынмен жалғасын тапты. Жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев тұрғындарды қос мерекемен құттықтады.
Тағылымды шарада Қаратөбе ауданынан шыққан тұңғыш генерал-майор, «Қаратөбе ауданының Құрметті азаматы» Руслан Тынбаев сөз алып, жиналған қауымды Отан қорғаушылар күнімен құттықтады.
Шара барысында аудан әкімі келген жерлесіміз, запастағы генерал-майор Руслан Тынбаевқа ерекше құрмет көрсетіп, иығына шапан жауып, «Өтебаш» шаруа қожалығы атынан ат мінгізді.

Шара Егіндікөл ауылдық мәдениет үйі өнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасына ұласты. Концерт барысында жергілікті әншілер патриоттық және халық әндерін орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Р.Абай,
Қаратөбе ауданы,