Жеңіс күні облыс әкімі Нариман Төреғалиев соғыс және еңбек ардагерлерін мерекемен құттықтады.

Алдымен соғыс ардагері Иван Гапичтің үйіне барған өңір басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді.

Онда: «Сізді Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке жеңімпаз ұрпақтың қайсар рухы мен теңдессіз қайсарлығын бейнелейді. Адамзат тарихындағы ең қанды соғыстың барлық қиындығын қайыспай көтеріп, біздің бейбітшілікке, бостандыққа және жарқын болашаққа деген құқығымызды қорғадыңыздар. Сіздің өмір жолыңыз – жас ұрпақ үшін шынайы патриотизмнің үлгісі. Халқымыз майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің теңдессіз ерлігін әрқашан есте сақтап, құрметтейді. Барлық отандасымыздың атынан сізге мықты денсаулық пен бақ-береке тілеймін!» делінген. Ал облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы ҚР Бас прокуроры Берік Асыловтың құттықтаухатын оқып, мерекелік лебізін білдірді. Майдангерді құттықтай барған делегация сый-сыяпаттарын да табыстады.

Биыл 103 жасқа толған майдангер Иван Степанович өзіне құрмет көрсеткен жандарға алғысын білдірді. Жер-жаһанда тыныштық болуын, кейінгі ұрпақтың бейбіт өмір сүруін тіледі. Ардагердің үйінің алдында Жастар мәдениет сарайының Есболат Абдулов атындағы үрмелі аспаптар оркестрі жеңіс әндерінің әуенін орындап, құрмет көрсетті.

Бұдан соң облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы «Парасат» орденінің иегері, еңбек ардагері, өлкетанушы Жайсаң Ақбайды Жеңіс күнімен құттықтады. Әрі бұл күн – қарияның 99 жасқа толған туған күні. Аймақ басшысы ғибратты ғұмыр иесінің мәдениет пен өнердің дамуына сүбелі үлес қосқанын ерекше атап өтіп, зор денсаулық тіледі.

Көрсетілген құрметке ризашылығын білдірген Жасаң Досболатұлы облыс әкімі мен прокурорға өзінің жақында жарыққа шыққан «Мәдениет ардагері. Жазушы. Өлкетанушы» кітабын тарту етті. Өңірдің өндірісі өркен, халықтың ынтымақ-бірлігі нығая берсін деген тілегін жеткізді.
Ясипа Рабаева
«Орал өңірі»