28.02.2017, 12:57
Оқылды: 83

«Сұлу сөздің сардары» аймақтық байқауы жарияланды

 

Ақжайық ауданында әйгілі ақын, ғалым, Сағынғали Сейітовтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Жыр ғұмырдың самғауы» атты шара өтті. Онлайн режимінде өткен жиынға ҚР Ұлттық кітапханасынан бастап облыстық кітапханалар жүйесі қатысты.


Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасынан байланысқа шыққан ақын Айтқали Нәріков, ақын, ұстаз Үзілдік Елеубайқызы өз естеліктерімен бөлісті.

Айта кетейік, жерлес тұлғаның 100 жылдығына орай ауданда мазмұнды шаралар өтпек. Ақынның есімін ұлықтау мақсатында аудан орталығындағы көшеге, туған ауылы – бүгіндегі Жұбан ауылындағы орта мектепке есімін беру, осы оқу ордасында С.Сейітов сыныбын ашу, аудандық тарихи-өлкетану мұражайында оған қатысты жәдігерлер жинақтау көзделіп отыр.

Сондай-ақ Ақжайық ауданы әкімдігі мен БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен «Сұлу сөздің сардары» атты аймақтық байқау жарияланды. Жұмыстар 10 сәуірге дейін қабылданады.

Ақын туған Қандық ауылына «Сағынғали туған сағым дала» атты саяхат, «Чапаев-Құрайлысай-Сайқұдық-Чапаев» веложорығын ұйымдастырып, аудан орталығына ақынның кеудетұғырын орнату жоспарда.

Шара барысында ақынның қызы Дидар Сағынғалиқызы Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханадан тікелей байланысқа шықты.

– Ел-жұртты талантымен сүйсіндірген әкеміздің әдебиет пен қоғам өміріне сіңірген еңбегі орасан. Өлең үшін жаралған алып бәйтеректей ол майданда қан кешіп келсе де сабырлы қалпынан танған емес. Кейінгіге өлшеусіз мұра қалдырған Сағынғали ақынның ел деп соққан жүрегі тоқсанға келіп тоқтағанымен, артында қалған ұрпағымен, жырсүйер ағайынның құрметімен мың жасамақ. Игі бастамаларды жоспарлап жатқан барша азаматтарға, әсіресе, Ақжайық аудандық әкімдігіне зор алғысымды арнап, аналық тілегімді білдіремін,-деді ол.

 

Бекболат ҚАЛЕНОВ

Ақжайық аданы

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале