Тасқала ауданы, Шежін ауылында дәл осындай атаумен ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды дәріптеген аудандық фестиваль ұйымдастырылды. Ата дәстүр мен аналық тәрбиенің мәйегін арқау еткен бұл игі шара Тасқала ауданы әкімдігінің қолдауымен аудандық ардагерлер кеңесі, аудандық әжелер алқасы және «Тасқала әйелдері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтті.

Ұлттық рухты жаңғыртқан мерекелік жиынға ауданның ақсақалдары, ардақты әжелері, ибалы келіндері, қоғам белсенділері және ауылдық округтерден келген қатысушылар жиналды. Фестивальдің басты мақсаты – қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын дәріптеу, әже тәрбиесі арқылы жас келіндердің бойына әдептілік, инабаттылық, кішіпейілділік пен үлкенге құрмет секілді асыл қасиеттерді сіңіру, отбасы құндылықтарын насихаттап, ұрпақтар сабақтастығын нығайту болды. Шара өтетін алаң қазақы нақышта безендіріліп, келген көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Алаңға тігілген қос киіз үй, қазан-ошақтар, ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген көрме бұрыштары мен көздің жауын алатын қолөнер бұйымдары халқымыздың бай мәдениетін айшықтап тұрды. Жазғы сахна төріне фестиваль атауы жазылған баннер ілініп, сахна алдына төселген текемет пен кілемдер қазақы болмыстың сәнін арттырды. Фестиваль шымылдығы салтанатты түрде ашылып, жүргізушілер қазақ қоғамындағы әженің орны мен келін тәрбиесінің маңызына кеңінен тоқталды. «Әже – отбасының алтын қазығы», «Келіні жақсы үйдің – керегесі алтын» деген халық даналығының астарында терең мән жатқанын атап өтті. Шара барысында ішкі саясат бөлімінің басшысы Думан Ғазез, Шежін ауылдық округінің әкімі Миржан Есқалиев, сондай-ақ ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәрдемғали Балыков, Батыс Қазақстан облысы ардагерлер ұйымы жанындағы әжелер алқасының төрайымы Светлана Мұғалбаева, аудандық әжелер алқасының төрайымы Аққаным Меңдіғалиева, сонымен қатар, фестивальге көршілес аудандардан арнайы келген әжелер алқаларының төрайымдары да қатысып, шараның мазмұнын байыта түсті. Олар қазақы тәрбиенің бүгінгі қоғамдағы орны, әже мектебінің ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі жайында тағылымды ойларымен бөлісіп, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді. Ақ жаулықты аналар ел ішіндегі ынтымақ пен бірліктің, ұлт тәрбиесінің алтын діңгегі саналатын осындай игі бастамалардың маңыздылығына тоқталып, жас келіндерге ақ баталарын берді. Ауданаралық рухани байланысты нығайтқан бұл кездесу әжелер өнегесінің ұлтқа ортақ құндылық екенін айқын көрсетті. Фестивальге Ақтау ауылдық округінен ене мен келін Сәуле Шандаева, Нұргүл Есмағамбетова, Достық ауылдық округінен Светлана Қабылғалиева, Мейрамгүл Хамзина, Қазақстан ауылдық округінен Нұрия Жұмағалиева мен Нұргүл Кондудаева, Қосшы ауылдық округінен Жұмағаным Сапарова және Айнагүл Акапова, сондай-ақ, Мерей ауылдық округінен Бақыт Мұратова, Нұргүл Қармысова, Мереке ауылынан Ақмарал Қазиханова, Сымбат Мұстафина, Тасқала ауылдық округінен Қазира Байболатова, Айнагүл Елеуова , киелі Шежін жерінен Азиза Ибадильдина мен Мадина Боранбай қатысты. Фестивальдің мазмұнды бөлімдерінің бірі – қазақ халқының қонақжайлық дәстүрін танытқан «Табақ тарту» рәсімі болды. Аудандық аналар алқасының ақ жаулықты әжелері қазақ дастарқанындағы табақ түрлері, оның ұсынылу тәртібі мен кәделі мүшелер туралы кеңінен түсіндіріп, дәстүрдің тәрбиелік мәнін көрсетті. Қонақ күту мәдениетінің қазақ халқы үшін тек әдет емес, ұлт болмысы мен тәрбиесінің айнасы екені ерекше айтылды. Келесі бөлімде Шежін ауылының әжелері ұлттық сүт тағамдарының дайындалу жолдарын көпшілікке таныстырды. Ақ тағамдардың қасиеті, денсаулыққа пайдасы мен атадан балаға жалғасқан әзірлеу тәсілдері жан-жақты баяндалды. Құрт, май, айран, ірімшік, қатық секілді ұлттық тағамдар көрмеге қойылып, қонақтардың қызығушылығын тудырды. Әжелер «Ақ мол болсын» деген халық тілегінің астарында береке мен молшылыққа деген сенім жатқанын тағылымды әңгімелері арқылы жеткізді. Фестивальдің ерекше әсерлі бөлімдерінің бірі – ауылдық округтердің салт-дәстүр көріністері болды. Әр ауыл ұлттық тәрбиенің бір қырын сахналық қойылым арқылы таныстырды. Атап айтқанда, Ақтау ауылдық округі «Қалжа» дәстүрін, Амангелді ауылы «Ана сүті – уыз» тақырыбын, Достық ауылдық округі «Итжейде», Қазақстан ауылдық округі «Тымаққа салу», Қосшы ауылы «Бауырынан табақ алу», Мерей ауылы «Көгентүп», Мереке ауылы «Танабау», Шежін ауылы «Айдар», Тасқала ауылдық округі «Ашамайға мінгізу» дәстүрлерін сахналады. Әр көрініс арқылы ұлттық салттардың тәрбиелік, тағылымдық мәні кеңінен насихатталды. Сонымен қатар, фестиваль аясында қолөнер көрмесі ұйымдастырылып, әжелер құрақ көрпе тігу, ұршық иіру, диірмен тарту секілді көнеден келе жатқан өнер түрлерін көрсетті. Құрақтың әр қиындысында ананың мейірімі мен ұлттың тарихы жатқанын әжелер тебірене әңгімеледі. Қолөнер бұйымдары көрермендердің ерекше қызығушылығын оятып, жастарға ұлттық өнердің қадірін ұғындырды. Шара барысында бауырсақ пен шелпек пісіру дәстүрі де көпшілік назарына ұсынылды. Қазан-ошақ басында әжелер ұлттық тағамдарды әзірлеудің қыр-сырын көрсетсе, келіндер өз шеберліктерін ортаға салды.

Дала төсіне жайылған бауырсақтың аңқыған иісі мен әжелердің ақжарма әңгімесі шараның сәнін кіргізіп, көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Фестиваль концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Ауылдық округтердің өнерпаздары халық әндері мен күйлерін орындап, ұлттық өнердің құдіретін паш етті. Әсіресе, әжелер орындаған халық әндері көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, көпшіліктің көңілін толқытты. Шараның тәрбиелік мәнін арттырған ең әсерлі сәттердің бірі – келіндердің сәлем салу рәсімі болды. Қазақ халқының «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» қағидасын дәріптеген бұл көріністе келіндер ақ жаулықты әжелерге ізет білдіріп, халқымыздың әдеп пен ибаны жоғары бағалағанын көрсетті. Одан кейін әжелер жас келіндерге ақ орамал жауып, ақ баталарын берді. Ақ орамалдың қазақ үшін тазалықтың, адалдықтың, аналық мейірім мен ақ ниеттің символы екені ерекше айтылды. Фестиваль соңында ұйымдастырушылар қатысушыларға алғыс хаттар мен сыйлықтар табыстап, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге қосқан үлестері үшін ризашылықтарын білдірді. «Әже өнегесі – келін келбеті» фестивалі – ұлттық тәрбиенің алтын арқауын жаңғыртып, жас ұрпақтың бойына қазақы тәлім мен ізгілікті сіңірген тағылымы терең, мазмұны бай шара болды. Осындай рухани кездесулер арқылы халқымыздың салт-дәстүрі ұлықталып, әженің өнегесі мен ананың ақылы кейінгі буынға аманат болып қала беретіні сөзсіз.
Гүлмира Серікқалиқызы,
Тасқала ауданы