Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі З.М.Байсақова Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Солардың қатарында облыстық «Ақжайық» мүгедектігі бар адамдарды абилитациялау және оңалту орталығы да бар.

Аталған орталық Мемлекет басшысының 2019 жылы өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ІІ отырысында берген тапсырмасы аясында салынған. Орталықтың негізгі мақсаты – тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық патологиясы бар мүгедектігі бар балаларға, сондай-ақ І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік оңалту қызметтерін көрсету.
Оңалту орталығының ашылуы өңір тұрғындарына басқа аймақтарға бармай-ақ, заманауи технологиялар арқылы жан-жақты әлеуметтік оңалту қызметтерін алуға мүмкіндік берді. Бұл жұмыстардың жүзеге асырылу барысы, нәтижелері және жұмыс барысындағы қиындықтар Мұхамедбекқызының орталық ұжымымен кездесуінде жан-жақты талқыланды. Кездесуге медицина қызметкерлері, емдік дене шынықтыру, еңбек терапиясы және жүзу нұсқаушылары, психологтар, логопедтер, дефектологтар, сондай-ақ орталық пен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылығы қатысты. Әсіресе, балаларға көрсетілетін қызмет сапасына ерекше назар аударылды.

З.М.Байсақова өз сөзінде: «Бұл кездесу Отбасының халықаралық күні қарсаңында өтіп отыр. Аталған мереке отбасы институтын, ата-аналық құндылықтарды және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған. Себебі мықты отбасы – тұрақты мемлекеттің негізі», – деп атап өтті.
Сонымен қатар, ол кездесу қатысушыларына және өңір тұрғындарына зор денсаулық пен бақ-береке тіледі.
БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі