20.05.2026, 17:45
Оқылды: 7

Рымбаеваның “группаласы” бола алмаған қыз немесе сахнаның гүлі - Гүлбадан

21 мамыр - Мәдениет және өнер қызметкерлері күні

 

Театрға саналы ғұмырын арнаған, бүгінде желкілдеген жетпіс жастың төріне шыққалы отырған бұландық Гүлбадан Өтешова туралы сыр қозғамас алды әңгімені әріден қозғайықшы.

WhatsApp Image 2026-05-20 at 17.43.23

Гүлбадан Аманоллақызы Атырау облысы, Махамбет ауылының тумасы. Әңгімеге зер сала көңіл бөлетін ол осы өңірде дүние есігін ашқан соң сонау жылдардың тарихына бойлап, екеуара сол кезеңдерге саяхаттап кете бардық.

Атам Өтеміс Ізболов 1937 жылы халық жауы ретінде ұсталып кетіп, елге 1947 жылы оралыпты, - деп бастады әңгімесін Гүлбадан есте қалған тарихты әріден қозғап. Тайга өңіріндегі ауыр күндер зардабы денсаулығына да әсер еткен болар 1983 жылы 65 жасында Өтеміс ата қайтыс болды.

Бүгінде атам Ө.Ізболовтың атындағы көше Махамбет ауылында болса, тұрғын үйінің маңдайшасына арнайы ескерткіш тақта ілінген. Сондай қиын заманда қудалауға ұшырап, соңынан ақталған атамның 100 жасқа толуы шарасы да аталмыш өңірде кеңінен аталып өтуі көңілге демеу, - дейді ол.

Гүлбаданның сөз саптауына қарағанда әкесі Аманолла Шымкенттегі мал дәрігерлік институтын  бітірген соң Бақсай Қаракөл кеңшарында ұзақ жылдар мамандығы бойынша еңбек еткен.

Әттең, өмірде еңбекққорлығымен танылған әкесі 48 жасында, әдемі дауысымен ән салатын, он саусағынан өнер тамған шебер анасы 37 жасында марқұм болғанда соңында қалған жеті баланы мәпелеп өсіріп, тәлім-тәрбие берген Исатай Таймановтың ұлы Дүнбаянның ұрпағы Мүслима Исатаева әжеге (99 жасында өмірден озды) Гүлбадан мәңгілік қарыздар екендігін айтты.

Иә, 1974 жылы Махамбет ауданындағы орта мектепті бітірген соң аздап болса да өлең, мақала жазуға әуелден икемі бар Гүлбадан Гурьев педагогикалық институтына құжатын тапсырып, емтихандардан өтсе де, байқауға келгенде сүрінді.

(Ол жылдары кеңес армиясы қатарында болғандар, комсомол  жастар бригадасында қой баққандар институтқа алғы кезекте алынуы жөнінде тәртіп болды.) Жоғары оқу орнында білім алуда жолы болмаған Гүлбадан үйге оралды. Ол кезде аудандық мәденит үйінде директорлық қызметтегі әкесінің інісі Мұхамбетжан Ізболов  (күйші, өнерге жақын, ақын)аудандық мәденит үйі жанындағы автоклубқа меңгерушілікке орналастырады.

Әлі күнге есінде. Гүлбадан сол жылдары елге танымал күйші Айгүл Үлкенбаеваның әкесі, мықты күйші Нариман Үлкенбаевтың ақыл-кеңесін тыңдап, қасында болғанын, мектеп қабырғасында білім алғанда қабырға газетінің редакторы ретінде мақала жазып, шағын қойылымдарды қойған сәттерін өмірде үлкен қадеге асқандығын жыр ете әңгімелейді.

Тіпті, сол өңірдегі  Каспий, Нарын құмы, Мыңтөбе, Исатай, Аққыстау, Забурын нүктелерінде орналасқан еңбек адамдары ортасында болып, өнер көрсеткен сәттер, нәтижесінде, «Үлгілі автоклуб» аталымын жеңіп алуы да Гүлбаданды ертеңгі өнер жолына жігерлендіргені рас.

Әлқисса, өнер жолына жігерлендірді демекші екінші мәрте, яғни 1975 жылы педагогикалық институтқа оқуға түсуге жолы болмаған Гүлбадан Өтешованың айы оңынан туып Ақтөбедегі республикалық мәдени ағарту училищесінің театр бөлімне оқуға қабылданудың сәті түсті.

Тіпті, өнерге тым жақын, тәжірбиесі бар Гүлбадан мұнда өте жақсы оқып, жоғары степендия иегері атанды. Осында білім ала жүріп, қосымша ретінде Ақтөбе облыстық радиосында дикторлық қызмет атқарды. Гулбаданның осы іскерлігін байқаған ұстазы Дихан Жалекенұлы бірде ​«Сенен актерлік емес, мықты режиссер шығады», - деп баға бергендігі де бар.

Иә, 1978 жылы аталмыш оқу орнын ойдағыдай аяқтап ауылға оралған Гулбадан аудандық мәденит бөліміне қызметке орналасты.

Сол жылы республикалық деңгейде «Біз таланттарды іздейміз», - атты байқау жүріп жатты. Осы байқауға қатысып, бағын сынап, көрмекші болған Гүлбадан Аманоллақызы аудан, облыстық байқаудан сүрінбей өткен он екі үміткердің бірі болып Алматығареспубликалық байқауға ұшақпен ұшып жетті.

Мұнда Гүлбаданның бағы жанып, Т.Жүргенов атындағы өнер институтының «Актер, драма және кино» факультетіне бес кезеңнен өтіп, Б.Римованың сыныбына бірден қабылданады.

Ашылғанына не бәрі бір ғана жыл болған бұл оқу орнында Р.Рымбаева, С.Әшімов те білім алуда екен.

Бірақ, өнердегі осы биіктікке талмай самғауда Гүлбаданның бағы жанбады. Оған өзі де әлі күнге дейін өкінеді.

Яғни, елдегі бауырларын қамқорлыққа алып отырған әжесінің ауыр халдегі науқасы, бауырларының шаңырақ иелері атанбаулары Гүлбаданның  жүрегін сыздатты. Ақыры соңғы бір шешімге келген Гүлбадан құжаттарын жинақтап, елге,бауырларының қасына оралды. Әйтпесе, Роза Рымбаеваның “группаласы” болып жүретін бе еді әлде өзі де Розадай жұлдыз болар ма екен?!

***

Бауырлары отау иелері атанған соң Гулбадан 1979 жылдың күз айында өзімен бірге оқу, (оркестр бөлімі) Жымпитылық Аманбек Өтешовпен шаңырақ көтерді. Қос өнер иесі Аманбек, Гүлбадан Өтешовтердің мәденит саласындағы ізденісті, талпынысты жолдары осылай жалғасып жатты.

Айта кету керек марқұм Аманбек өнер иесі болумен бірге тамаша ақын, айтыскер, суретші еді. Ал, Гүлбадан болса, оқу ордасындағы ұстаздарынан тәлімді дәріс алған талантты режиссер болатын. Мәселен, Г.Өтешова 1980 жылы сахналаған Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуі» атты екі бөлімді драмасы айды аспанға шығарды. Халықтың талғамынан шыққан осы қойылым жөнінде құлағдар болған сол кездегі облыстық халық шығармашылығы орталығының аға методисті, театр саласының үздігіАйман Қуатова бірден ​«Гүлбадан  өзің жас мамансың «халық театры» атағын қорғауың қажет», - деген ақылын айтады.

Міне, осы кеңеске мән берген Гүлбадан 1986 жылы «Жымпиты халық театры» атағын қорғап қалу мақсатында драматург  С.Жүнісовтің «Құлыным менің» трагедиясын сахналауға режисерлік жасады. Нәтижесінде қойылым ҚР мәденит министрлігінің өкілі Қозы Ілиясовтан жоғары баға алып, театр өз атағын қорғады.

Сонау нарық, қиыншылық кезеңдерде Бұлан ауылдық мәдениет үйінде қызмет атқарған Г.Өтешова Жымпиты және Бұлан халық театырының атағын қорғап қалуда ұзақ жылдар тер төккендігі ақиқат.

Өткен жылдар жүгі ауыр, бірақ соңында қалған іздері болса көз алдында сайрап тұр. Иә, сол жылдар ішінде ел алдында Гүлбаданның басшылығымен қаншама қойлымдар сахналады?!

Бұл айтуға ғана жеңіл болғанымен, әрбір туындының соңында төгілген маңдай тер, талмай ізденіс, ұйқысыз түндердің жатқандығы шындық.

Ал, бар ғұмырын театрға арнаған өнер иесі, талантты режиссер Гүлбадан Өтешоваға өзі сахналаған әрбір қойлымдарының тым ыстық, жүрегіне жып-жылы тиетіндігі рас.

Гүлбадан Аманоллақызы бүгінде зейнеткерлік демалыста. Бірақ, ол үйде қолды қусыра қарап отырған емес. Қоғамдық жұмыс, түрлі мәдени шараларға қатысып, мінбеден ой тастарлық әңгіме айтуға да уақыт табады.

Сонау өткен кезеңдер, көкейдегі түйіндерді тарқатып, ақ қағазға түсіруге де Гүлбаданның қаламы жүйрік.

Гүлбаданның сахнаға арнаған ғұмырында әлі де айтылар сыр, жазылар дүние баршылық.

 

Мүсірбек Айташев

Журналист,

Сырым ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале