20.05.2026, 9:30
Оқылды: 12

«Еділ мен Жайықтың» тарихы және...

Қазақстанның Еңбек Ері, Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, композитор, жазушы, өнер зерттеушісі, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген  мәдениет қайраткері Ілия Жақанов 90  жаста

Жайықты келіп алғаны,

Жағаға қолды салғаны.

Еділді келіп алғаны,

Етекке қолды салғаны.

Ойылды келіп алғаны,

Ойындағысы болғаны...

Мұрат Мөңкеұлы

 

Еділдің бойы ен тоғай,

Ел қондырсам деп едім.

Жағалай жатқан сол елге,

Мал толтырсам деп едім...

Махамбет Өтемісұлы

Небір тамылжыған тамаша әндердің ауторы, композитор Ілия Жақанов ағымдағы айдың алтыншы жұлдызында торқалы 90 жастың төріне шықты.

Тарыдай шашылған қазақ жер шарының қай қиырында жүрсе де, оның әндерін беріле шырқайды һәм сүйсіне тыңдайды. Өйткені Ілия ағаның әндері туған жерге деген перзенттік махаббаттан, алыста жүрген қазақтың атамекенге деген сарқылмас сағынышынан, ғашық жанның сүйгеніне деген кіршіксіз пәк сезім, мөлдір  махаббатынан  жаралған.

Біз бүгін жазушы-журналист Бауыржан Ғұбайдуллиннің «Намыс найзағайы» кітабынан Ілия Жақановпен сұхбатты ағаның 90 жастық мерейтойына орай жариялап отырмыз.

– Ілия аға, ел аузында әйгілі «Еділ-Жайық» әніне өлең жазу барысында сіз Жұбан ағамызды (Молдағалиев) біраз «қинапты» деген сөз бар. «Еділ-Жайықтың» елге кең тараған қазіргі мәтіні Жұбан ақын жазған тоғызыншы нұсқа (вариант) екен деседі...

rFtJ91NGzEZfq34dwfbHqKiLvEhanXpVtSYiFnOz

– Тап осы сұрағыңа толыққанды жауап беру үшін әңгімені әріден бастауға тура келеді.

Менің шыққан тегім – Кіші жүздің құрамындағы Тама руы. Сонау бір қилы-қилы кезең, жаугершілік өршіп тұрған аласапыран замандарда руы Тама Есет батырдың бастауымен біздің ата-бабаларымыз Қаратаудың маңына қоныс аударған екен. Осылайшай тағдырдың жазуымен кір жуып, кіндік кескен туған жерден алыстаған біздің ата-бабаларымыз үшін өзінің өсіп-өнген өлкесі өмір бойғы сағынышқа айналады…

Еділді келіп алғаны,

Етекке қолды салғаны.

Жайықты келіп алғаны,

Жағаға қолды салғаны.

Ойылды келіп алғаны,

Ойындағысы болғаны.

Еділді алды, елді алды

Жайықты алды, жерді алды.

Енді алмаған нең қалды? – деп келетін жыр жолдарын біз қаршадай бала кезімізден санамызға сіңіріп өстік. Өйткені ол жырларда біздің ата-бабаларымыздың ұлы өксігі, әбден сартап болған сағынышы жатыр. Осы сағыныштың лебімен, рухымен мен «Еділ-Жайық» әнін жаздым. Өйткені ол сағыныш − адамның жігерін жасытатын сағыныш емес, ол − оптимистік сағыныш, ол − асқақ патетикалық сағыныш. Біздің аталарымыз көздері жұмылғанша, соңғы демдері шыққанша Еділ мен Жайықтың бойындағы бір кездегі салтанатты өмірді аңсаумен өткен. «Еділ-Жайық» әнінде әлгіндей ұлы сағыныштың сарыны, сазы бар. Біздің елде (Жамбыл облысы, Сарысу ауданы) қариялар әлі күнге дейін: «Ой, биыл Пәленшекеңнің сабасы, қымызы Еділ-Жайық болып ақтарылды ғой» деп айтып отырады...

1981 жылы төртінші қазан күні үлкен ұлым Бауыржан үйленді. Той керемет өтті. Тойдан үш күннен кейін, жетінші қазан күні Асқар Ембергенов деген досым қонаққа шақырды. Сағат үшке шақырылған қонақтыққа өзім-нің ежелгі дағдым бойынша үйдегі апаңды бір сағат бұрын «Бол да, бол!» деп асықтыра бастадым. Дәл сол кезде кенет көз алдыма екі ұлы дария, екі керемет сурет, пейзаж, бір ғажайып сәулетті, салтанатты, шұғылалы өмір келіп тұра қалды. Керемет көрініс енді, аспан ашық, жайнаған өмір, шағала... Пианиноға таяп келіп, клавиштерін басып өттім. Бірден әннің шумағының әуені шалқи жөнелді. Бір деммен әннің қайырмасы да асқақтап кетті. Сол сәттегі шабыттың шектен шыға шалқуы (шабыттың экстазы) романтикалық, патетикалық, оптимистік сезімдерді түгел қамтыды деп айтуға әбден болады. Әрмен қарай ән әуені бір деммен шырқалатын, бітпейтін толқынға ұласты. Ол толқын менің санамда өмірдің өзі, ата-бабаның аңсаған арманы, ұрпақтар жалғастығы болып бейнеленді. Осылайша бар болғаны 3-4 минөтте ән туды. Ән бар, ән туды. Енді ақындарға (ақынға) қолқа салып, өлеңін жазғызу керек. Іштей талай ақынның тамырын басып, шекесін «шертіп» көрдім. Ақыры әндегі осыншама үлкен шалқуды, романтикалық шарықтауды, асқақ патетиканы анау-мынау ақын дөп басып, дәл бере алмайды. «Еділ-Жайықтағы» үлкен жігерді, ешқашан сарқылмайтын сағынышты, атамекенге деген ұлы перзенттік махаббатты жеткізу үшін рухы зор, адуынды, алапат ақын, сұрапыл һәм жойқын шабыттың адамы керек деген ойға тоқтадым. Осындай талап-тоқтамға келгенде көз алдыма Жұбан ақын бітім-болмысымен, түр-тұлғасымен, жаратылыс-табиғатымен, мінез-құлқымен маған бәрінен биік, бәрінен асқақ, бәрінен құдіретті болып көрінді. Өйткені бізді тоталитарлық жүйенің темірдей құрсауы қаңтарып тұрған кезеңде, қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған кезде «Мен қазақпын!» деп кеудесін керіп, қырандай саңқылдап Жұбан ғана айтты, Жұбан ғана айта алды. Осындай рухы зор, осы заманның, біздің дәуірдің Махамбеті дерлік Жұбан ақынды мен ешқандай толқусыз таңдадым да, Жұбағаңмен жұмыс басталды.

«Еділ-Жайықтың» қайырмасы – менің өз қайырмам. Кейде әнмен бірге өрілетін сондай шумақтар болады. Қысқасы, Жұбағаң әңгімеміздің басты кейіпкері болып отырған әнге тоғыз мәрте тоғыз түрлі сөз жазды. Тіпті екіүш рет келісе алмай, арамызда керіске бергісіз жағдай болды. Ақыры аяғында Жұбағаң: «Саған еш уақытта өлең жақпайды, Ілия! Сенің мынау әніңе жіберген уақытыма екі поэма жазып тастайтын едім! Қоясың ба, қоймайсың ба енді?! Осы мына терезеден лақтырып жібергім келіп тұр сені!» – деп зор, дауылпаз даусымен арыстанша гүжілдеуге дейін барып, жайпап кете жаздады.

– Жұбағаңның үйінде отырсыз?

– Иә, залында отырмыз. Саяжайдан келген беті екен. Содан мен кетпей тұрып алдым. Сосын Жұбағаң: «Не істеу керек енді?» – деп қатқыл сұрады.

Мен айттым: – Әнді шығарған − мен, әннің иесі − мен. Менің ойымды, менің елестеткен суретімді, көрінісімді беріңіз. Ол (Жұбағаң): – Ой-й, осы неменеге сен «Еділ-Жайық» деп атадың? Саясаттан хабарың бар ма өзіңнің? Мені жершіл дейді, жікшіл дейді. Көр де тұр, өзінің Еділ мен Жайығын тағы да асқақтатуға көшті дейді ертең. Сенде осы жан-жағыңа қарау деген бар ма өзі? – деді.

Мен: – Егер Еділ-Жайыққа деген үздігу, аңсау, соған деген ұлы сағыныш болмаса, бұл ән ешқашан шықпас еді. Егер мен сіз сияқты Еділ мен Жайықтың жағасында туып-өссем, бұл әнді жазбауым да, жаза алмауым да әбден мүм-кін. Еділ-Жайыққа деген сағыныш − менің ата-бабаларымның ертеңге, нұрлы болашаққа, жарқын өмірге деген үмітін үздірмеген сағыныш. Сондықтан әннің аты тек қана «Еділ-Жайық», – деп тұрып алдым. Әннің сөзінің сегізінші нұсқасын талқылау, міне, осылайша кикілжіңмен аяқталды. Мен дайын тұрған шайдан бір кесе зорға іштім де, үйге кетіп қалдым. Арада бір-бір жарым сағат өткенде, телефон шылдыр ете қалды. Трубканы алсам – Жұбағаң. Даусында манағы зіл, ызғар жоқ, иіні жұмсақ, биязы. Манағыдай арыстандай ақырып, күндей күркіреп, жасындай жарқылдап тұрған жоқ.

– Ілия, мана сен кеткеннен кейін мен тағы бір нұсқасын жаздым. Қарайсың ба?.. – деді бала құсап. Соның өзінде мен ол кісіге онша беріліңкіремей, салқын үнмен:

– Қане, оқыңызшы, Жұбаға, – дедім.

Ол оқи жөнелді:

Құлпырады дала,

гүлдейді орман,

Емізеді егіз

Еділ мен Жайық....

Ән сөзінің «Россия азат,

Қазақстан азат,

Екеуі бір ананың баласындай» деген мағынадағы үшінші шумағы бар екен. Бірақ мен оны алмадым, қабылдамадым. Сөйтіп, ән қазіргі шырқалып жүрген нұсқасымен, екі шумақпен елге тарап кетті. «Еділ-Жайықтың» алғашқы орындаушысы – Қайрат Байбосынов. Ол менен үйреніп алды да, бір жарым айға Атырау жаққа гастрольге кетті. Сол өнер сапарынан келгесін Қайрат інім маған «Еділ-Жайық» әнін халық зор ынта-ықылас, керемет ілтипатпен қабылдағанын жеткізді...

– Сіз Шыңғыс Айтматовтың шығармаларындағы кейіпкерлерге арнап бірнеше ән жаздыңыз. Сіздің творчествоңыздағы Айтматов циклі қашан, қалай басталды?

– 1963 жылы 10 қазанда Мәскеу радиосы қырғыздың аса көрнекті жазушысы Шыңғыс Айтматовтың Лениндік сыйлықты алғандығы жөнінде хабар таратты. Ол кезде мен телевидениеде жас редактормын. Жаңағы қазақ-қырғызға ортақ қуанышты естіген басшыларымыз бізді іле-шала жинап алды да, қырғыздың өздерінен бұрын Шыңғыспен баспасөз конференциясын және тікелей эфирде хабар өткізбек ниеттерін білдірді. Сол күні түскі асқа үйге келдім. Ол кез мен Шыңғыстың «Жәмилә» повесін қайта оқып жүргем-ді. Шайдың үстінде аталмыш шығарманы парақтап, қайта қарап отырдым.

...Данияр Жәмилә екеуі күндіз күні бойы станцияға астық тасып, батып бара жатқан кешкі күннің қызыл арай-нұрына шомылып, қырманға қайтып келе жатады. Артқы арбада Жәмилә мен Сейіт (Жәмиләнің кішкентай қайын інісі), алдыңғы арбада Данияр. Қара жолдың үстінде бір-біріне өлердей ынтызар қос ғашық. Бірақ жігіт (Данияр) үндемейді, томаға-тұйық. Ал Жәмилә болса, ғашықтықтың дертінен  өзі-өзіне сыймай, жұлынып жүр. Сол Жәмилә жігіттің үнсіздігіне ызаланып, бір уақытта арбасынан секіріп түсе қалып, алдыңғы арбамен қатарласып, Даниярдың оң иығына қолын салады. Үндемейтін, көп сөзге жоқ, тұйық жігіт Даниярдың тілегені де осы.

Қияқтанып ай да туған кез. Жұлдыздар да жымыңдай бастаған сәт. Айнала қырғыздың таулары. Алдан ескен жазғы кештің жанға жәйлі самалы... Міне, «Даниярдың әнінің» жазылуына осы тамаша романтикалық көрініс әсер етті. Келер жылы қазан-қараша айында «Жәмиләның әні» туды.

...Шығарманың соңында жазушы ауыл маңындағы қалың шидің арасымен қол ұстасып кетіп бара жатқан Данияр мен Жәмиләні суреттейді. Ауылдың шетінде селтиіп, сүйікті жеңгесі Жәмиләдан тірілей айырылып Сейіт тұр. Аңсаған ғашығына қосылғанымен, Жәмиләнің жан-дүниесі алай-дүлей, астаң-кестен. Соңында сүйікті айылы қалып барады. Оны да қимайды. Кетпейін десе... Данияр. Осы сәт менің қиялымда Жәмилә өзінің қоштасу әнін шырқады. Жәмилә Даниярдың бүкіл қадір-қасиетін осы әнге төгеді... Осы әнді сол жылы күзде мен Бішкекте (ол кезде Фрунзе деп аталады) Шыңғыс Айтматовқа өзінің кабинетінде айтып бердім. Әннің Шыңғысқа әсер еткені соншалық, ол қатты толқып-тебіреніп, жанарына жас тұнып, қозғалақтап кетті...

1965 жылы күзде, қараша айында Ыстықкөлдің жағасында «Әселдің» әуені келді өмірге. Бұл − Шыңғыстың «Тополек мой в красной косынке» повесіндегі Әсел. Көп ұзамай Шықаңның шығармаларына қайтадан үңілген кезде «Асылым» деген ән туды. Бұл ән – аталмыш повестегі Әселдің сүйгені Ілиястың басын қатыратын, мың құбылған күрделі кейіпкер, жарқ-жұрқ, жалт-жұлт еткен келіншек Хадишаның әсерінен туған дүние. Айтматовтың творчествосына қаты-сты төрт ән болды ма, енді мені «Қош бол, Гүлсарыдағы» Танабай толғандыра бастады. Негізі, Танабай – Шыңғыстың әкесі Төреқұлдың інісі Керімбектің образы.

«Қош бол, Гүлсары!» повесінде қазақтар мен қырғыздардың көкпар тартатын жері бар. Ол − соғыстан кейінгі ауыр кезең. Көкпар біткесін қазақтар өзінің ауылына, қырғыздар (жылқышылар) өздерінің қостарына қайтады. Алайда Танабай қосқа қайтпай, қырғыз айылының, өз ауылының шетінде тұратын, күйеуі соғыста қаза тапқан әдемі, сұлу келіншек Бибіжанның үйіне бет-тейді. Екеуінің бұрыннан байланысы бар. Сонымен, Танабай көкпардан кейін Гүлсары атын жорғалатып, таудың ішінде келе жатыр. Сорғалаған бұлбұл үні болмаса, тау іші тып-тыныш, тынып тұр. Танабайдың есілдерті тезірек Бибіжанға жету.

«Бас, бас Гүлсары! Аяңда, жорғала!

Бибіжан бар ғой алдымызда, Бибіжан бар ғой!..

Ай туған, таудың іші боз мұнарға бөгіп тұр. Тыныштықты тек сайраған бұлбұл үні мен шақ-шұқ еткен Гүлсарының тұяғының дыбысы ғана бұзып, Бибіжанға жете алмай келе жатқан Танабайдың көкірегіне мен ән құйдым:

Ай тусын деші-ай-й-ау-у қорғалап-ай-й-й,

Тауларды тербеп құс үні-ау сорғалап,

Бибіжан саған жетермін-ау-у-у,

Гүлсары атым астымда-ау-у жорғала-а-ап.

А-а-а-ай-й-й, Бибіжа-а-ан,

Барады сәулем, күйіп жа-а-ан,

Барады сәулем, күйіп жан, күйіп жа-а-а-ан!..

Міне, повестегі махаббат романтикасынан осындай ән жазылды. Жалпы, өз басым Айтматов шығармаларындағы нәзік лиризмді, асқақ романтиканы, биік гуманизмді, терең психологизмді өте жоғары бағалаймын.

– Қазіргі айтылып жүрген әндер сіз, сіздің замандас композиторларыңыз шығарған әндердей неге жұрттың бәрін бірдей бірден баурап алмайды? Қазіргі заманғы қазақ әні өз табиғатынан алыстап кеткен жоқ па?

– Біз кішкентайымыздан өмірде көпті көрген, көп нәрсені көңіліне түйген ақылы мол дария абыз-қариялардың айтқан ғибраты мол әңгімелерін, аңыз-ертегілерін, жыр-қиссаларын санамызға сіңіріп, зердемізге тоқып өстік. Олар (ақсақалдар) шерткен домбыраның үні бізге даланың әуеніндей, тарихтың тылсым үніндей болып естілетін. Бір сөзбен айтқанда, біз қазақтың ұлттық музыкасының құнарлы топырағында өсіп-өндік. Ал төрт қабырғаға қамалып өскен қазіргі жастарға, ең бастысы, осы жайт, осы фактор жетіспейді. Оның үстіне жастарымыз сөздік қоры аса бай қазақтың шұрайлы тілін де жеткілікті меңгермеген. Бұл – күні кешегі жас ұрпақ тәрбиесінде кеткен орасан зор қателік. Жастардың мәңгүрттеніп кеткені үшін бірінші кезекте оларды емес, алдымен өзімізді, аға ұрпақты кінәлауға тиіспіз. Және бір айтпағым, қазір жасық, жылауық «әндер» көбейіп кетті. Ән адам жанын әлдилеуі керек немесе ән адамға рух беруі шарт.

– Әсерлі әңгімеңізге көп рақмет, Ілия аға. Сіздің өмірдегі де, өнердегі де жұлдызыңыз әрдайым биіктен   жарқырай берсін!

Сұхбаттасқан Бауыржан Ғұбайдуллин,

"Орал өңірі"

«Намыс найзағайы» кітабынан

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале