20.05.2026, 9:16
Оқылды: 11

Сәуірден кейінгі Сарайшықтағы қарбалас

Басқа өңірді қайдам, тоғыз жолдың торабындағы, Еуропа мен Азия құрлықтары тоғысқан тұстағы Оралда ауа райы құбылмалы. Төркініне келіп, еркелеп жатып алатын жас келін құсап, көктем де ызғарланып, кете қоюға асықпады.  Сәуірдің екінші жартысының аяғына таман орталық көшелердің бірі саналатын Сарайшық көшесінде жол жөндеу жұмыстары басталды.  Жауын-шашын жиі жауған «тәуір» айдан кейінгі мамыражай мамырда шаруа қызды. Жолшылар күн райын пайдаланып қалайық деп игі іске жең түре кірісті. 

DSC05285

Мұхит және Бельгер көшелерінің аралығындағы көше жолында асфальт төсегіш техника жолдың бір жолағында баяу жылжиды. Жол жанымен соңынан ілестік.

DSC05314

Дәу техника маңындағы бесалты жігіт әбжіл қимылдап, «шайыр» тәрізді қоймалжыңды күрекпен іліп алады да, әлгінің дәу қалағына салады. Жерге төгілгенін жинап жүр-ау шамасы деп топшыладық. Өзін Айболат Орынбасаровпын деп таныстырған жұмысшыдан қал-қуат сұрастық. «Жол жиегіндегі асфальттың жігін жымдастырып жібереміз. Тек қауіпсіздік шараларына, әсіресе төсеуші (укладчик) асфальт төгіп жатқанда, мұқият болған жөн, үстіңе төгіліп кетсе, қауіпті. Жағдайымыз жақсы, жалақымызды уақтылы береді. Бастықтар әне жүр», – деп жөн сілтеді. Жұмысына ынта-шынтасымен берілген адамның қимылынан   қара жұмысқа пісіп қалған қаражон мықтылығы байқалады.

DSC05446

– Сарайшық көшесінің 1,58 шақырымы орташа жөнделуде. Жоба құны – 223 млн теңге. Жолдың бірінші бөлігі С. Даумов көшесі мен Н. Назарбаев даңғылы, екіншісі Мұхит пен Бельгер көшелері аралығы жөнделуде, – деді аман-саулық сұрасқан жоба басшысы Болат Шәмшитов.  «Осы жолдың Бельгер және Әйтиев көшелері аралығындағы жол бөлігінің сапасы қанағаттанарлық деңгейде. Сондықтан осы бөліктен үнемделген қаражат есебінен С. Даумов көшесі мен Н. Назарбаев даңғылы аралығына 395 метрге жаяу жүргіншілер жолы салынады. Ол халыққа қызмет ету орталығынан басталып «Шаған» дүкені жаққа қарай салынуда, – деді Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі автомобиль жолдары секторының маманы Ерасыл Байзақов.

– Мына көше жолы құрылысының мердігері – «Азат капитал» ЖШС. Жол шаруашылығында ысылған іргелі компания. Байқасаңыздар, техникасы сайлы, жұмыс қолы жеткілікті, – деді жоба басшысы. Жол жабынын жарқырата төсеп жүрген техникаға назар аудардық. Соны аңғарған Б. Шәмшитов әңгіме ауанын кілт өзгертті:

 

– Жолды орташа жөндеу деген күрделі жөндеуден өзгерек. Күрделі жөндеуде оның негізіне дейін қазып алып, қайта жаңадан салады. Ал орташа жөндеуде жолдың асфальт төсемін 5 сантиметрге дейін грейдермен қырып алады. Оның орнына жаңа ШМА-20 материалы төселеді. ШМА деген – қиыршықтас-мастика қоспасы мұқият таңдалған асфальт түрі. Оның құрамында сәл өзгертілген минералды толтырғыштар (қиыршықтас және минералды ұнтақтан алынған құм), жол битумы және тұрақтандырғыш қоспалар болады.

Ондай төсем түрі қаттылығымен, аса тығыздығымен ерекшеленеді. Ондай жол кеберсіп, жарыла бермейді. Жолды қырып тастағаннан кейін, көлік жүрмесін деп көшені жауып тастаймыз. Себебі негізі бұзылмасын дейміз. Кейде көліктер жүріп, жолдың негізі бүлінсе, жамылғы төселгеннен кейін бүлінген жерден ши шығады. Шұңқыр, ойдым-ойық болып шыға келеді. Осыны кейбір жүргізушілер түсінбейді ғой. Сондықтан жөнделіп жатқан жолдың екі басына ескерту белгісін қоямыз, – деп ренішін жасырмады жоба басшысы. «Иә, жөндеуден өткен жолдар жарылып жатыр деп байбалам саламыз. Мәселенің мәнісі қайда?!» деймін іштей ой тұңғиығына сүңгіп. Расында, көше жолдары салық төлеушілерден бюджетке түскен салықтар есебінен, яғни сіз бен біздің ақшамызға салынады. Сонда қоғамда өзіміз терлеп-тепшіп тапқан табысымызға салынған жолды күту, қамқорлау жағы неге кемшін? Қала берді шаң-тозаң жұтып, нәпақасын тауып жүрген жол құрылысшыларының еңбегіне деген құрметіміз қайда деп ой тереңіне бойладым.

DSC05347

- Жұмыстың басталғанына екі апта болды. Орташа жөндеу шілде айына дейін бітуі тиіс. Бірақ біз жұмыс кестесінен озықпыз. Оның барлығы алдымен жолшылардың өз міндеттеріне жүрдім-бардым қарамай, жауапкершілікті сезінуінде дер едім. Сонымен қатар техниканың да маңызы бар. Компанияның техникасы жаңа, Орда көшесінде өзінің асфальтбетон зауыты бар. Мына учаскемізге жақын. Асфальт төсегіш техника заманауи, еуропалық өндірісшілерден екі жыл турасында сатып алынған. Жол құрылысына 32 жұмысшы жұмылған. Бес каток бар, оның үшеуі – 10, екеуі – 12, біреуі – үш тонналық. Әнебір ең соңында жүрген кішірегі 3 тонналық, – деді учаске бастығы Нұрдәулет Әлихан.

DSC05367

Жүзі күнге тотыққан жас жігіт көзілдірігін түзеп қойып, әңгімесін жалғастырды. Оның айтуынша, 10 жүк көлігі асфальт тасуда. Компания биыл шаһардың алты көше жолын жөндеуді мойнына алған. Осы жолдың жұмысы аяқталған соң, басқа учаскеге жұмысқа барады. Құмырсқатірлік қараңғылық қоюланғанша тыйылмайды. Кешкі жұмысқа үстеме төленеді. Жұмысшылардың жалақысы 300-400 мың теңге аралығында екен. Таңертеңгі, түскі, кешкі ас компания есебінен тегін беріледі. «Сіздерге жұмысқа тұрғымыз келіп кетті ғой» деп әзілдей күлдік...

– Жол жабынын төсеудегі қара күш жұмысшыларға емес, техникаға түседі. «Фогель» асфальт төсегіш «ақылды» машинамыз – осы. Ол аутоматтандырылған, асфальттың қалыңдығын, тығыздығын есептеп, көрсетіп отырады. Катоктар да неміс өндірісшісінен, оның да асфальтты тапағанда тығыздығы қанша сантиметр болғанын көрсететін тетіктері бар. Техника жүргізетін жігіттеріміз өз істерін жетік білетін жұмысшы мамандар, – деп учаске бастығы айқайлай сөйлеп. Шамасы, дауысым естілмес десе керек. Комбайн тәріздес тұрқы биіктеу техника «Фогельдің қалқандары 9 метрге дейін «құлашын» созады. Қасымызға таяп келген техника біткеннің дырылдаған-дарылдаған дыбыстарынан құлақ тұнады. Әрі дырау техниканың көк түтіні, жаңа төселген асфальттың иісі қолқа қабады. Қызғылт-сары түсті «КамАЗ» тақап келген «Vogele» бункеріне тақала түсіп, буы бұрқыраған асфальтбетон қоспасын шақтап түсіріп, алға жылыстай түсті. Жүк көлігінің қорабына «алақан»-бункерін жайған арнайы техника мысықтабандап, тіркесіп алған, кейін қалар түрлері жоқ. Машинаның бункері ыстық асфальт қоспасын жұтып жатыр, жұтып жатыр...

Құрылыс учаскесінің бастығына: «Жол салу оңай емес. Оны сапалы ету жағы қиынның қиыны. Сіз сапаға кепілдік бере аласыз ба?» деп көпшіліктің көкейінде жүретін «сұңғыла» сұрақты төтесінен қойдық. Өйткені жол сапасын техникалық қадағалаушы «Сервис Пак» деген компания өкілін таппадық. Тапсырыс беруші қала әкімдігі жол сапасын қадағайлайтын тиісті мемлекеттік мекемемен келісімшарт жасаған. «Күн райы жақсы боп тұр. ШМА-ны ауа температурасы 20 градустан жоғары болса төсеу керек. Қазір 27 градус боп тұр. Әрине, сапалы болады. Асфальт тек ыстық күйде келеді. Оны жинап қойып, ертеңіне төсей алмайсыз. Нормативтік талапқа сай   белгілі температурада төсеп үлгеруіміз керек. Зауыттан 160-155 градуспен шығады. Жол салатын аумаққа кемі 120 градустан кем болса, төсей алмайсыз, қатып қалады қақшиып», – деді Нұрдәулет Әлихан.

DSC05399

Біз кетерде жолшылар Сарайшық жолының бір жолағын айнадай етіп жаңа жабынмен жауып бітіруге таяды. Енді екінші жолаққа ауысады. Оны да бүгін бітіреміз десті.  Тек сапалы болсын дедік.  Сағаттың сұқ тілі кешкі бесті тықсырып барады. Күн желкем, әнебір ыстық та жоқ. Күн сайын суық желде, аптап ыстықта   жүретін қара жұмыстың майталмандары бұйырған нәпақаларын маңдайды шып-шып терлетіп, осылай табады.

Жаңа төселген асфальттан шайырдың жұпар иісі шығады-ау...  Жаңа жолдың иісі...

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале