Қазақстан Республикасының сурдлимпиадалық спорт түрлері бойынша IV спартакиадасының облыстық іріктеу кезеңінде аудан спортшылары табысты өнер көрсетті. Облыстың үздік спортшылары бас қосқан дода жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тартысты бәсекелерге толы болды.

«Айбын» спорт клубының қолдауымен жарысқа қатысқан аудан спортшылары дзюдо мен үстел теннисі бойынша шеберліктерін дәлелдеп, жүлделі орындардан көрінді.
Атап айтқанда, дзюдодан 65 келі салмақ дәрежесінде Елжан Талғатов қарсыластарынан айласын асырып, І орын иеленсе, +78 келі салмақта сынға түскен Гүлмира Альмурзина да үздік нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді.

Сонымен қатар үстел теннисінен Жақсылық Альмурзин ширақ ойынымен ерекшеленіп, ІІІ орынға қол жеткізді. Жүлделі орындарға ие болған спортшылар аудан абыройын асқақтатып, алдағы республикалық кезеңге жолдама алды.
Гүлнұр Бөлешова,
Казталов ауданы