Қазіргі таңда сайлау үдерісінің ашықтығы мен сапасын арттыру – өзекті мәселелердің бірі. Осы бағытта бірқатар жүйелі жұмыстар жүргізіліп, жауапты органдар тарапынан кездесулер ұйымдастырылуда.

Осы ретте Орал қаласы аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен «Сайлау үдерісін ұйымдастыру мен өткізудегі түйткіл мәселелер, оларды шешу жолдары және алдағы сайлауларда қойылатын міндеттер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Жиынға БҚО және Орал қалалық аумақтық сайлау комиссиялары мүшелері, жергілікті атқарушы органның, Орал қаласы полиция басқармасы мен көші-қон органдары өкілдері, сондай-ақ учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері қатысты. Бас қосуда өткен электоралдық кезеңнің қорытындылары сараланып, нақты туындаған мәселелер ашық айтылды.
Дөңгелек үстелдің негізгі назарында сайлаушылар тізімінің өзектілігі мен нақтылығы мәселесі тұрды. Атап айтқанда тұрғылықты мекенжайда тіркелгенмен, нақты сол жерде тұрмайтын азаматтардың, немесе тұрғын үйде тұрғанмен осы мекенжайға тіркелмеген азаматтардың көптігі сайлау үдерісіне кері әсерін тигізетіндігі атап өтілді. Бұл мәселе саяси науқандар қорытындысы мен Орал қаласы аумақтық сайлау комиссиясының учаскелік сайлау комиссиялары мүшелері арасында жүргізген сауалнамасы нәтижесімен де дәлелденіп отыр.

Қатысып отырған учаскелік сайлау комиссия мүшелері - өз өкілеттілігі шегіндегі, яғни сайлаушылар тізімімен жұмыс және сайлаушыларға шақыру таратып, дауыс беру орны мен уақыты туралы хабарландырғанда кездескен мәселелерді ортаға салды.

Орал қаласы әкімінің аппарат басшысы Ержан Тұрмағамбетов комиссия мүшелері тарапынан айтылған барлық ұсыныстар мен пікірлер назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Оның айтуынша әрбір көтерілген мәселе жүйелі түрде қаралып, кезең-кезеңімен шешімін табады. Сонымен қатар, сайлау учаскелерін қажетті мтериалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз ету, ұйымдастыру жұмыстарына қолдау көрсету бағытындағы көмектердің де кешіктірілмейтініне де ерекше тоқталды.
Ал Орал қаласы полиция басқармасы басшысының орынбасары Құрманғалиев Дидар Жасталапұлы мен көші-қон бөлімінің басшысы Едрисов Ербол Асқарұлы құқық қорғау органдары тарапынан азаматтардың тіркелу бойынша көші-қон заңдылығын бұзуы, бір пәтерде тұрмайтын ондаған азаматтардың тіркелу фактілерінің анықталғанын алға тартты. Олардың айтуынша, қазіргі таңда бұл мәселелер бойынша полиция басқармасы тарапынан жүйелі шаралар жүргізілуде. 2026 жылдың басынан бері тұрғылықты жері бойынша тіркелмеген 3760 азамат анықталып, әкімшілік жазаға тартылып,18 миллионнан астам теңге көлемінде айыппұл салынған.
Сонымен қатар қала аумағында өздері тұрмайтын тұрмайтын бөгде ондаған адам тіркелген 26 тұрғын үй және ұзақ мерзімге пәтер жалдаушы жіберіп, ол азаматтарды тіркеуге қоймаған 58 тұрғын үй анықталып, үй иелері жауапкершілікке тартылды.

Дөңгелек үстел барысында Батыс Қазақстан облысы аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Мағрипа Нигишева қатысушыларға «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң талаптарының орындалу барысы, оған заң шығарушы органында мақұлданған өзгертулер мен толықтырулар туралы жан-жақты мәлімет берді.
Әр электоралдық кезеңдеріндегі сайлауды ұйымдастыру мен өткізудегі ерекшеліктеріне тоқталып, мемлекеттің азаматтарға, қоғамдық бiрлестiктерге заңнамаға сәйкес белгілi бiр кандидатты, саяси партияны жақтап не қарсы кедергiсiз сайлау алдындағы үгiт жүргiзу құқығына кепiлдiк беретіндігін айтты. Жергiлiктi атқарушы органдардың тиiстi сайлау комиссияларымен бiрлесiп барлық кандидаттар үшiн үгіттiк баспа материалдарын орналастыру үшiн орнын белгiлейтіндiгі және оларды стендтермен, тақталармен, тұғырлықтармен жарақтандыратындығы мен үгiттiк баспа материалдары барлық кандидаттар үшiн тең құқықтар қамтамасыз ететiн жағдайда орналастыру қажеттігіне баса назар аударды.

Сонымен қатар заң бойынша үгiт материалдарын ескерткiштерге, ескерткіш тұғырларға, тарихи, мәдени немесе сәулеттiк құндылығы бар үйлер мен ғимараттарға, сондай-ақ дауыс беруге арналған үй-жайларға iліп қоюға тыйым салынатындығы да айтылды.
Дөңгелек үстел қорытындысында көтерілген мәселелер жүйеленіп, алдағы сайлау науқандарында басшылыққа алынатын нақты ұсыныстар қабылданды.
Бекзат Қанәділ,
zhaikpress.kz