22.05.2026, 15:00
Оқылды: 16

Төрт айдағы инвестиция көлемі – 182,6 млрд теңге

 

Облыстық  инвестициялық  штабтың  6-отырысы  өтті.  Штабтың  мақсаты  –  инвесторлардың  мәселелерін  қарастыру  және  оларға  қолдау  көрсету.  Іс-шараға ҚР Президент әкімшілігі  департаментінің  директоры,  штаб  мүшесі  Эрик  Жамбылов,  аудан  әкімдері  мен  кейбір  компания  басшылары  қашықтан  қатысты.   

DSC06584

- Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев былтырғы Жолдауында шикізат саласынан терең өндеуге инвестицияны бағыттау қажеттілігін атап өтіп, жаңа инвестициялық саясат құруды тапсырды. Яғни инвестиция нақты мақсат пен сұранысқа сай бағытталуы тиіс. Биылғы жоспарлы көрсеткіш – 1051,2 млрд теңге. Сондықтан осы бағытта жұмыс қарқынын арттыруымыз қажет, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

Бұдан соң облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан Өтепбаев инвестиция тартуға қатысты атқарылып жатқан жұмысты баяндады. 2023-2025 жылдары өңірдегі негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 675,2 млрд теңгеден 874,4 млрд теңгеге дейін  ұлғайған.

– Бұл көрсеткіштер өңірдің инвестициялық тартымдылығының артып келе жатқанын және жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың нақты нәтижесін білдіреді. Биылғы 4 айдың қорытындысында негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі – 182,6 млрд теңге. 2025 жылғы сәйкесті кезеңмен салыстырғанда 17%-ға артты. Бұл қаражат көлемінің 45%-ы Бөрлі ауданына, 23,9%-ы Орал қаласына, 9,3%-ы Бәйтерек, 7,6%-ы Ақжайық және 2,8%-ы Теректі аудандарына тиесілі. Казталов, Сырым, Жаңақала, Қаратөбе және Шыңғырлау аудандарының үлесі төмендеу, – деді басқарма басшысы.

Биылғы негізгі капиталға тартылған инвестицияның жоспарлы көрсеткішіне ірі жобалардың есебінен қол жеткізілмек. Мәселен, «ҚПО б.в.» компаниясы 2026 жылға жоспарлаған инвестиция көлемі – 179,2 млрд теңге. Бүгінде компания Қарашығанақты кеңейту жобасы аясында 6-компрессорды орнату үшін құрылыс-монтаж жұмысын жүргізуде. «Спец-Стройсервис» ЖШС цемент зауыты құрылысының жобасына 9,7 млрд теңге инвестиция тартпақшы. «AS&AR Biotech» ЖШС «Фармацевтикалық өндірісті құру (биоло-гиялық белсенді қоспа және дәрілік өнімдер өндіру)» жобасына 3,1 млрд теңге салуды көздеп отыр. Бюджеттік жобаларға – 112,5 млрд теңге, әлеуметтік жобаларға  68,8  млрд  теңге  салынбақ.

Ұлттық цифрлық инвестициялық платформада құны 2,7 трлн теңге болатын 100 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Ал облыста осы платформа аясында 50,6 млрд теңгеге 38 жоба пайдалануға берілген. Нұржан Сапаргелдіұлы осы жүйеге  бірнеше жобаны енгізуге ұсынды. Мысалы, биыл «Конденсат» АҚ Бөрлі ауданында «Керосин өндірісі» жобасын іске қоспақ. Қуаты жылына 180 мың тонна жанармай өндіруге жетеді. Жоба құны – 2,5 млрд теңге. «RT-Alliance» ЖШС да осы ауданда сұйық азот өндіру зауытын жаңғыртуды көздеп отыр. Құны 320 млн теңге болатын жоба тоғыз адамға жұмыс тауып бермек.

Ал «ЭкоПром-Ақсай» ЖШС «Қалдықтарды жою және қайта өңдеу бойынша өнді­рістік базаның құрылысы» жобасын іске қосуға ниетті.  Жоба құны – 200 млн теңге.

«Муслим» ШҚ Казталов ауданында суармалы алқапқа жаңбырлатқыш машиналармен су алу, беру үшін инфрақұрылым жүргізбек. Құны 422 млн теңге болатын жоба  бойынша 12 жұмыс орны ашылады. Ал «Кубеев» ЖК Орал қаласында «Агротуризм және ауыл шаруашылығы кластері»  жобасын іске асырмақ.  7 млрд  теңгенің жобасы іске асса, 600 адамды тұрақты, 250 кісіні уақытша жұмысқа алады. Штаб отырысында осы жобаларды жүзеге асыратын кәсіпкерлер қазіргі жай-жапсарын таныстырды.

«AQJAIYQ» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ  басқармасының төрағасы  Ержан Досмақов инвесторларға қолдау көрсету, агро­өнерәсіп саласындағы инвестициялық  жобаларды қаржыландыру жөнінде баяндады. 2020-2025 жылдары облыста 20 млрд теңгеге 28 жоба іске асты. Нәтижесінде  1000-нан астам жұмыс орны  ашылған. Енді 30 жоба жұмысын бастайды. Инвести­цияның жалпы құны – 24,7 млрд теңге. Сондай-ақ биыл 9,1 млрд теңгеге тоғыз жоба  іске қосылмақ. Ержан Нұржанұлы айтып өткендей, «Сырым» өңірлік индустриялық аймағын құру жұмысы басталған. Оның мақсаты – агроөнеркәсіптік кешен  мен өңдеу өнеркәсібін дамыту. Әрі облыстың логистикалық мүмкіндігі ескерілген. Аумағы 800 гектар аймақ  Орал-Самара тасжолының бойында орналасқан. 2023-2025 жылдары «АӨК саласындағы жобаларды несиелендіру» бағдарламасын іске асыру барысында  19,8 млрд теңгеге  26 жоба қаржыландырылды.

DSC06589

Штаб отырысында аймақ басшысы Нариман Төреғалиұлы аудан әкімдеріне инвесторларға қолдау білдіру керектігін баса айтты. Инвесторлар қолға алған жобалар да тексеріледі деді. Себебі оларға жұмыс істеуге барлық жағдай жасалды, енді өздерінің міндеттемелерін орындаулары тиіс. Облыс әкімі Шыңғырлау ауданында инвестиция тартуға мүмкіндік көп екенін де тілге тиек етті. Әсіресе туризм саласына қатысты жобаларды жүзеге асыруға қолайлы екенін атап өтті.  Сондай-ақлар орындалмай тұрған аудан әкімдерінің уәжін тыңдады. Әр аудан әкіміне бір айдың ішінде өңдеу өнеркәсібімен айналысатын неше кәсіпорын бар екенін анықтап, олардың қызметін сала-салаға бөліп, есеп беруді  тапсырды.

Ясипа  Рахимқызы,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале