23.05.2026, 18:00
Оқылды: 4

Бәйтеректік құрақшы алтын медаль иеленді

Қазақ елі тәуелсіздігін алғалы бері халқымыздың төл өнері мен ұмыт бола бастаған қолөнері жаңа деммен жаңғырып, тамырын тереңге жайып келеді. «Өнер — таусылмас азық, жұтамас байлық» деген халық даналығын ту етіп, ұлттық мұраны ұрпаққа насихаттап жүрген өнерлі, хас шебер аналарымыздың бірі — Мичурин ауылының тұрғыны Ақерке Шамғалиева. Ақерке анамыз жүннен түрлі бұйымдар жасаудың, соның ішінде құрақ көрпе тігудің теңдессіз шебері.
photo-output
15 мамыр күні Өскемен қаласы әкімдігінің, мәдениет басқармасының және этнографиялық музейдің қолдауымен, сондай-ақ «Аламан құрақ» жобасының негізін қалаушы Нұргүл Абайханның бастамасымен үлкен шара өтті. "Аламан құрақ-2026" фестивалінде қазақтың ұлттық қолөнері тағы бір мәрте әлем назарын аударды.
Қазақстанның 17 облысынан жиналған құрақшылардың басын қосқан бұл тарихи жоба аясында екі бірдей әлемдік рекорд орнатылды: 787 құрақшының қатысуымен «Барқытбел» көрпесі құралып, рекорд жаңғыртылды. 789 шебердің атсалысуымен «Жылқы жастығы» композициясы жасалып, мүлдем жаңа рекорд орнатылды.
Аталған қос рекорд халықаралық Global Best of Records ұйымы тарапынан ресми түрде тіркелді. Бұл — қазақтың құрақ өнерін әлемдік деңгейге көтерген, 17 облыстың шеберлерін бір мақсатқа біріктірген тарихи жетістік.
image-23-05-26-09-08-6
Осы игі шараға Батыс Қазақстан облысының намысын қорғап барған Мичурин ауылдық округінің тұрғыны Ақерке Мағжанқызы да белсене қатысты. Ұлттық қолөнерді дәріптеуге қосқан ерекше үлесі мен жоғары кәсіби шеберлігі үшін ол Алтын медальмен марапатталды.
image-23-05-26-09-08-4
Шебер анамызды туған жерге күтіп алу рәсімі де жоғары деңгейде ұйымдастырылды. 22 мамыр күні Мичурин ауылдық округінің әкімі Максим Мусалимовтің бастауымен, Бәйтерек ауданының "Мәдени-демалыс" орталығының қолдауымен, ауылдық клуб меңгерушісі Аягөз Бейсова және клубтың шығармашылық ұжымы, аудан өнерпаздары Орал қаласының темір жол бекетінде әннен шашу шашып, салтанатты түрде қарсы алды. Округ әкімі Максим Болатұлы Ақерке анамызға өзінің ақжарма тілегі мен ізгі лебізін білдіріп, құрмет көрсетті.
- Ақерке Мағжанқызының еңбегі мен өнерге деген сүйіспеншілігі — көпшілікке үлгі, жас ұрпаққа рухани тәрбие беретін тағылымды өнеге.
Ақерке анамызға айтар тілегіміз, жеткен жетістіктеріңіз баянды болып, шығармашылық шабытыңыз артсын! Қолөнердің қасиетті жолындағы еңбегіңіз еленіп, ұлттық өнеріміздің абыройын асқақтата беріңіз! Жүз жасаңыз, - деді Максим Болатұлы.
Аягөз Бейісова
Мичурин ауылдық клубының меңгерушісі
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале