2026 жылдың 21-23 мамыр аралығында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі «Қазақстан Халық банкі» акционерлік қоғамының демеушілігімен «Халық әуені» ауқымды бірегей жобасын жүзеге асырады.

«Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді ең алдымен өнеріміз арқылы танып біледі. Біз – Ұлы далада тамыр жайған бірегей мәдениеттің заңды мұрагеріміз. Қазақ жерінен шыққан қайталанбас өнер иелерінің теңдессіз туындылары тұтас ұлтты тәрбиеледі. Қазір төл мәдениетіміз дүние жүзіне танылып жатыр» - , деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, жоба Президентіміз көтерген мәдени саясаттың басым бағыттарымен үндес. Атап айтқанда, мәдениет пен өнерді тек ірі қалаларда ғана емес, өңірлер мен ауылдық аймақтарда дамыту, халықтың мәдени игіліктерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ шығармашылық ұжымдардың ел аумағында кеңінен таралуын арттыру міндеттері жобаның негізгі мазмұнын айқындайды.

«ХАЛЫҚ ӘУЕНІ» – ұлттық руханиятты жаңғыртуға бағытталған, халықтық музыкалық мұраны заманауи форматта ұсынатын ерекше мәдени бастама. Жоба аясында сан ғасырлық саз бен дәстүр сабақтастығы бүгінгі тыңдарманмен жаңа сипатта үндесіп, ұлттық өнердің терең тамырын кеңінен танытуға мүмкіндік береді.
Жобаның басталуы 21 мамырға яғни мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен тұспа-тұс келіп тұр. Бұл жайт бастаманың символдық мәнін арттырып, оның рухани мазмұнын тереңдете түседі.

Жоба аясында министрлікке қарасты жетекші шығармашылық ұжымдар еліміздің 17 өңірінде гастрольдік сапар ұйымдастырады. Концерттік бағдарламалар Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жетісу, Жамбыл, Қарағанды, Маңғыстау, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарын қамтиды. Сонымен қатар өнер ұжымдары шалғай аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендерге барып, көрерменге ұлттық және заманауи өнердің үздік үлгілерін ұсынады.
Жобаның негізгі мақсаты – жоғары көркемдік деңгейдегі концерттік бағдарламалар арқылы Қазақстан халқының мәдени құндылықтарға тең қол жеткізуін қамтамасыз ету.
«ХАЛЫҚ ӘУЕНІ» жобасын ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстарын Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы жүзеге асырады.
Аталған жоба аясында Қазақстан Республикасы «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің жанынан құрылған «Salt Sound» фольклорлық ансамблі Батыс Қазақстан облысына гастрольдік турмен барады.
Гастрольдік сапар барысында ансамбль 21 мамыр күні Бәйтерек ауданының Переметное ауылында өнер көрсетеді. Ал 22 мамыр күні сағат 16:00-де Тасқала ауданы Тасқала ауылы Тасқала аудандық мәдениет үйі, 23 мамыр күні сағат 16:00-де Теректі ауданының Теректі ауылындағы Теректі аудандық мәдениет үйінде концерттік бағдарламасын ұсынады.

Кеш барысында «Salt Sound» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен сахнаның таңдаулы өнерпаздары көрерменге романстар мен лирикалық шығармаларды тарту етеді. Сонымен қатар, кеште «Құрмет» орденінің иегері, әнші Өмірқұл Айниязов, «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің мың бұралған бишілері, Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Назерке Абилхасенова, Сұлтан Әлімқұл, Ернақ Жалғас, Алина Маркенова сынды өнерпаздар өнер көрсетеді.

«Salt Sound» - 2025 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен құрылды. Құрамында 15 музыканттан тұратын ансамбль консерваторияның жас таланттарынан, халықаралық байқаулардың лауреаттарынан құралған шығармашыл ұжым. Ансамбльдің басты мақсаты - ұлттық және әлем халықтарының билерін жанды музыкамен сүйемелдеп, ұлттық өнерді насихаттау. Құрылған уақыттан бері өнер ұжымы еліміздің бірқатар қалаларында - Ақтөбе, Петропавл, Алматы және Астана сахналарында өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді.
Қоғамдық даму басқармасының баспасөз қызметі