“Айбын” спорт кешенінде Казталов ауылының 2016 жылғы мектеп түлектерінің мектеп бітіргендеріне 10 жыл толуына орай ұйымдастырылған футзалдан дәстүрлі түлектер кубогы өтті.
Жасыл алаңда бұрынғы чемпиондар мен жүлдегер командалар, түрлі жылғы мектеп түлектері қатысып, өзара шеберлік көрсетті. Олардың қатарында 2020 жылғы чемпион атанған “Кемел шақ” командасы, бірнеше жыл бойы жүлделі орындардан көрініп жүрген 2010, 2012, 2014, 2018 жылғы түлектер, сондай-ақ жаңа құрамдағы командалар да бар.
Салтанатты ашылу рәсімінде Казталов аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Ринат Бариұлы сөз сөйлеп, түлектерді құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ал 2016 жылғы мектеп түлектері атынан сөз алған Аиеке Мухамедқанафия барлық командаларға тартысты ойын мен әділ бәсеке тіледі.
Шараның ерекше әсерлі сәттерінің бірі – аудан намысын абыроймен қорғап, аудан мәртебесін түрлі жарыстарда көтеріп жүрген бір топ жерлесіне Нүркен Жасталапұлына, Роман Мағжанұлына, Азамат Алматұлына, Бағдат Халыбекұлына, Ерлан Мағжанұлына, Манат Махсотұлына 2016 жылғы түлектер атынан алғысхат табыс етті. Сонымен қатар Қазақстан чемпионатының жүлдегері Ерқанат Русланұлы мен жаттықтырушы Сағындық Маратұлына алғысхат пен естелік сыйлық ұсынылды.
Тартысқа толы өткен дода қорытындысында 2012 жылғы түлектер І орынды жеңіп алса, “Кемел шақ” командасы ІІ орынға, 2013 жылғы түлектер ІІІ орынға ие болды.
Сондай-ақ арнайы номинациялар бойынша “Үздік қақпашы” атағы Аманжол Хайруллинге, “Үздік ойыншы” атағы Нүркен Ахметовке, “Үздік қорғаушы” атағы Ильяс Медижанға, ал “Үздік шабуылшы” атағы Мұхаммед Құрманалиевке берілді.
Мейірім Парасат,
Қазталов ауданы