26.05.2026, 21:30
Оқылды: 7

«Жыр жауһары – Жиембет» ғылыми конференциясы өтті

Бөрлі аудандық мәдениет үйінде Жиембет жырау Біртоғашұлының 450 жылдығына арналған ғылыми конференция болып өтті. Шара алыс-жақыннан жиналған ғалымдардың басын қосып, оны белгілі айтыс ақыны Жарқынбек Шынтаев жүргізді. Аталған конференцияны Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов  құттықтау сөз сөйлеп ашып, қазақтың өр рухты ақынына арналған конференцияның жұмысына сәттілік тіледі.

Жиембет жырау (6)

АОКЖ ақпараттық-библиографиялық бөлім библиографы Жанаргүл Ғұбайдуллина «Жиембет жырлары – тарих айнасы» атты кітап көрмесіне шолу жасағаннан кейін кезек ғалымдарға берілді.  Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын-аудармашы, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің аға оқытушысы Талап Таймасұлы Жиембет жыраудың Есім ханға айтқан толғауына кеңірек тоқталды. «Кемел Ұрпақ Орал» мектебі ЖШС тарих пәні мұғалімі, педагогика ғылымының магистрі, алаштанушы Ерқанат Қажымұрат «Туған жер және тұлға: Жетікөл өңірінен шыққан Жиембет руы өкілдері» тақырыбында баяндама жасап, жаугершілік замандағы Жиембет батырдың ел ішінде айтылып жүрген көптеген қызықты әңгімелерімен бөлісті. Конференция барысында «Жиембет жырау» қоғамдық қорының төрағасы Талғат Бисенов, білім саласының ардагері, зейнеткер ұстаз, Атырау облысы Қызылқоға ауданы Ш. Еркінов атындағы орта мектептің мұғалімі Сара Айтекешова, Ақжайық ауданы Чапай ауылынан келген Жиембет жырау ұрпағы Кенжеғали Темірғазиев сөз алып, Жиембет жырау, оның ұрпақтары туралы қолда бар мәліметтермен бөлісті. Конференцияның ең шоқтығы биік жері Жиембет жырау қорының тапсырысымен шығарылған Жиембет атамызға арналған анимациялық мультфильмді тамашалау болды. Мультфильм  ап-анық, жып-жинақы, әрі сапалы болып шыққан. Көркемдік деңгейі өте жоғары жасалған екен. Оның шығуына демеушілік жасаған – «Ақ жол» партиясынан сайланған аудандық мәслихат депутаттары Алма Елеусінова, Бақытжан Ғаділшеев, Серік  Дүйсенов. Бұл балаларға арналған қазақша контентер жасау ісіне қосылған үлкен үлес болды.

Жиембет жырау (3)

Конференция барысында мектеп оқушылары Жиембет жыраудың өлеңдерін кезектесе оқып, домбырада Жиембет болып толғап беруі көңілге қуаныш ұялатты.   Жиембет жырау қорының белсенді  мүшесі, Ақсай қаласының тұрғыны Қайрат Зинуллин қорытынды сөз сөйлеп,  бұл конференцияның Жиембет жырау Біртоғашұлының 450 жылдығына арналған  шаралардың бір парасы ғана екенін, алда да жырау шығармаларын, оның елдік, ерлік дәстүрлерін ұлықтайтын біршама жоспар бар екенін айтты. Аталған шараларды жүзеге асыруда Жиембет ұрпақтарының өте белсенділік танытып отырғаны атап өтілді. Сөз соңында Қайрат Зинуллин Жиембет жыраудың әдемі фотосуретін аудандық өлкетану мүзейіне мұражайына тарту етті.

                                                                                Дариға Нұрашова,

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале