Құрбан айт – Ораза айттан кейін 70 күн өткен соң келетін мейрам. Мұсылман қауымы Құрбан айтты қатарынан үш күн тойлайды. Биыл елімізде Құрбан айт мерекесі 27 мамырда басталады. Осы орайда біз ауданымыздың бас имамы Қанат Жакеновпен жүздесіп, Құрбан айт кезінде көпшілік жиі қоятын сауалдарды жолдап, жауап алған едік.

Фото: zhaikpress.kz
- Қанат Қуанышбайұлы, алдымен мереке туралы толығырақ айтып өтсеңіз. Жалпы Құрбан айтты қалай өткізуіміз керек?
- Негізінен, «Құрбан» сөзі араб тілінде «жақындау» деген мағынаны білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал айт – мереке, мейрам, қуаныш деген сөз. Құрбан айт күндері мұсылманның атқаратын ең жақсы ісі – құрбандық шалу. Осы арқылы пенде Алла Тағалаға жақын болады, күнәлары кешіріледі. Құрбан айтта әр мұсылман құрбан шалып, дастархан жайып, балаларға сыйлық беріп қуантып, туған-туысқандарын, достарын мерекемен құттықтап, қуаныштарымен бөліскен абзал. Ең бастысы, оның мейрам екендігі білінуі тиіс.
- Көпшілік Құрбан айттан бұрын ораза ұстау керек деп жатады. Сол жайында айтып берсеңіз.
- Арафа күні, яғни 26 мамыр Құрбан айттан 1 күн бұрын ораза тұтып, ниет етіп жатады, бұл дұрыс. Себебі Адам ата мен Хауа ана Арафат тауында кездесіп, Алла тағаладан өздерінің өмірінде жасаған күнәлары үшін кешірім сұрап, дұғалары қабыл болған деседі. Осыдан соң да мұсылмандар сол Арафа күні қажылыққа барып, тәубе етіп, дұға жасай бастаған. Ал қарапайым халық өз отбасыларында отырып-ақ, құрбан айттан бір күн бұрын, яғни осы Арафа күні ауыз бекітіп, құлшылық жасап, ниет еткен.
- Осы ретте айтасыз ба, шек (шектік) беру мен құрбандық шалудың айырмашылығы қандай?
- Міне, айтып отырған Арафа күні қажылар қажылыққа барып, дұға жасаған кезде қарапайым үйде отырған мұсылман да қарап отырмайын, мен де өз құлшылығымды жасайын, өлгендерді еске алайын деп, малын сойып, құран оқытқан. Шек беру содан шыққан, негізінде. Жалпы, қазір көбі айтып жүрген «өмірден өткен жанға 3 жыл қатарынан шек беруім керек» деген қатып қалған қағида жоқ.
- Қандай малды құрбандыққа шалуға болады? Қандай малдар құрбандыққа жарамайды?
- Құрбандыққа шалынатын малдардың қатарына қой мен ешкі; сиыр, бұқа және түйе жатады. Қой мен ешкі бір жасқа, ірі қара мал екі жасқа, ал түйе бес жасқа толған болуы керек. Және бұл малдардың толықтай дені сау болуы қажет, ешқандай кемшіліктері болмауы тиіс: бір көзі соқыр, әлсіз, арық, құлағы немесе құйрығы (үштен бірінен астам бөлігі), тісінің (жартысы және одан астам) жоқ, мүйізі сынған, аяғы ақсақ, ауру малдарды құрбандыққа шалуға болмайды.
- Бірнеше адам бірігіп құрбандық шалуына бола ма?
- Әрбір адам бір қой немесе ешкіні құрбандыққа шала алады. Бір ірі қара малды немесе түйені бір ғана адам да, сонымен қатар жеті адамнан тұратын бір топ адам да құрбандыққа шала алады. Оған қоса, олардың жетеуі де құрбан шалуға ниет етуі қажет.
- Құрбандық шалудың белгілі уақыты бар ма?
- Құрбан шалудың уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні күн батқанға дейін жалғасады. Құрбандық шалудың белгілі уақыты бар, яғни Айт намазынан кейін. Құрбандықты одан алдын ала немесе кейін шалуға болмайды. Уақытынан бұрын шалған құрбандық өз отбасы үшін сойылған мал іспетті. Ол құрбандық болып есептелмейді.
- «Құрбандыққа мал алып соймай, орнына малдың құнын ақшалай садақа ретінде таратуға бола ма?» деген сауал да бар. Оған не айтасыз?
- Құрбан шалу үрдісінің өз маңызы бар. Малдың құнын ақшалай беруге болмайды. Міндетті түрде қан шығарып, құрбан шалған дұрыс. Қазір мүфтиятта «Онлайн құрбандық» деген сайт бар. Яғни аты-жөнін, қай қаладан екенін айтып, малдың ақшасын беріп, біз сол ақшасына мал алып, сол кісінің атын атап құрбан шалып, етін мұқтаждарға таратып, видеоесеп береміз.
- Ет қалай үлестіріледі?
- 27 мамыр күні Айт намазы таңғы 6:30-да оқылғаннан кейін көпшілікке белгілі КОС, яғни қаланың кәріс тазалау аймағы бетінде, мешіттен кезекші имамдар, қалалық әкімдіктен мамандар, қасапшылар сол жерде болады. Тұрғындар келіп, малдарын сойдырып, таратады. Негізінен, етті бізге арнайы келіп, өтініш қалдырған мұқтаж жандарға үлестіреміз. Қазірдің өзінде біраз өтініш түсті. Бәрін қағаз жүзінде жасап, өтінішін қабылдап, етті алған соң қолхат жаздырып аламыз.
- Мерекеде айтар тілегіңіз болса...
- Мұсылмандар үшін ерекше қасиетке ие екі айт мейрамы бар: бірі Ораза айты болса, екіншісі – Құрбан айт. Осы екі мейрамды әлем мұсылмандары, соның ішінде халқымыз ғасырлар бойы атап өтіп келеді. Мақсат – Алла Тағаланың бұйырғандарын орындау арқылы, оның разылығына бөлену мен мол сауапқа кенелу. Бұл мерекеде қоғамдық қарым-қатынастар біршама реттеліп, адамдардың бір-біріне деген мейір-махаббаты қайта оянғандай болады. Өйткені, бұл күндері алыстағы туған-туыстар бір-біріне айттап келеді, көрші-қолаңдар бір-біріне көңіл бөле бастайды, жағдайы төмен отбасыларға жан-жақты көмектер көрсетіліп, құрбан еттерінің бір бөлігі үлестіріледі.
Алла Тағала шалған құрбандықтарымыз бен игі амалдарымызды қабыл еткей! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Осындай Алланың разылығына жетелейтін мерекелер өз жалғасын таба бергей. Құрбан айт мерекесі баршамызға мүбәрак болсын!
- Сұхбатыңызға рахмет!
Сұқбатты жүргізген Сәнім Меңдібай,
Бөрлі ауданы