«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген тағылымды сөзді ту еткен Жаңақала ауданына қарасты Жаңақазан ауылының тұрғындары тағы бір игі бастаманың ұйытқысы болды. Ауыл мектебінде биология пәнінің мұғалімі болған, Қазақ КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері Ғұмар Салықовтың бастамасымен 1955 жылы егілген тәлімбақ бүгінде қайта жаңғырып, абаттандыру мен көгалдандыру жұмысы қарқын алғалы отыр.

Халық арасында «Ғұмар бағы» атанып кеткен жасыл желек – бір адамның ғана емес, тұтас ауыл еңбегінің жемісі. Табиғатпен үндескен тағылымды іс қайтадан жалғасын табуда.
Осыған байланысты өткен игі іс-шараға аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев пен Ғұмар атаның әулеті қатысты. Экологиялық бастама аясында аумаққа 200 түп жас терек көшеті отырғызылды. Жиналған жұрт ұйымшылдық танытып, жер қазу, көшет отырғызу және суару жұмысын бірлесе атқарды. Көптің ауызбіршілігі мен туған жерге деген жанашырлығы осы сәтте айқын көрініс тапты.
Бұл бақтың «Ғұмар бағы» аталуы да тегін емес. Ел ішінде «Тәжірибе тарланы» атанған ұстаз Ғұмар Айтқалиұлы шөлейтті Жаңақазан жерін жасыл желекке айналдыруға бар күш-жігерін жұмсаған. Мектепте оқу-тәжірибе учаскесін ашуды ұсынып, топографиялық жоспарын жасақтаған. Оқушылармен бірге жүргізген табанды еңбек нәтижесінде 1,5 гектар жерге әртүрлі сұрыптағы 300-ге жуық ағаш көшетін отырғызған.
Суға зәру болып отырған ауылда бау-бақша өсіріп, өнім алған еңбекқор жанның бастамасы кейін көпшілікке үлгі болды. Ауыл тұрғындары да Ғұмар атаның ісін қолдап, ортақ іске жұмыла кіріскен.
Осынау тарихи сәтке арнайы қатысқан Жаңақала ауданының құрметті азаматы, облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағасы Ербол Ғұмарұлы әке еңбегін ардақтап жатқан азаматтарға ризашылығын білдірді.
«Әке ізінің қайта жаңғырып жатқаны – біздің әулет үшін зор мақтаныш. Осы игі бастаманы қолға алып, ұйымдастырған аудан басшысы Алпамыс Көшкінбаевқа және ер еңбегін ұмытпай, көшет егуге бір кісідей атсалысқан барша Жаңақазан жұртшылығына алғыс білдіреміз», – деді.

Игі іс мұнымен тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта бақты абаттандыру жұмысы кешенді түрде жалғасып, осы аумаққа бейнебақылау камералары орнатылмақ. Сонымен қатар қосымша 1000 түп ағаш көшетін отырғызу жоспарланып отыр. Бұл бастама – ұрпақ үшін тарих тағылымы.
Ауыл әкімі Ақжарқын Ғаниева да туған жер табиғатын түлеткен тұлғалардың еңбегі ешқашан ұмытылмауы керектігін атап өтті.
– Ғұмар Салықов секілді туған жердің көркеюіне өлшеусіз үлес қосқан азаматтардың еңбегі кейінгі ұрпаққа әрдайым өнеге болуы тиіс. Өткенге құрмет көрсету – бүгінгі буынның басты парызы. Ал мұндай жасыл аймақ ауыл ажарын ашып, табиғатына сән береді, – деді ауыл әкімі.
Іс-шара соңында қонақтар мектеп мұражайын аралап, білім ордасының тарихымен және тағылымға толы жәдігерлерімен танысты. Мұражай төрінен орын алған Ғұмар Салықовтың өмірі мен еңбек жолына қатысты құнды деректер мен суреттер көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Өткен мен бүгінді жалғаған осындай ізгі істің ұрпақ тәрбиесіне тигізер әсері мол екені анық.
Әйгерім ТӨЛЕПОВА,
Жаңақала ауданы