Дана халқымыз «Кітап оқығандікі, Білім тоқығандікі», «Жақсы кітап - жан азығы», «Күш - білімде, білім – кітапта» деп бекер айтпаса керек. Уақыт өтіп, әлем дамыған сайын технологиялар да бірге дамуда. Қоғамымызда күнделікті тың ақпараттар көп болғанымен, кітап оқудың маңыздылығы ешқашан төмендеген емес. Қазіргі уақытта заманымыз дамып, ақпараттарды, кітаптарды ғаламтордан, неше түрлі әлеуметтік желіден оқи алсақ та, кітаптың өзін алып, оқитын жандар әлі де аз емес. Керісінше соңғы уақытта олардың қатары көбеюде.

Отбасы – сүйіспешілік, сыйластық пен құрметтің ошағы. Қазіргі уақытта отбасыларымен бірге кітап оқитын жанұялар қатары көбеюде. Бұл үлгі боларлықтай жағдай. Біздің ауданымызда да кітап оқуды насихаттап жүрген отбасылар жетерлік. Солардың бірі - Жұмағазиевтер жанұясы.
Алтынбек Жұмағазиев пен Рыскүл Утешованың шаңырақ көтергеніне биыл 15 жыл. Қазіргі таңда Отағасы Алтынбек мал шаруашылығымен айналысса, отанасы Рыскүл №7 ЖОББМ-нің логопед маманы. Бүгінгі күні олар 4 бала тәрбиелеп отқан көп балалы отбасылардың қатарынан. Үлкен қызы Айару 8-сынып, ал Арсен 7-сынып оқушысы. Ал Аяла былтыр мектеп табалдырығын алғаш аттап, биыл 1-сыныпты аяқтады. Үшеуі де №7 ЖОББМ-де оқиды екен. Қазіргі таңда кенжелері Айзере балабақша тәрбиеленушісі.
Отанасы Рыскүл балаларын кішкентай кезінен кітап оқуға баулып келе жатыр екен. Рыскүлдің өзі де кітап оқығанды жақсы көреді.
- Негізі өзім тарихи, психологиялық, мотивациялық және салт-дәстүрлерге байланысты немесе басқа да түрлі жанрдағы кітаптарды оқимын. Балдарым кітапты бастауыш сыныптан бастап оқи бастады. Басында өздері оқитын мектептің кітапханасынан ертегі кітаптар алып, үйге әкеліп оқып жүрді. Үлкен қызым мен ұлым орта буында оқиды. Олар қазіргі таңда қазақ жазушыларының шығармаларын өтіп жатыр. Бұл шығармалар мектеп кітаптарында үзінді ретінде беріледі. Сондықтан олар шығарманың толық мазмұнын білгісі келіп, кітапханадан кітап алып, үйде оқып, кейін бәріміз бірге отырып талдаймыз. Белгілі бір кітапты оқып болғаннан кейін балалар кітаптың не туралы екенін, мазмұнын бізге баяндап береді, кейін бәріміз отырып, оқиға желісі бойынша бір-бірімізге сұрақтар қойып, ақпараттармен бөлісіп, талдаймыз, - дейді Рыскүл.

Кейіпкеріміздің айтуы бойынша, әкелері үнемі кітап оқымаса да, бос уақыты болған кезде балалармен бірге отырып шығармаларды талқылайды. Ол батырлар туралы және тағы басқа да білетіндерін балаларына айтып отырады. Және де балалардың сұрақтарына жауап беріп, шығармалардың түсінбеген жерлерін түсіндіріп береді екен. Рыскүл кітап оқудың бала тәрбиесіне де жақсы ықпалы бар дейді. Ол балалар кітап оқу арқылы өз-өздерін де тәрбиелейтінін айтады. Мысалы, балалар кітап оқығаннан кейін «мен осы кейіпкерді қатты аяп кеттім, олай істемеуі керек еді» деп айтып отырады екен. Сондықтан да олар кітап талқылау барысында кейіпкерлердің жағымды және жағымсыз жақтарын айтып, сол жерде оның дұрыс немесе бұрыс жасағанын балаларға түсіндіріп, бірге талқылайды.
- Балаларым тек қана кітапханадағы кітаптармен шектелмейді. Кей кезде өздерінің қалаған кітаптарын маған «осы кітапты алып берші» деп айтады. Мен де баланың қызығып тұрған кітабын сұраныстарына байланысты алып беремін. Қазіргі таңда кітапты әлеуметтік желілерден, онлайн сауда платформалардан тапсырыс беруге болады ғой. Менде балаларым үшін тапсырыс беремін. Бірі білсе, бірі білмес, «Отбасы хрестоматиясы» деген бокстар бар. Бір бокстың ішінде 5 кітап болады. Мен балаларыма сондай екі бокс алып берген болатынмын. Балдарым осы бокстың ішіндегі кітаптарды аса қызығушылықпен оқыды. Ал 1-сынып оқитын қызыма кітаптарды қасында отырып, бірінші оқып, кейін мазмұнын айтып түсіндіріп беріп отырамын. Ал үлкен балаларым өздері оқып, кейін біздермен талқылайды, - дейді кейіпкеріміз.
Жұмағазиевтер жанұясы жақында Халықаралық отбасы күніне орай ауданымызда ұйымдастырылған білім беру ұйымдарының мектептері арасында өткен аудандық «Ата-анам және мен: кітапқұмар отбасымыз» атты онлайн байқауға қатысқан болатын. Байқаудың басты мақсаты оқырман отбасылар арасында қазақ жазушыларының шығармашылығын дамыту, кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру және отбасы құндылықтарын дәріптеу болды. Ауданымыздың бірнеше мектебінен отбасылар қатысқан жарыста Ақсай қаласының №7 ЖОББМ-ның атынан шыққан Жұмағазиевтер жанұясы І орынға ие болып, облыстық кезеңге жолдама алған еді. Ал облыстық кезеңде Жұмағазиевтер отбасы жүлделі ІІ орынға ие болды.

Аталған байқаудың ережесі бойынша байқауға қатысушы отбасылар 3-5 минуттық бейнеролик ұсынуы тиіс. Бейнероликте әр отбасы өздерінің отбасылық кітап оқу дәстүрлерімен бөлісіп, сүйікті кітаптарын таныстыруы керек.
- Бізге «Ата-анам және мен: кітапқұмар отбасымыз» атты байқауға қатысуға мектебіміздің кітапханашысы ұсыныс білдірді. Балалардың кітапханадағы формулярларына қарап, осындай байқау болайын деп жатқанын айтты. Кіші қызыңда биыл тек 1-сыныпта оқысада, кітапханада ұйымдастырылып жатқан шараларға қатысады, үлкен балаларыңда белсенді, үнемі кітаптар алып оқиды деп қатысуға ұсыныс тастады. Кітап оқығанның бір пайдасы, мысалы, үлкен қызым аудандық сайыстарға, Әбіш оқулары сияқты байқауларға қатысып, өзін көрсетіп, орындар алып жүр. Бұл да бір кітап оқудың пайдасы деп ойлаймын, - дейді көпбалалы ана.
Айдана Абдрахманова
Бөрлі ауданы