Сырым ауданында фермерлер жасарып келеді. Өткен айдың ортасында Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязовпен далалық жұмыстармен танысқанбыз. Жерден береке іздегендердің көбі - отыздың ар жақ, бер жағындағы жігіттер. Жастың аты жас. Технология туралы түсініктері, тәуекелге барулары, ақталмаған тәжірибелерден кейін жігер жинап, сілкінулері бөлек.

Шолақаңқаты ауылдық округіндегі “Абай” шаруа қожалығы егістік алқабы Тимур Жолжановтың маңдай терімен суарылған. Биыл шаруашылық 150 га алқапқа арпа екті. Далалық жұмыстардың басында Тимур ағамыздың ұлы Аманша Қасиет жүр.

- Жердің ылғалы жақсы. Дән салдық. Көктемгі бейнеттің берекесін күзде көрсек деген ой бар. - дейді ол.
“Даму” шаруашылығының жетекшісі Алтынбек Меңдіғалиев те - диқан ағалардың мектебін жалғастырушылардың бірі.
Алғабас ауылдық округіндегі “Миллат” шаруа қожалығының жетекшімі Қадыралин Миллат та істің басында ұлы Ержан жүрсе алаңдамайды.
Биыл ордалы отыздың қақпасынан енетін Ержанмен күздік бидай алқабында ұшырастық.

- Былтыр 400 га алқапқа күздік бидай салғанбыз. Көктемгі ылғалды болды. Егін бой көтеріп келеді. Былтыр күздік бидай гектары 15 центнерден берген. Биыл өнімділік одан жоғары болады деген ойдамыз. Астық қоймасының құрылысын аяқтадық.
Осы көктемде 300 га алқапқа жаздық бидай, 450 га жерге арпа ектік. Далалық жұмыстардың басында 7 техника жүр. 280 бас ақбас тұқымды сиырымыз бар. Малды баққан шаруашылық азығын да дайындауы керек. Біздікі соның қамы! - дейді Ержан Қадыралин.

Ауылшаруашылығы - осалдар таңдайтын сала емес. Егін тек шыдамдыларға, еңбекқорға басын иеді.
Істерің оң болсын, жігіттер!
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы