4.06.2026, 16:45
Оқылды: 9

Рәміздер – Тәуелсіздіктің тұмары!

4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күніне орай, Бәйтерек ауданының орталығы Переметный ауылындағы Бейбітшілік және келісім саябағында «Рәміздер – Тәуелсіздіктің тұмары!» атты салтанатты іс-шара өтті.

image-04-06-26-04-31-5

Мерекелік шара Көк байрағымыздың көкке көтеріліп, Қазақстан Республикасының Әнұраны шырқалуымен басталды. Салтанатты жиында сөз алған аудан әкімі Марат Тоқжанов тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтап, мемлекеттік нышандардың қадір-қасиетіне тоқталды.

image-04-06-26-04-31-7

- Баршаңызды ұлттық бірлігіміз бен егемендігіміздің айшықты белгісі – Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекеттік рәміздер – бұл жай ғана атрибуттар емес, бұл – біздің тәуелсіздігіміздің тұмары, өткен тарихымыздың шежіресі және жарқын болашаққа деген нық сеніміміз. Көк байрағымыз көкте желбіреп, Елтаңбамыз төрде орнығып, Әнұранымыз асқақ шырқалғанда, әрбір азаматтың жүрегінде Отанға деген шексіз мақтаныш сезімі ұялайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, мемлекеттік рәміздер – елдіктің арқауы, егемендіктің қасиетті нышаны. Сондықтан, Көк туымызды, Елтаңбамыз бен Әнұранымызды қастерлеу, оларға құрметпен қарау – әрбір Қазақстан азаматының қасиетті борышы әрі ұлттық патриотизмнің басты өлшемі. Рәміздер – бізді ортақ мақсатқа ұйыстыратын, елдік рухымызды асқақтататын қасиетті құндылықтар.

Құрметті аудан тұрғындары! Осы айтулы мерекеде баршаңызға мықты денсаулық, шаңырақтарыңызға құт-береке және бақ-дәулет тілеймін! Әрдайым еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! Елтаңбамыз – еңселі, Туымыз – тұғырлы, Әнұранымыз – айбынды бола берсін, – деді Марат Лұқпанұлы.

image-04-06-26-04-31-17

Мереке аясында ел игілігі үшін аянбай еңбек етіп, өңірдің қоғамдық-мәдени және әлеуметтік өміріне белсене араласқан жерлестерімізге аудан әкімінің атынан арнайы алғыс хаттар табысталды.

image-04-06-26-04-31

Олардың қатарында Достық ауылының қоғам белсендісі Надир Қуанов,  Көшім ауылдық округінің көркеюіне қолдау көрсетіп жүрген тұрғын Мейрам Бақтығұлов,  Рубежин ауылдық округінің дамуына атсалысып жүрген Василий Почколин, ұлттық құндылықтарды насихаттаушы мичуриндік Гүлдана Муханбетова,  Бейбітшілік ауылындағы ұлттық спортты дамытушы Дауржан Абдикалиев, Переметный ауылының мәдени іс-шараларының белсендісі Алексей Eфремов, Байқоныс ауылын көгалдандыру мен көркейтуге үлес қосып жүрген Махаббат Кожамарова, Бейбітшілік ауылындағы ұлттық спорт түрлерінің қолдаушысы Нұрбек Дюсенгалиев, аудандық аурухананың қоғамдық жұмыстардағы белсенді қызметкері Бекжан Маратов,  Новенький ауылының дамуына үлес қосып жүрген тұрғын Алтынбек Рыскалиев, Шалғай ауылының әлеуметтік дамуына қолдау көрсетушісі Расул Агасиев бар.

Салтанатты жиын соңында аудан көркемөнерпаздары париоттық әндерді әуелетіп, жиылған көпшілікке айрықша рух сыйлады.

Гүлім Орда,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале