4.06.2026, 18:00
Оқылды: 3

Мемлекеттік рәміздер – елдік пен егемендіктің нышаны

Дәл осындай тақырыппен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында дөңгелек үстел отырысы өтті. Шараның басты мақсаты – мемлекеттік рәміздердің маңызын түсіндіру, оларды құрметтеу мәдениетін қалыптастыру және жастар арасында патриоттық құндылықтарды насихаттау.

дөңгелек үстел 1

Іс-шараны Тасқала ауданының әкімі Талғат Асқарұлы Шакиров ашып, қатысушыларды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады. Өз сөзінде ол Ту, Елтаңба және Әнұранның Тәуелсіз Қазақстанның басты құндылықтарының бірі екенін атап өтті. Мемлекеттік рәміздер еліміздің егемендігі мен тұтастығын білдіретін қасиетті белгілер ретінде әр азаматтың жүрегінде ерекше орын алуы тиіс екенін жеткізді.

Дөңгелек үстел барысында мемлекеттік рәміздерді пайдалану, сақтау және насихаттау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Думан Ғазез мемлекеттік рәміздерге жүргізілген мониторинг жұмыстарының қорытындысымен таныстырып, анықталған кемшіліктер мен оларды жою жолдары туралы баяндама жасады.

Сонымен қатар аудан прокуроры Алмас Маратұлы Унаев сөз сөйлеп, мемлекеттік рәміздерді пайдалану кезінде заң талаптарын сақтау қажеттігіне тоқталды. Ол мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті.

Шара барысында қатысушылар мемлекеттік рәміздердің қоғамдағы рөлі, олардың жастар тәрбиесіндегі маңызы және ұлттық бірегейлікті нығайтудағы орны туралы пікір алмасты. Мемлекеттік Тудың халықаралық жарыстар мен түрлі әлемдік ареналарда көкке көтеріліп, еліміздің жетістіктерін паш ететіні, ал Елтаңба мен Әнұранның қазақстандықтардың бойында мақтаныш сезімін қалыптастыратыны тілге тиек болды.

дөңгелек үстел

Кездесу соңында қатысушылар мемлекеттік рәміздерді кеңінен насихаттау, оларды құрметтеу мәдениетін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті. Шара қорытындысында ұйымдастырушылар барша жұртшылықты Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығын, халқымыздың бірлігі мен берекесін тіледі.

Осындай тағылымды кездесулер жастардың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырып, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыруға ықпал етеді. Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздігіміздің тірегі, ұлттық мақтанышымыздың айқын көрінісі.

Бекжан Бақытжанұлы

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале