10.06.2026, 17:30
Оқылды: 34

Есеп емес, нәтиже маңызды

Облыстық прокуратурада өткен үйлестіру кеңесінің отырысында жұмыспен қамту саласындағы өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды. Басқосуда жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, бюджет қаражатының тиімді игерілуі және азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуы мәселелері көтерілді.

DSC00440

Жиынға облыс әкімдігі, мемлекеттік құрылымдар мен құқық қорғау құрылымдары­ның басшылары, аудан әкімдері мен прокурорлары қатысты. Кеңес отырысын ашқан облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы жұмыспен қамту мәселесі тек экономикалық  емес, әлеуметтік тұрақтылыққа тікелей әсер ететін маңызды бағыт екенін атап өтті.

Прокуратура жүргізген талдау нәтижесінде бірқатар жүйелі кемшілік пен заңбұзушылық анықталған. Атап айтқанда, жұмыссыздық  деңгейіне қатысты статистикалық мәліметтердің шынайылығына күмән келтіретін жағдайлар, халықты жұмыспен қамтуға бағытталған белсенді шаралардың жеткіліксіз орындалуы, гранттық қаржыландырудың тиісті деңгейде бақыланбауы және жалған жұмысқа орналастыру фактілері белгілі болған.

Облыс бойынша еңбекке қабілетті тұрғындар саны 357 мыңнан асса, олардың 340 мыңы жұмыспен қамтылған. Ресми дерек бойынша жұмыссыздық деңгейі соңғы үш жыл бойы 4,6-4,7 % шамасында сақталып келеді. Алайда прокурорлық талдау бұл көрсеткіштердің артында нақты жағдайды толық ашпайтын мәселелер бар екенін көрсетті.

Үйлестіру кеңесінде сөз алған облыс прокурорының  бі­рінші орынбасары Дәурен Омарғалиев статистикалық есептер мен нақты жағдайдың арасында елеулі алшақтық бар екенін айтты. Оның сөзінше, кейбір аудандарда жұмыссыздықты анықтау мақсатындағы сауалнамалар талапқа сай жүргізілмеген. Тіпті тұрғындармен кездеспей-ақ деректер енгізілген жағдайлар кездескен. Сондай-ақ мансап орталықтарының қызметінде де кемшіліктер анықталған. Электронды еңбек биржасындағы бос жұмыс орындарын бақылау, жасырын вакансияларды анықтау  және жұмыс берушілердің жауапкершілігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар бірқатар өңірде тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған.

Тексеру барысында субсидияланатын жұмыс орындары бағдарламалары бойынша да заңбұзушылықтар белгілі болды. Кей азаматтардың жұмыс орнында болуы тиіс уақытта шетелде жүргені анықталғанымен, оларға бюджет есебінен жалақы төленіп келген. Сонымен қатар біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін адамдарды жұмысқа орналастыру деректері де тіркелген.

Кеңесте мемлекеттік гранттардың тиімділігіне де ерекше назар аударылды. Талдау нәтижелері көрсеткендей, грант алған кәсіпкерлердің едәуір бөлігі кейіннен кәсіпкерлік қызметін тоқтатқан немесе бюджетке салық төлемеген. Кей аудандарда грант қаражатын мақсатсыз пайдалану фактілері анықталып, заңсыз жұмсалған қаржы мемлекет қазынасына қайтарылған.

Прокуратура өкілдері пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды қайта әлеуметтендіру жұмыстарының да жеткіліксіз деңгейде жүргізіліп отырғанын атап өтті. Бұл бағыттағы көрсеткіштер ресми есептерде жоғары көрінгенімен, нақты нәтижелер көңіл көншітпейді.

Жиын барысында өңірлік жұмыспен қамту картасының орындалуына қатысты да сын айтылды. Прокурорлық тексерулер кей жағдайда азаматтардың келісімінсіз оларды жұмыспен қамтылғандар қатарына енгізу, бұрыннан жұмыс істеп жүрген адамдарды қайтадан жұмыспен қамтылған ретінде көрсету секілді фактілердің болғанын анықтаған.

Қорытындысында уәкілетті құрылымдарға анықталған заңбұзушылықтарды жою,  статистикалық мәліметтердің дұрыстығын қамтамасыз ету, негізсіз төленген бюджет қаражатын қайтару және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Үйлестіру кеңесінде көтерілген мәселелер жұмыспен қамту саласында есеп үшін жұмыс істеуден гөрі нақты нәтижеге қол жеткізудің маңызын тағы бір мәрте айқындап берді. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі қағаз жүзіндегі көрсеткіштермен емес, халықтың  әл-ауқаты мен нақты жұмыс орындарының көбеюімен ө-шенуі тиіс.

Түгелбай Кенжеғалиұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале