
Бүгін Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың өңір тұрғындарымен кездесуінде салық саясаты, салықтық әкімшілендіруді жетілдіру және цифрлық сервистерді дамыту мәселелері талқыланды.
Іс-шараға бизнес қауымдастығының, қоғамдық ұйымдардың және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Кездесу барысында ҚР Қаржы министрлігінің негізгі бағыттары, өңірдің мемлекеттік кірістер органдарының жұмысының нәтижелері және жаңа Салық кодексінің негізгі ережелері таныстырылды.
Салық жүйесін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушыларға жаңа Салық кодексіндегі басты жаңалықтар егжей-тегжейлі түсіндірілді. Ол әділ, түсінікті және заманауи салық салу моделін қалыптастыруға бағытталған. Сондай-ақ салықтық әкімшілендіруді цифрландыру, арнайы салық режимдерін жетілдіру, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және бизнестің әкімшілік жүктемесін азайту мәселелері талқыланды.
Ержан Біржанов атап өткендей, жаңа Салық кодексі ашық әрі теңгерімді салық жүйесін құруға, салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға және кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Кездесудің жеке бөлігі мемлекеттік кірістер органдарының цифрлық сервистерін дамытуға арналды. Қатысушыларға азаматтар мен бизнестің мемлекетпен өзара әрекеттесуін жеңілдетуге, процестерді автоматтандыруға және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған заманауи цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстары туралы айтылды.
Ашық диалог форматында вице-министр тұрғындар мен бизнес өкілдерінің салық заңнамасындағы өзгерістерге, арнайы салық режимдерін қолдануға, мемлекеттік кірістер органдарының цифрлық сервистеріне, салықтық әкімшілендіруге және кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына қатысты сұрақтарына жауап берді.

Кездесу қорытындысында Ержан Біржанов мемлекет пен азаматтар, кәсіпкерлер арасындағы тікелей өзара әрекеттесудің маңыздылығын атап өтті:
«Ашық диалог уақытылы кері байланыс алуға, бизнес пен азаматтардың ұсыныстарын ескеруге, сондай-ақ жүргізіліп жатқан реформалардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Біздің ортақ міндетіміз – экономиканы дамытуға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға қолайлы жағдай жасау», – деді вице-министр.
Осындай кездесулер мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы ашық диалогты нығайтуға, сондай-ақ халықтың жүргізіліп жатқан экономикалық және салықтық өзгерістер туралы хабардарлығын арттыруға ықпал етеді.