Бұл туралы ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Әлеуметтік желілер мен пабликтерде Қазақстанда курьер болып қосымша жұмыс істейтін аналарды бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдерден айыру жоспарланып жатқаны туралы ақпарат тарауда. Ресми мәлімет бойынша бұл хабарламалар шындыққа жанаспайды.
Бала күтімімен айналысатын жұмыс істемейтін ата-аналарға бала бір жарым жасқа толғанға дейін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы республикалық бюджеттен төленеді. Бұл төлемдер шартсыз болып табылады және алушының кейіннен жұмысқа орналасуына қарамастан, бала бір жарым жасқа толғанға дейін толық беріледі. Ал міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы (ресми жұмысы бар) ата-аналарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бала туғанға дейінгі соңғы екі жылдағы орташа айлық табысының 40 пайызы көлемінде төлем тағайындалады.
Әлеуметтік кодекс нормаларына сәйкес жұмысқа қайта шығуына байланысты бұл төлемдерді тоқтату тек алушының өз еркімен берген өтініші негізінде жүзеге асады.
Осыған орай министрлік азаматтарды тек уәкілетті мемлекеттік органдардың ресми ақпаратына сенуге, сондай-ақ БАҚ өкілдері мен блогерлерді халықты жаңылыстыратын тұжырымдардан аулақ болуға шақырады.